• Валюта бағамы: USD 326 | EUR 382.2 | RUB 5.29 | CNY 51.05 |

Доллар туралы 7 дерек

0

Доллар — әлемдік қаржы жүйесіндегі ең танымал және негізгі валюта. Супермаркеттен күнделікті доллармен сауда жасамасаңыз да, америкалық валютаның қандай екенін білетініңіз анық. Бізде доллардың құны 300-дің үстінде болғанымен, шетелдік валютаның бір банкнотасын басып шығару үшін бар болғаны 5,7 цент жұмсалады екен. 7kun.kz назарларыңызға әлемдегі негізгі валюта туралы өзге де қызықты деректерді ұсынады. 

Фото:dni.ru

Доллар — АҚШ-тың ғана ресми валютасы емес

Сальвадор, Шығыс Тимор, Эквадор, Зимбабве және Маршалл аралдары секілді 15-ке жуық елде доллар ресми валюта болса, Гуам, Палау, Пуэрто-Рикода АҚШ-тың доллары жергілікті валюталармен бірге заңды түрде қолданылады. Қазіргі таңда шығарылатын доллардың 2/3 бөлігі әлем бойынша тарап кеткен. Себебі, халықаралық сауданың 80%-ы доллармен жүзеге асырылады. Бірақ валюта бүгінгідей статусына Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана ие болды. Оған дейін әлемдік қаржы нарығында ағылшындық фунт стерлинг үстем құрған еді.

 «Баксы» жаргон сөзі бұғы терісінің атауынан шыққан

Ағылшын тілінен buck сөзі бұғының терісі болып аударылады. Үндістер тұз, оқ-дәрі, ішімдік секілді т.б. қажетті заттарын бұғының терісіне айырбастап алатын. Bucks сөзін көне заманның шарап құдайы Бахустың атымен де байланыстырады. Ал «greenbacks» атануына себеп болған «American Bank Note Co» баспа орталығы. Долларды басып шығаруға тапсырыс келген сәтте оларда тек жасыл түсті бояу болғандықтан, ұлттық валютаның түсі жасыл болып басылды. Осылайша »green»(жасыл) атауға ие болды.

«Доллар» немістің «Taler» сөзінен туындаған

Ең алғаш «доллар» аталған АҚШ-тың банкноттары емес 1567 — 1571 жылдары айналымда болған шотланд тиындары еді. Ал доллардың пайда болуына себепші болған талерды Америкаға нидерландық қоныстанушылар әкелді. «Доллар» АҚШ-тың ресми валютасы болып 1794 жылы бекітілсе, $ — таңбасын осыдан шамамен 237 жыл бұрын кәсіпкер Оливер Поллок алғаш қолданды деген болжам бар. Ол соғыс кезінде испандықтардан қару-жарақ сатып алып, есеп кітапшасына испан песосын толық жазбай P, S әріптерінен құралған $ таңбасын қолданған.

proverka-kupyr-1024x682
Фото:vashbaks.ru

 Долларды зығыр мен мақтадан жасайды

Доллар басылатын қағаздың құрамына 25% зығыр, 75% мақта және аз мөлшерде синтетикалық талшықтар кіреді. Банкноттың құнына қарамастан барлық доллардың салмағы шамамен — 1 грамм болады. Зерттеушілердің айтуынша банкноттар 4 мың рет бүктесен де жыртылмайды. Дегенмен әр банкноттың жарамдылық мерзімі бар. 100 доллар — 5 жыл, 20 доллар — 25 ай және 1 доллар — 18 ай қолданылады.

Ең көп тараған банкнот — 1 доллар

АҚШ-та көп қолданылатын 1 доллар мен 20 доллар болса, әлемнің өзге елдерінде 100 доллар жиі пайдаланылады. Барлық басылып шыққан банкноттардың 50%-ы 1 доллар екен. Ал бірте-бірте айналымнан шығып бара жатқан екі долларлық купюра соңғы рет 2003 жылы басылған. Айта кетейік, доллар бетіне әйелдің портреті тек бір рет қана — 1886 жылы шықты. 1 доллар номиналындағы банкнотқа Марта Вашингтон бейнеленген еді.

 Әр монета мен банкнотта «In God We Trust» деген жазу бар

«Біз Құдайға сенеміз» деген жазба АҚШ-тың монеталарында алғаш рет 1864 жылы пайда болды. Бұл жазу заң жүзінде банкноталарда міндетті түрде басылуын тек 1956 жылы 30 шілдеде президент Дуайт Эйзенхауэр бекіткен. Атеистердің шағымдары мен наразылықтарына қарамастан жазу әлі күнге дейін басылып келеді.

2440554-us-twenty-dollar-bills-white-house-in-god-we-trust

 Күн сайын 35 млн. банкнот шығарылады

АҚШ күнделікті айналымға 635 млн. долларды құрайтын әр түрлі құндылықтағы 35 млн банкноталарды шығарады. Сондай-ақ, осы сомадағы тозған қолма-қол ақшалар күн сайын ауыстырылады. Ал айналымдағы доллардың жалпы көлемі 972 млрд. долларды құрайды. Бір қызығы банкноттар бетіндегі Эндрю Джексон (20 доллар), Авраам Линкольн (5 доллар), Джордж Вашингтон (1 доллар) секілді тұлғалардың барлығы АҚШ-тың президенті немесе министрі болған, тек бәрімізге таныс 100 долларда бейнеленген Бенджамин Франклин ғана ағартушы, мемлекет қайраткері, ғалым және редактор. Оның типографиясында алғашқы американдық доллар басылған.

Фото:stringer-news.com

Айнұр ЗАМАНОВА 

Пікір қалдыру