• Валюта бағамы: USD 365.49 | EUR 420.35 | RUB 5.6 | CNY 52.66 |

Тарифтердің өсуі алаңдатып отыр

0

crop_img-3502_1474024683«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы,Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті (ҰЭМ ТМРБҚК) және кәсіпкерлер дөңгелек үстел басында жүздесті, деп хабарлайды palata.kz.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның басшылығымен дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелде ТМС (табиғи монополиялар субъектілерінің) қызметтеріне арналған тарифтердің қазіргі жағдайы талқыланды. Талқылауға ірі компаниялардың басшылары, бірлестіктер мен қауымдастықтардың кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ ҰЭМ ТМРБҚК басшысы Серік Жұманғарин қатысты.

Юлия Якупбаева атап өткендей, ҰКП «брейн-сторминг» (миға шабуыл) режиміндегі осындай бейресми кездесуді коммуналдық қызметтерге тарифтердің өсуі, сондай-ақ қолданыстағы тарифтерге сәйкес инвестициялық бағдарламалардың іске асуына қатысты, оның ішінде  девальвациялық процестерге де байланысты, әр өңірден келіп түскен өтініштерге жауап ретінде ұйымдастырып отыр. «Кәсіпкерлік субъектілері үшін монополистердің қызметтеріне, тарифтерді қалыптастыру принциптері туралы, шағын және орта бизнес өкілдері тарапынан  өтініштер келіп түсуде. Тұрғындарға арналған тарифтері бар кәсіпкерлік сектор үшін тарифтерді теңестіру ұсынылады. Алдағы жылыту маусымына байланысты жалпы үйлерге арналған есептеу құрылғыларын орнату және сараланған тарифтерді қолдану мәселелері бойынша көптеген сауалдар туындап отыр», – деді ол.

Өз кезегінде сөз алған ҚР ҰЭМ ТМРБҚК басшысы С.Жұманғарин, «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының жаңа заң жобасын әзірлеу бойынша, қазіргі таңда жұмыс тобы құрылып жатқанын хабарлады. Ол тарифтерді қалыптастыру әдістеріне және тариф белгілеудің ынталандыру әдістерін енгізуге бағытталмақ. Жаңа заң жобасын әзірлеу жұмыстарына қазақстандық және шетелдік сарапшыларды тарту жоспарланған.

Тарифтердің өсуі барлық ТМС (табиғи монополиялар субъектілерінің) қызметін тұтынушыларды алаңдатып отыр. Өйткені ол өнімнің бәсекеге қабілеттілік деңгейіне, қызметтер мен кәсіпкерліктің барлық субъектілерінің жұмыстарына тікелей әсер етеді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар шығынды әдістен арылуға қолдау білдіріп, шектік тарифтерді қолдану тәжірибесін жалғастыру қажеттілігін атап өтті. Сондай-ақ, кездесу барысында, тұтынушылар тобы мен тәулік белдеулері бойынша сараланған тарифтердің есептеу әдістемелерін қайта қарау қажеттілігі белгіленді.

Қазіргі дағдарыс жағдайында тарифтердің деңгейі экономикалық жағдайларға, табиғи монополиялар субъектілеріне әсер етеді. Өйткені девальвациялық процестер нәтижесінде, халықаралық қаржы ұйымдарының несие қолдауымен инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыратын көптеген табиғи монополиялар субъектілері де қиын жағдайға тап болған. Сол себепті жиынға қатысушылар ұлттық валютадағы несиелерді қайта қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру туралы пікірлерін білдірді.

Бұл ретте дөңгелек үстелге қатысушылар, шетел валютасындағы несиелерді  тартқан монополистердің тарифтерді индекстеу мүмкіндігіне үзілді-кесілді қарсы шықты.

Бұл алаң тұрақты түрде жұмыс істейтін болады деп жоспарланып отыр. Коммуналдық саладағы тарифтерді белгілеу мәселелерімен қатар көлік саласында тарифтерді қалыптастыру мәселелері және монополистердің әрекетіне тұтынушылардың шағымдары және тағы басқа түйткілдер қаралады.

Пікір қалдыру