• Валюта бағамы: USD 365.49 | EUR 420.35 | RUB 5.6 | CNY 52.66 |

Қазақтың ұшқыш қыздары

0

Қазақтың ұшқыш қыздары

Екінші дүниежүзілік соғысқа 600 мыңдай қыз-келіншек қатысыпты.

Олардың көбі госпитальдарда медқызметкер, майданда байланысшы қызметінде болды. Қан майданның қақ ортасында жүріп, ер-азаматтармен бірге барлаушы, мерген, пулеметші, ұшқыш, атқыш болып, соғыста ерлігімен көзге түскен қыздар да жоқ емес. Мысалы, қазақтың Әлиясы мен Мәншүгі. Сол секілді шайқаста қазақ қыздары авиация саласында қызмет етіп, қаһармандығымен аты шықты. Сондай ұшқыш қыздарымыздың қатарында Хиуаз Доспанова, Дәмелі Жәкеева, Мәдина Ысқақова, Қамқа Үмбеталина секілді апаларымыз болды. Әрине, Хиуаз апаны бүкіл ел біледі. Қалған апаларымыз туралы ел не біледі? Олар қай майданда соғысты? Қандай ерлігімен танылды? Әңгімеміз Жеңіс күнін жақындатқан осы арулар төңірегінде өрбиді.

Бұрын қазақтың қаһарман қыздары дегенде Әлия мен Мәншүкті ғана білетінбіз. Кейінгі жылдары үшінші болып Хиуаз Доспанова қосылды. Өмірінің соңғы жылдарында ерлігін ел болып мойындап, Халық Қаһарманы атағы берілді.
Хиуаз Доспанова 1922 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданында дүниеге келді. 1940 жылы Оралдағы мектепті үздік бітіріп, запастағы ұшқыш куәлігін алды. Сөйтіп, Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына аттанды. Алайда, жолы болмай Мәскеудің медициналық институтына түсті. Дәл осы кезде соғыс басталып, Хиуаз майданға медбике болып баруға сұранды. Осы кезде атақты ұшқыш Марина Раскованың авиация тарихында тұңғыш рет қыз-келіншектерден авиаполк құрып жатқандығын естіп, сонда асықты. Хиуазды осы полктің жауынгерлер құрамына қабылдап, Саратовтағы әскери әуе училищесіне жіберді. Сол жерден штурмандар даярлайтын арнайы курсты бітірді. Сөйтіп, 1942 жылдың 27 мамырынан бастап Оңтүстік майданда шайқасты.
Хиуаз апаның соғыста алған ең алғашқы атағы – «Қызыл жұлдыз» ордені. Бұл орденді Кавказ майда­нындағы 218-ші бомбалаушы әуе дивизиясына қарасты 588-ші түнгі жеңіл-бомбалаушы әуе полкі құрамында жүріп алды.
«У-2» ұшағының штурманы, сержант Хиуаз Доспанова 1942 жылдың 9 шілдесі мен 27 қыркүйегі аралығында 102 рет түнгі әуе шайқасына қатысып, техника мен тірі жанның түгін қалдырмайтын 15 902 келідей түрлі бомба тастаған. Атап айтқанда, Кизляр, Нижний Курп, Павлодольский, Терский, Малгобек, Хамидия, Моздок, Белореченск, Дигора пункттерін бомбалаған. Бәрінде де жау нысанын жойып, өртке ораған. Осы ерліктері үшін сержант Доспановаға 1942 жылдың 26 желтоқсанында «Қызыл жұлдыз» ордені берілді.
Бұдан кейін Хиуаз Доспанова 132-ші бомбалаушы әуе дивизиясы құрамындағы 46-шы гвардиялық Таманган түнгі бомбалаушы әуе полкіне ауысты. 1942 жылдың 27 мамырынан бастап 272 рет түнгі әскери әуе шайқасына қатысып, 32 100 келідей түрлі калибрлі бомба тастады. Соның 168-інде 38 пунктті өртке орап, 28 рет жойқын жарылыс жасады. Атап айтқанда, Мелеховская, Гостогаевская, Ахтани­зовская, Пересыпь, Аджим-Ушкай мекендеріндегі жау нысандарын жойды. Осы өжеттігі үшін штурман, кіші лейтенант Х.Доспанова 1944 жылдың 22 ақпанында «Қызыл Ту» орденіне ұсынылды. Алайда, Хиуазды «Қызыл Ту» емес, «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапаттады. Осы жылдың 23 қыркүйегінде гвардия лейтенанты Х.Доспанова «Кавказды азат еткені үшін», артынша «Варшаваны азат еткені үшін» медалдарын алды.
Елге оралған соң Алматыдағы Жоғары партия мектебін бітіріп, ел басқару ісіне араласты. ЖЛКО Орталық комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болды. Алайда, 37 жасында зейнетке шықты.
2004 жылы Хиуаз апамызға «Халық Қаһарманы» атағы берілді. 2008 жылдың 20 мамырында өмірден өтті.
Дәмелі Жәкеева да қазақтың ұшқыш қызы болатын. Дәмелі мен Хиуаз апалар түйдей құрдас. Соғыста алған атақтары, соғысқан жерлері бірдей. Бірақ екі бөлек әуе полкінде шайқасқан.
Дәмелі Жәкеева 1922 жылы Қарағанды облысында дүниеге келді. Майданға өз өтініші бойынша 1942 жылдың жазында алынды. Алдымен Саратовтағы Вольск авиациялық училищесінде төрт айдай білім алды. Мұнда Дәмелі апамыз бомбалаушы ұшақтарды қару-жарақпен жабдықтайтын механик мамандығын меңгерді. Сонда жүріп қосымша атуды да үйренді. Сөйтіп, 1942 жылдың тамызында Сталинград майданын­дағы 944-ші авиациялық полкке қабылданды. Бұл полкте үш эс­кадрилия, әрқайсысында үш топтан болатын. Полктің 30-ға жуық әскери ұшағы бар еді. Дәмелі осындағы 1-ші эскадрилияның 2-ші тобының әскери жарақтандыру мастері қызметін атқарды.
Кіші сержант Жәкеева 1942 жылдың тамызы мен 1944 жылдың қаңтары аралығында Сталинград, Оңтүстік және Солтүстік Кавказ майдандарында соғысты. 1944 жылдың тамызынан бастап Екінші Балтық жағалауы, Ленинград және Бірінші Белоруссия майдандарында болып, 360 әскери ұшақты, оның ішінде «ИЛ-2» ұшағын – 275, «ПЕ-2» ұшағын 85 рет көкке әуелетті.
1943 жылдың 16 тамызы күні сержант Жәкеева «ИЛ-2» ұшағын жарақтандырып жатқан кезінде төбеден жаудың әскери барлаушы ұшақтары төніп келіп, аэродромды атқылады. Сол кезде оң қолынан ауыр жарақат алып, бір саусағынан айырылды. Госпитальда жатып шыққаннан кейін, Солтүстік Кавказ майданындағы 188-ші бомбалаушы әуе дивизиясының 367-ші әуе полкіне ауыстырылды. 1944 жылдың соңында қарай Дәмелі осы полктің «ПО-2» бомбалаушы ұшағының атқышы болып бекіді. Ол кезде полк Екінші Балтық майданында шайқасып жатқан болатын. Дәмелі Жәкеева жаңа полк құрамымен Шауляй, Каунас мекендерін жаудан азат етуге атсалысты. 1945 жылдың басында Польшаны азат еткен әскери бөлімдермен бірге, Германия астанасына дейін жетті. Сөйтіп, Жеңіс күнін Берлинде қарсы алды.
Д.Жәкееваға 1944 жылдың 28 тамызында Солтүстік Кавказ майданындағы 132-ші бомбалаушы әуе дивизиясының 367-ші әуе полкі құрамында көрсеткен қайсарлығы үшін «Кав­казды азат еткені үшін» медалі берілді.
Ал 1944 жылдың 28 сәуі­рінде «Сталин­град­ты азат еткені үшін» медалімен марапатталды. 1945 жылдың 14 мамырында гвардия кіші сержанты Дәмелі Жәкеева «За боевые заслуги» орденін иеленді. Сондай-ақ «І дәрежелі Отан соғысы» орденінің иегері болды. Бір қызығы, екеуі екі бөлек әуе полкінде болса да қазақтың қос ұшқышы Хиуаз бен Дәмелі апаларымыз бір-бірімен жақын араласыпты. Тіпті Хиуаз апамыздың бірінші топтағы мүгедектігін алуға осы Дәмелі апа көмектескен екен.
Өмірі ұшақпен байланысты болған тағы бір қазақ қызы – Мәдина Ысқақова. 1924 жылы Көкшетау облысы Сандықтау ауданында дүниеге келді. 1942 жылы 17 жасында өз еркімен соғысқа аттанды. Кемерова қаласындағы әуе байланысы мектебін бітірді. Арманы ұшқыш болу еді. Алайда, арманы орындалмай ұшақ механигі куәлігіне ғана қол жеткізді. Сөйтіп, 240-шы жойғыш авиация полкіне қабылданып, үш мәрте Кеңес Ода­ғының батыры, атақты ұшқыш Иван Кожедубтің жеке механигі болды.
1944 жылдың жазында полк 178-ші гвардиялық жойқын авиация полкі болып қайта жасақталды. Мәдина соғыс біткенше осы полк құрамында шайқасып, Кожедубтың ұшағын дайындады. Будапешт, София, Вена, Курск, Орел, Белгород қалаларын жаудан азат етуге қатысты.
Иван Кожедуб 330 рет әскери әуе шайқасына қатысып, жаудың 62 ұшағын жойғаны үшін үш мәрте Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Батырдың осы жетістігі мен жеңісінде Мәдинаның да үлесі болғаны анық.
Мәдина өзі де Кожедубпен бірге бірнеше рет әуеге көтеріліп, жау ұшақтарын жоюға қатысты. Алайда, оның ерліктерін есептеп отырған ешкім болмады. Дегенмен, майданнан құралақан оралған жоқ. Соғыстағы өжеттігі үшін «Ерлігі үшін» медалімен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Соғыста бірнеше рет тұтқынға түсті. Мәдина ерлігінің ұмыт болуы осы тұтқында болуымен тікелей байланысты.
Мәдина апамыз Жеңіс күнін Прагада қарсы алды. Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысты. Елге оралғаннан кейін Айыртауда біраз жыл сауыншы болып ел қатарлы қызмет етті. Мәдинаның ерлігі туралы ел кейін білді. 1985 жылдың мамырында үкімет «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденін тағайындады. Алайда, осы жылы Мәдина Ысқақова дүниеден өтті.

Екінші дүниежүзілік соғыстағы ұшқыш қыздарымыздың бірі Қамқа Үмбеталина болатын. 1923 жылы Орал облысының Тайпақ ауданында дүниеге келді. 1942 жылы Атыраудағы орта мектепті бітіріп, бірден Украина майданына шақыртылды.
Әскердегі қызметін Воронеждегі әуе қоймасын күзетуден бастаған Қамқа шайқастарға қатыса жүріп, кейін Орынбор, Чкалов, Челябинск, Омбыдағы ұшқыштар даярлайтын курсты тәмамдады.
Артынша Германияның одақ­тасы Жапонияға қарсы соғысып жатқан Бірінші Шығыс майданына ауыстырылды. Сөйтіп, 9-шы әуе армиясының 583-ші әуе қойма­сы­ның бомбалаушы ұшақты бомбамен жарақтандырушысы болды.
Бірнеше рет әскери әуе шай­қасына қатысып, жау шебін жайратты. Аға сержант шенін алды. Со­ғыста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, сондай-ақ, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медалдарымен марапатталды.
Қамқа апай Жеңіс күнін сол Бірінші Шығыс майданында қарсы алды. Соғыс біткеніне қарамастан, 583-ші әуе қоймасын күзетіп, бомбаларға бас-көз болды.
1945 жылдың қарашасында ғана елге оралды. Соғыстан кейін бірден ел ісіне араласты. 1945 жылдың 17 жел­т­оқсанында Атыраудағы «Қазақ­станмұнай» мекемесінің орталық ғылыми-зерттеу зертхана­сында зерт­ханашы болып қызметке тұрды. Кейін инженер қызметіне дейін жоғарылап, бірқатар кен орын­да­рының ашылуына себеп­кер болды. 1965 жы­лы зей­нет­ке шықты. Бү­гін­­де тоқ­санның тө­ріне шыққан Қамқа әже Маң­ғыстау об­лы­сында тұрады.

P.S Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының батырлары Марина Раскова, Валентина Гризодубова, Полина Осипенко, Евдокия Бершанская, Ирина Себрова, Валерия Хомякова, Лидия Литвяк секілді ұшқыш қыздар қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Олардың есімін бүгінде бәрі біледі. Режиссер Михаил Кабанов соғыста ерлік көрсеткен атақты 46-ншы гвардиялық түнгі бомбалаушы әуе полкінің ұшқыш қыздарына арнап «Түнгі қарлығаштар» сериалын түсірді.  Ал біз не істедік? Ең болмаса, ұшқыш қыздарымыздың ерлігін бағалай алмадық? Біздің жаужүрек қыздарымыз жоғарыда аты аталған орыстың батыр қыздарынан кем түспеді. Бірақ соны бағалауға келгенде кемдік жібердік. Бұл өкініш емей немене?

Серікбол Хасан

Дерек көзі: aikyn.kz

Пікір қалдыру