Әлеуметтік парақшаларда қазақстандық оқулықтарда жоқ жалған суреттерді жариялағандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды, — деп хабарлайды 24kz.
Білім және ғылым министрлігі Ішкі істер органдарына тиісті арыз түсірген.
Ерлан Сағадиев қоғамда дау-дамай тудырған мәселеге қатысты осындай пікір білдірді.
Министр барлық түйткіл Парламент қабырғасында заңнамалық деңгейде қаралатынын жеткізді.
Ол үшін «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталық өкілдері барлық өңірлерді аралап, аталған кітаптардың мазмұнына қатысты наразылық танытқан ата-аналармен және ұстаздармен кездесу өткізеді.
Кейін барлық ұсыныс пен ескертулер жиналып, талқыға салынатын болады.
Ерлан Сағадиев ҚР Білім және ғылым министрі:
— Осы мәселе бойынша министрлік жұмыстар атқарып жатыр. Барлығы анықталған соң, ақпаратты сіздерге міндетті түрде жеткіземіз.
Сондай-ақ Ерлан Сағадиев электронды журналдарды қолданысқа енгізген мектептерге қағаз журналдарды пайдалануға тыйым салынатындығын айтты.
Министр Үкімет отырысында «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
Биыл 7 мыңнан аса мектепте интерактивті сабақтарды 3 тілде жүргізуге мүмкіндік беретін жүйе енгізілген.
Ғылыми гранттарға тапсырыс пен есепті электронды жүйеде қабылдау жұмыстары да іске асып жатыр.