• Валюта бағамы: USD 327.42 | EUR 383.51 | RUB 5.29 | CNY 51.26 |

Нығматулин үй мен мектеп салу арқылы экономиканы көтеруді тапсырды

0

Бүгін Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста бюджет заңнамасын жетілдіруге бағытталған түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды, — деп хабарлайды Naryk.kz.

Талқылауды қорытындылай келе, Мәжіліс Спикері заң жобасының бюджет шығыстарының тиімділігін түбегейлі арттыруға және бюджеттік рәсімдерді оңайлатуға бағытталғанын алға тарта келіп:

-Бізге нақты нәтиже керек. Ол тұрғын үйлер, мектептер, бала-бақшалар, ауруханалар салу. Сонда ғана Елбасының бөлінген қаржылар экономиканы дамытуға, азаматтарды жұмыспен қамтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмыс істеу керектігі жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырамыз,-деді Н. Нығматулин.

Заң жобасында бюджеттік бағдарламаларды іске асыруды оңайлату және мемлекеттік органдардың дербестілігін арттыру, есепке жазу әдісімен бюджеттеуді біртіндеп енгізу, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борышты реттеуді күшейту, ІТ-жобаларын, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құру, дамыту үшін қажетті құжаттаманы дайындау рәсімдерін оңайлату бағыттары бойынша түзетулер қамтылып отыр.

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бюджеттің игерілу жайына айрықша назар аударды. Атап өткендей, бұл ретте Елбасының нақты нұсқауларын жүзеге асыру өте маңызды.

Осыған орай Ұлттық экономика министрлігі өкілдерінің бюджет заңнамасын жетілдіруге қатысты бірінші оқылымда ұсынған түзетулер кезінде Мәжіліс депутаттары бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына қатысты сұрақтарды назардан тыс қалдырмады.

— Бюджет қаржыларының тиімсіз игерілуіне қатысты нақты өлшем болу керек. Әйтпесе, сіздер Бюджет Кодексінде түсінік ретінде ұсынып отырған «нәтижелілік», «жауапкершілік», «перспективті» сияқты жалпылама сөздер ауқымды мемлекет қаржысын бөлу кезінде нақты дәлел бола алмайды. Өйткені, олардың ешқайсының тәжірибелік, қолданбалық сипаты жоқ. Ал, субьективті бағалаудың соңы жақсылыққа апармауы мүмкін. Егер қаржы бір мемлекеттік органнан басқа органға қайта бөлінетін болса, не үшін олай болғанына, не себептен тиімсіз орындалғанына және соңғы нәтижесінің қалай болғандығына жауап беруіміз керек. Осыдан кейін ғана жеке жауапкершілікке қадам жасай аламыз,-деді Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке қарата сөйлеген сөзінде.

Одан әрі Н. Нығматулин екінші оқылымға дейін «тиімсіз орындау» түсінігінің қаржыгерлерге де, қарапайым азаматқа да түсінікті нақты анықтамасын тұжырымдау қажеттігін айтты.
Талқылау кезінде квазимемлекеттік сектор қаражаттар көлемінің Ұлттық экономика министрлігі деңгейінде ғана келісілетіндігі сынға алынды.

Спикердің айтуынша Президент бірнеше мәрте Үкіметке бақылауға алуға тапсырған мемлекеттік займ мәселелері тағы да министрлік деңгейіне түсіп отыр.

Министрлік ұсынып отырған редакция Елбасының бюджетті бақылау жөніндегі нұсқауларымен сәйкес келмейді.

Сондықтан, бұл норманы Президент тапсырмасын есепке ала отырып, қайтадан тиянақтау қажет.

Пікір қалдыру