• Валюта бағамы: USD 319.68 | EUR 392.95 | RUB 5.63 | CNY 50.26 |

10 сотық жер үшін миллион қазақ кезекте тұр

0

1 миллион 300 мың адам 10 сотық жер телімін алу үшін кезекте тұр, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы бүгін ҚР ИДМ Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлім етті.

«Әкімдіктерде баспана кезегінде 450 мың адам, 10 сотық жер телімін алуға 1 миллон 300 мың адам тұр. Айта кетерлігі, мемлекет құрылыс жұмыстарын жаппай қолға алғаннан кейін барлық жерде де кезек саны арта түсті. Кезекте тұрған 450 мың адамның 25-30 пайызы бюджет, мемлекеттік қызметкерлері дәрігерлер мен мұғалімдер, шамамен 25-30 пайызы халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобы зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар және ол 11 санатқа бөлінеді», — деді Жайымбетов.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі салымшыларының саны миллион адамға жуықтаған.

«Шын мәнінде бағдарлама жұмыс істеп тұр. Халық та қызығушылық танытуда. Әрине, бұл бағытта мемлекеттің де көмегі бар», — деді комитет басшысы.

Жайымбетовтың сөзіне қарағанда, «Нұрлы жер» бағдарламасының бір бағыты жеке тұрғын үй салушыларды қолдау шараларын көздейді.

«Бұл бағдарлама кешенді, ұзақ мерзімге арналған. 15 жылдың ішінде 1 трлн 800 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның ішінде 1 трлн 200 млрд теңге жаппай жеке тұрғын үйлер салынатын аудандарға инфрақұрылым тартуға жұмсалады. Жалпы, Тәуелсіздік алған 1991 жылдан  бастап 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін елімізде 1 млн пәтер салынды. Демек жылына орташа есеппен 40 мың пәтер деген сөз. Ал біз 15 жылдың ішінде 1,5 млн баспана салмақпыз», — деді ол.

 

Пікір қалдыру