• Валюта бағамы: USD 356.54 | EUR 419.43 | RUB 5.42 | CNY 51.86 |

Құланда құрама жем зауыты іске қосылды

0

Елімізде құрама жем өндіретін 46 кәсіпорын бар екен. Бұл тұтыну сұранысының 26 пайызын ғана қамтиды. Демек, бұл сала әлі де өріс ала қойған жоқ. Дәл бүгін облысымызға құрама жем Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарынан келеді. Зоотехник мамандардың айтуынша соңғы 20-25 жылда малына құрамында бай компоненттері бар (комбикорм) азық беретіндердің қатары сиреп барады. Ал, төрт түлік мал мен құсқа берілетін жемнің құрамында жүгері, жымық, сұлы, трикальцийфосфат, тұз, бор, балық пен ет, сүйек ұны, әк тағы да басқа витаминдер мен микроэлементтер көп болса арық, әлсіз деген малдың өзі кез келген ауруды аса елемейді, оның сүйегі де ірі болып өседі және жедел семіреді. Осыны жете меңгерген «Құнар жем» жекеменшік кәсіпорны «Ауыл-шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 20 миллион теңге несие алып, Ресейдің «Дозагро» компаниясы шығарған қазіргі заманғы өнімділігі жоғары құрама жем шығаратын қондырғысын сатып алып, жақында оны іске қосты.

Осы ілкімді істің басында жас кәсіпкер Дәурен Құрамысов жүр екен. Біз жаңа кәсіпорынның жұмысын көруге барғанымызда ол зауыттың технологиялық процесін түсінікті етіп айтып берді.

– Несиені он жыл мерзімге 6,5 пайызбен алдық, –дейді Дәурен.

– Алған несиенің 30 пайызын мемлекет субсидиялап, өзі төлейді. Қазірдің өзінде зауыт 20 тоннадан астам жем шығарып үлгерді. Бірінші күннен-ақ, құрама жемге деген сұраныс көбейе бастады. Бізбен келісім-шартқа тұрған кооперативтерге жемдіарзандатылған бағамен сатамыз. Мәселен, Несіпбек Әлібаев басқарып отырған «Көгершін-2017» кооперативі 200 өгізшені семіртіп байлауда. Ол бізбен келісім шартқа тұрды, — дейді кәсіпкер.

Зауыт ауласында жүз шақты гисар тұқымды қойы бордақылауға қойылыпты. Зауыт орталық мал базарына жақын орналасқан. Бұл алымсақтарға бордақыланған семіз малды таңдап алуына мүмкіндік береді. Дәуренмен серіктес «Бибол» шаруа қожалығы келешекте қой ғана емес, ірі қара мал, жылқы, тіпті бройлер өсіруге ниет білдіріп отыр. Зауытта әзірге үш жұмысшы бар. Оператор Жарас Тілеуқұлов, жұмысшылар Талғат Башкеев пен Ержан Әлденбаевтың қолы бір босамайды. Өйткені, жем алу кезегінде тұрғандардың саны күн санап өсіп келеді. Жас кәсіпкер газеттерге жарнама беріп, мекемелер мен қожалықтарға өз өнімдері туралы буклет таратып жүр. Нағыз ілкімді кәсіпкер деп осыларды айтса болады. Айту ләзім, жем сатып алушылар үшін азықтың алты түрі көрнекті жерге қойылған. Мәселен, жұмыртқалайтын тауық пен семіртілуге қойылған тауықтың жемінің рационы екі бөлек. Бірақ дәрумендерге өте бай. Қой мен сиырдың, бұқа мен өгізшенің азықтық рационы да арнайы рецепт бойынша жасалғаны көрініп тұр.

Сонымен, ауданымызда осымен екінші құрама жем зауыты іске қосылып, жұмыс істей бастады. Іске сәт! Бұл әрине, мал шаруашылығындағы ет, сүт, жұмыртқа өндіру бағытында жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге үлкен қолдау болады деп ойлаймыз.

                                                                                                                                                           С. Қожеке

Суреттерде:

Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі — Әлдібек Туғанбаев

Жас кәсіпкер — Дәурен Құрамысов

Суреттерді түсірген — Т.Досбембетов.

 

Пікір қалдыру