• Валюта бағамы: USD 361.66 | EUR 409.51 | RUB 5.41 | CNY 52.36 |

Құлыбаев: Кәсіпкерлерге кедергі жасайтын мемлекеттік қызметкерлерге жазаны күшейту қажет

0

Астанада өтіп жатқан Бизнесті қорғау бойынша II форумда «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев кәсіпкерлердің жұмысына кедергі жасайтын мемлекеттік қызметкерлерге жазаны күшейту қажеттігін айтты, деп хабарлайды Baq.kz.

«Біз жыл сайын кәсіпкерлерден өтініш жинаймыз. Олар бізге өз мәселелерін айтады. Біз оны жүйелендіреміз. Осы күнге дейін біздің бақылауымызда 571 сұрақ болған. Біз Бас прокуратура, мемлекеттік органдармен бірігіп, аталған мәселенің үштен екісін шештік. Қазіргі таңда біздің қарауымызда 150 сұрақ бар. Ол жұмысты жалғастырудамыз. Әрине, бұл мәселеде – мемлекеттік қызметкерлердің рөлі зор. Олардың – жауапкершілігі өте маңызды», — деді ол.

Осы орайда Тимур Құлыбаев Бас Прокуратурадан көмек сұрады. Оның пікірінше, кейбір мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлердің жұмысына кедергі жасайды.

«Біз Бас прокуратураны осы мәселеге назар аударуға шақырамыз. Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірігіп жұмыс істеудеміз. Ондағы мақсат – кері байланыс орнату. Мысалы, салық қызметкерлері кәсіпкерлерге салықты төлеу бойынша талапты жоғарылатады. Салдарынан ол іс сотқа барады. Адамдар уақытын, қаржысын жоғалтады. Олар өз ісімен айналысудың орнына мемлекеттік органдардың айыптарын теріске шығарумен болады», — деді ол.

Осы орайда «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін күшейту қажеттігін алға тартты.

«Біз мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі күшейгенін қалаймыз. Статистиканы қарап шықтық. Бүгінде мемлекеттік қызмет туралы заңда олардың өз жұмысында неге жауап беретіні жөнінде нормалар көрсетілген. Өкінішке қарай, іс-жүзінде кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіргендері дәлелденген жағдайда оларға әкімшілік, тәртіптік жаза ғана тартылады. Біз осындай азаматтарды жазалауымыз қажет. Заңда осындай азаматтарға қатысты жазаны күшейту керек. Себебі, кәсіпкерлер қорғалатынын сезінуі қажет», — деп түйіндеді сөзін Тимур Құлыбаев.

Пікір қалдыру