• Валюта бағамы: USD 378.01 | EUR 420.88 | RUB 5.84 | CNY 54.64 |

Жамбыл облысында Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы талқыланды

0

Бүгін «Баласағұн» ОКЗ-да Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге арналған идеологиялық актив жиналысы өтті,- деп хабарлайды zhambylnews.kz ақпараттық агенттігі.

Естеріңізге сала кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 10 басым бағытты атаған болатын: индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс, ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту, «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, қаржы секторын «қайта жаңғырту», адами капитал – жаңғыру негізі, тиімді мемлекеттік басқару, жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі, «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін.

– Өткен жылы өздеріңізге белгілі Қазақстанның үшінші жаңғыруы бастау алды. «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы іске асуда.

Қазақстанның жаңа әлем көшбасшыларының қатарына енуі үшін цифрландыру және ел өміріндегі барлық салаларға заманауи технологияларды енгізу – Елбасы Жолдауында ұсынылған мемлекет дамуының негізгі бағыты. Бүгін біз маңызды құжаттың басым бағыттарын Жамбыл облысында атқару бойынша түсіндіру және іске асыру үшін жиналып отырмыз, – деді облыс басшысы Асқар Мырзахметов.

Идеологиялық актив жиналысына облыс әкімінің орынбасарлары, маслихат депутаттары, Тараз қаласы мен аудан әкімдері, облыс әкімдігінің басқарма, аумақтық департаменттер, құқық қорғау органдары, жоғары оқу орындарының басшылары, профессор-оқытушылар құрамы, саяси партиялар, этномәдени орталықтар, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктері, бұқаралық ақпарат құралдары және екінші деңгейдегі банктер өкілдері мен облыстық ақпараттық топ мүшелері қатысты.

Сонымен қатар, Жолдауда айтылған басымдықтар бойынша «КазФосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жамбыл филиалының бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері М. Искандиров, «Меркі ет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Б. Егембердиев, Мұхамед Хайдар Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің ректоры М. Сарыбеков және тағы да басқа спикерлер сөз сөйледі.

Жиын соңында аймақ басшысы Асқар Мырзахметов Жолдаудың негізгі басымдықтарын жүзеге асыру бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді.

Пікір қалдыру