• Валюта бағамы: USD 365.49 | EUR 420.35 | RUB 5.6 | CNY 52.66 |

Жамбыл облысының әкімі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады

0

Жамбыл облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік маңызды нысандарды аралады.
Ірі кәсіпорындар мен нысандардың жұмысымен танысып, алдағы проблемаларды шешуге тапсырмалар берді.
Аймақ басшысы аралаған алғашқы нысан Жамбыл ГРЭС-і болды. Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына өнім шығарып отырған алпауыт кәсіпорын 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорынның дамуына салынған инвестиция көлемі былтырдың өзінде 264 млн теңгені құраған. Мұндағы өзекті мәселе көгілдір отынның тапшылығы және аталған нысанның тоқтаусыз жұмыс жасауына кедергі келтіретін тағы бір жайт — мазуттың бағасы шарықтап кеткендігі болды. Асқар Мырзахметов жауапты басшыларға бағаны ретке келтіріп, еңбек өнімділігін жақсартуды тапсырды.
Аймақ басшысы сондай-ақ, жылына 219 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы Қант зауытының да жұмысымен де танысты.
Мұнан соң өңір басшысы шаһар жұртшылығын жылумен және электр энергиясымен қамтып отырған мекеменің бірі «Таразэнергоорталыққа» барды. Мекемеде былтыр 224,4 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мұнда да проблема көгілдір отынның тапшылығы, бұдан бөлек энергоорталықтың ғимараты тым ескі. Осыған қарамастан, мұндағы шығаратын өнім бағасы басқа өңірлерге қарағанда 20 пайызға арзан.
Асқар Мырзахметов келесіде «Фабрика ПОШ-ТАРАЗ» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Кәсіпорын өңдеу өнеркәсібімен айналысады: жүн жуады, өңдейді, иіреді, оған қоса ТОПС шығарады. Фабрика сонымен бірге сапалы былғары аяқ киім шығарады. Өнімді сату нарығы Қазақстан, Ресей мен Қытай елі. Проблемасы – шикізатты әлдеқайда жоғары бағамен қытайлықтар сатып алуда. Осы мәселенің алдын алу үшін фабрика басшылығы мен әкімдік арасында жылдық жоспар түзілуі керектігін тілге тиек етті өңір басшысы.
Облыс әкімі сонымен бірге, бұрынғы «Шахристан» базарының орнын, «МАРТ» сауда үйін, №4-ші өзбек орта мектебіне де ат басын бұрды. Ал, жақында ғана пайдалануға берілген «Кәсіпкерлер үйінде» жеке кәсібін ашуға ниетті азаматтармен тілдесті. Олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Мұндағы қызметкерлерге орталықтың атына заты сай, бір терезе қағидасы бойынша жедел әрі сапалы қызмет көрсетуге, мейлінше қағазбастылықтан арылуға тапсырма берді.
Облыс әкімі барған келесі нысан облыстық аурухана болды. Мұндағы проблема «Инсульт» бөлімі талапқа сай емес. Аймақ басшысы аталған және тағы да басқа мәселелердің келешекте қарасатырылатынын жеткізді. Асқар Мырзахметов Қайрат Рысқұлбеков саябағында да назар аударуы тиіс бірқатар мәселелерді көтерді. Өңір басшысы 14-ші шағын ауданның жоспарымен танысып, мұндағы салынатын көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатын коммерциялық мақсатқа беруді ұсынды.
Еске сала кетейік, Асқар Мырзахметовтың қаладағы әлеуметтік маңызды нысандарды аралауы бүгін де жаслғасын таппақ.

Пікір қалдыру