• Валюта бағамы: USD 371.31 | EUR 419.32 | RUB 5.59 | CNY 53.83 |

Жамбыл облысында 2 145 ұялы телефон ұрлығы тіркелді

0

Өткен жылы облысымызда 7 052 ұрлық фактісі тіркелген,- деп хабарлайды Zhambylnews.kz. Оның ішінде 2 145-і – ұялы телефон ұрлығы. Бұл туралы Жамбыл облысы ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Самат Құсайынов мәлімдеді.

– 2016 жылмен салыстырғанда ұрлық көлемі 22,7 пайызға төмендеген. Осы тұста аталған қылмыстың азаюы облыстың барлық аудандары мен облыс орталығында бірдей тіркелгенін айта кету қажет. 

Жоғарыда аталғандай, ұрлық фактілерінің бір бөлігі ұялы телефон ұрлығымен байланысты. Десе де, бұл бағыттағы қылмыстардың да 2016 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 30,9 пайызға кемігенін айта кетуіміз керек. Әрине, бұл жақсы көрсеткіш. Дегенмен, әлі атқаратын жұмыс ауқымды, – дейді полиция полковнигі.

С. Құсайыновтың айтуы бойынша, телефон ұрлығының 632-сі автобустар мен маршруттық таксилерде орын алған. Осы ретте жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары тұрғындарды барынша сақ болып, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.

Пікір қалдыру