• Валюта бағамы: USD 346.68 | EUR 404.02 | RUB 5.47 | CNY 51.15 |

Министр Дүйсенова «Абу-Даби Плазадағы» дауға қатысты пікір білдірді

0

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Абу-Даби Плаза» кешенінде азаматтарды жаппай жұмыстан шығаруға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды NUR.KZ.

«Әр кәсіпорын өзіне жұмысшы тартқан кезде, жұмыс көлемін белгілейді. Абу-Даби Плазада жұмыс істейтін 4 ұйым үшін құрылыс пен қосымша жұмыс көлемі белгіленді. Енді сол жұмыс аяқталып отыр. Келісімшарт бекіткен кезде жұмыс мерзімі де белгіленеді. Қазіргі таңда компания басшылары еңбек инспекторларына жұмысшыларына жоспарланған жұмыс көлемі аяқталып жатқанын алдын ала хабарлағандарын мәлімдеді. Абу-Даби Плазадағы төрт мекеме жұмыскерлеріне алдын ала ескерткен.

Қазір жергілікті атқарушы органның еңбек инспекциясы тобы оқиға орнына аттанып, жұмыс берушілермен сөйлесті. Біріншісі, олар жұмысшыларға жұмыс көлемі бекітілген келісімшартқа сәйкес аяқталғаны туралы хабарландыру беретін болды. Орташа жалақы көлемінде өтемақы төленеді. Қазір осындай уағдаластыққа қол жетті», — деді Дүйсенова.

Министрдің айтуынша, қазір 4 компания туралы айтылып отыр, ал кешенде 11-ден астам компания жұмыс істейді.

«Еңбек кодексінде нақты көрсетілген: кәсіпорынның экономикалық жағдайының нашарлауына байланысты азаматтар жаппай жұмыстан шығарылса, екі айлық жалақы қарастырылған. Егер біріншіден, бұл жұмыс көлемінің азаюйына және екіншіден, бұл туралы еңбек келісімшартын бекіткен кезде айтылса, онда бұл жұмыс көлемі орындалғаннан кейін жұмыстан шығару деп саналады және өтемақы ретінде бір айлық жалақы төленеді», — деді министр.

Сонымен қатар Астана қаласының жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспановтың сөзінше, БАҚ беттерінде хабарланғандай, жұмыстан босатылған құрылысшылардың 400 емес, 62 адам.

«400 адам деген жалған ақпарат, бізде аздаған шу шықса болды, оны асыра сілтеп, шулата жөнелетін әдет бар. 400 адам тіпті, «Нұр Отанның» ғимаратына сыймайды емес пе? Тағы да қайталап айтамын, жұмыстан босатылған 62 қазақ азаматы бар, олардың аты-жөндерінің тізімі де бізде бар. Қазіргі таңда, арнайы комиссия жасақталды, енді бір аптадан кейін сіздерге осы мәселеге қатысты тағы да тың ақпараттармен бөлісетін боламыз»,-деді Ермек Оспанов.

Еске сала кетсек, елордада салынып жатқан «Абу-Даби Плаза» кешенінің жұмысшылары наразылыққа шықты.

БАҚ-тың хабарлауынша, Астанадағы ең биік ғимаратты салып жатқан 400-ге жуық адам бір күнде жұмыссыз қалған.

Пікір қалдыру