• Валюта бағамы: USD 367.06 | EUR 416.17 | RUB 5.56 | CNY 52.84 |

Жергілікті әкімдіктердің бюджеті 300 млрд теңгеге толығуы мүмкін

0

2017 жылы елімізде жүргізілген конституциялық реформалардың нәтижесінде жергілікті әкімдіктердің бюджеті 300 млрд теңгеге толығуы мүмкін. Бұл туралы Әділет министрлігінде өткен жиында Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов айтты, деп хабарлайды Baq.kz.

 

Бүгін Әділет министрлігінде заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Аталған заңды Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов таныстырды.

2017 жылы конституциялық реформа аясында Мемлекет басшысы өзінің кейбір өкілеттіліктерін Үкіметке берген. Нәтижесінде Үкімет мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағытын анықтайтыны, ал орталық атқарушы органдар мемлекеттік саясатты жүзеге асыру функциясын бақылайтыны белгілі болған. Сондай-ақ, жергілікті өңірдегі органдар мемлекеттік саясатты өңірде жүзеге асыруына жауап береді.

Осы орайда вице-министр аталған бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін алға тартты.

«Заң жобасы мемлекеттік басқару органдар арасында билік өкілеттіліктерін қайта бөлуді қарастырады. Бұл өңірлердің өзін-өзі басқару деңгейін арттырады. Ол үшін Қазақстанның 40-тан астам заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Ұлттық экономика министрлігі шамамен 250 заңнамалық актілерге талдау жасап, 9 мыңнан астам реттеуші функцияларды анықтады», — деді ол.

Сонымен қатар Айбатыр Жұмағұлов Елбасы биылғы Жолдауында жергілікті бюджетке шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығын беру мәселесін шешуді тапсырғанын мәлімдеді.

«Қазіргі таңда ҰЭМ жергілікті бюджетке корпоративті табыс салығынан түсетін түсімдерді беру мәселесін пысықтап жатыр. Жергілікті бюджетке шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығын беру өңірдегі экономикалық белсенділікті арттырады. Корпоративті табыс салығын әкімдіктерге беру нәтижесінде жергілікті бюджет 300 млрд теңгеге толығады деп болжанып отыр», — деп түйіндеді сөзін вице-министр жоғарыда аталған заң жобасын талқылау барысында.

Ескерту!

Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.

Пікір қалдыру