• Валюта бағамы: USD 370.55 | EUR 421.76 | RUB 5.57 | CNY 53.68 |

«Spring Golden Eagle Festival»: Биыл Баян-Өлгейден 22 бүркітші қатысады

0

«Spring Golden Eagle Festival» немесе «Көктемгі алтын қыран» фестиваліне биыл Баян-Өлгейден 22 бүркітші қатысады. Аталмыш сайыс Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласының «Шыңғыс Хаған сарайы» туристер кешенінде наурыз айының 4-5 -і күндері ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дәстүрге айналған айтулы шараға қатысатын бүркітшілер Ұланбатырға Баян-Өлгийден ұшақпен жеткізіледі. Ұйымдастыруға қажетті 20 млн.ға тарта  төгрөг (теңгеге шаққанда шамамен 2.7 млн. ) қаражатты жергілікті билік бөлетін болды.

Биыл 11-і рет қатарынан өткізілгелі отырған «Бүркітшілер тойын» Моңғолия Табиғи орта және туризим министрлігі, Баян-Өлгей аймағының Аймақ Әкімі іс басқармасы, Ұланбатыр қаласының Табиғи орта, туризим басқармасы, Моңғолия Бүркітшілер қауымдастығы секілді ұйымдар бірлесіп ұйымдастырмақшы. Аталмыш мерекелік шараның мақсаты, елімізге келетін туристер санын арттыру, Моңғол елін және Моңғолия қазақтарының бүркітпен аң аулау мәдениетін насихаттау болып табылады. Ал ұйымдастырушылар алқасынан, Моңғолия құсбегілер қауымдастығының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы Еділхан Қонысбайұлынан биылғы жүрілетін «Бүркітшілер тойының» ерекшелігі жайлы сұраған едік.

«Моңғолия үкіметі туризим саласын дамыту мақсатында, жыл сайын наурыздың 3-5-і күндері  кейбір аймақтарда көшпенділердің тұрмыс тіршілігін, мәдениетін паш ететін фестивальдар ұйымдастырады.  Мысалы, Хөвсгөл аймағында Сарлық «Қодас» сиырдың, Өмнөговь аймағында Түйе жарысы фестивалін, Ұланбатыр қаласында бүркітшілер тойын өткізеді. Биылғы жылы «Көшпенділер — 2018» шарасы аясында өтетін аталмыш фестиваль екі күнге жалғасады. Жылда бір күн тойланатын. Биыл халықтың тілегі бойынша әрі «Бүркітшілер тойын» тамашалаушылардың санының артуына байланысты осындай шешімге келдік», — дейдіЕділхан Қонысбайұлы.

Оның сөзінше, сайысқа қатысатын 22 бүркітшінің ең үлкені 80 жастағы — Бәтей ақсақал, ең жасы 14 жастағы — Әйгерім. Сонымен қатар, биыл бүркітшілер құрамасының сапында 3 қыз бала өнер көрсетеді, олар:  Айшолпан, Гүлғайым, Әйгерімдер. Ал сайыс барысында бүркіт шақыру, шырғаға тарту, бүркітшілердің әбзелдері мен жабдықтарын сыналту  қарастырылған. Бұдан бөлек, көкпар тарту, теңге ілу қатарлы ұлттық ойындар жұрт үшін ұйымдастырылады.

Естеріңізге сала кетейік, «Бүркітшілер тойы» жыл сайын наурызда Ұланбатыр қаласында, ал қазан айында Баян-Өлгий аймағында ресми түрде тойланады. Былтырғы жылы шараны жергілікті тұрғындар мен шетелдіктерді қоса алғанда 20 мыңға жуық азаматтар тамашалаған болатын.

 

Пікір қалдыру