• Валюта бағамы: USD 367.06 | EUR 416.17 | RUB 5.56 | CNY 52.84 |

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ МЫРЗАХМЕТОВТЫҢ МЕКТЕБІНЕН ӨТТІМ

0

Бүгінгі журналистиканың деңгейіне Жасұлан Әбдіманап «Білім және Өнер » журналында жарияланған сұхбатында өз бағасын берді.

-Қазір телевизияға айтылар сын, тағылар мін аз емес. Шетелдік арналар басқа идеологияны насихаттап жатыр десе, отандық телевизияда әсіресе, эфир мәдениетіне байланысты күпті пікір көп. Білікті кәсіби маман ретінде және телеарна басшысы ретінде бұған не дейсіз?

-Сын қашанда айтылады. Сын болмаса өсу жоқ. Сын бірақ шын айтылуы керек. Өкінішке орай, көптеген телеарналар рейтинг қуып, шоу жасау үшін жанталасады. Көрерменнің санасын улап жатырсың ба, бәрібір. Ал, «Ел боламын десең экраныңды түзе» — деген, заманауи мақалдың шығуы бекер емес! Телеарна ұлтты, тұтас бір ұрпақты тәрбиелеуде. Бірақ, қалай? Әнебір, бағдарламалардың атын айтпай-ақ қояйық, бірімен-бірі сүйісіп жатыр, бірімен-бірі жұлысып жатыр, ажырасқанын айтып жатыр, бірінің көзіне бірі шөп салғанына мақтанып жатыр. Сондай деңгейге жеттік. Осы ма бізге керегі? Ананы күн сайын көрген, санасына сіңірген ұлымыз не болады, қызымыз не болады ? Осыны да ойлау керекпіз ғой!

— Жаһандану желі мен лебі ғой. Біз бұдан қашсақ та құтыла алмайтын шығармыз?

-Жоо, жаһанданудан қаша алмаймыз. Бірақ, бойұсына салуға да болмайды. Қазіргі таңда ең қуатты насихат құралына айналып отырған телеарна -ешқандай рейтингке бағынбауы тиіс. Бір-ақ адам көрсе де, соның жүрегін дір еткізетін ізгі құндылық болғаны абзал. Ұлт болып ұйысып, ел болып озу үшін қазақы тәрбиемен қатар — инновацияны да игеруге жол көрсету керек. Ал бізде- шоу, эстрада басым болып тұр. Содан кейін сын айтылады. Өмірінде үш кітап оқымаған жүргізуші 18 млн халықты өзіне қаратқысы келеді. Біреу жазып берді тексті, ал, ол суфлердан оқи салды. Жүректен шықпаған соң, сұлу сөзің құр сылдыр. Сондықтан рейтинг қуаламау керек. Рейтингтің өзі қалай жасалады, оны кім жасайды? Әдетте, үлкен қалалардағы статистика есепке алынады. Жарайды, ауылдағы халық қайда қалады сонда? Ауылдың дені көріп отырғаны қазақ арнасы ғой, ұлттық арна. Сен анау Мойынқұмға бар да көрші, әлгі рейтингің басқаша «сөйлейтіні» анық.

-Сіздің білікті журналист, тәжірбиелі медиа маманы екеніңіз белгілі. Қазір «JAMBYL» телеарнасын басқарып отырсыз…

-Түсіндім, сөзіңнің астарын.. Қарашаңырақ арнаға оралғаныма жарты жылдан асты. Әлбетте, атқарылар жұмыс көп. Біз мықтымыз, кәсіби кереметпіз демейміз. Бірақ арзан шоу, сенсацияның артынан жүрмейміз, бірінші кезек. Бұл біздің бағыт. Енді неге рейтинг қуалайды дегенге келсек. Көптеген коммерциялық арналар бар, бұл — бизнес. Ол өзін – өзі қаржыландыра алмаса, жұмыс істеп жатқан жүздеген журналистке айлық беруі қиындайды, эфир бере алмайды, спутникке шыға алмайды, сосын арна жабылады. Сол жағынан да қарау керек. Телеарнаның рейтингі өссе — жарнаманың көбеюі тұрады арт жағында. Біз екі ортада келеміз де, ұлттық құндылыққа балта шабамыз кейде… Былай жүрсең өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады. Бірақ, соның ортасынан жол табу керек. 17 сағат эфир таратып отырған арна сол 17 сағаттың әр минутын мықты қып берем деген –бекершілік, ол. Телеарнаның маңдайалды бағдарламалары болу керек. Мына телеарнада мынау бар еді, одан кейін мынандай кинолары жақсы, одан кейінгі өзегі-жаңалығы ұстап тұрған. Ал, басшы ретінде 17 сағат бойы көрерменді тамсантып, таңдай қақтырамын десең, адасқандығың. Ол мүмкін емес. Бір себебі, қарамағыңда жұмыс істеп отырған журналисттің барлығы бір деңгейде мықты емес. Бір журналист бір бағдарламаны жақсы жасайды, біреуі орта деңгейде жасайды, біреуі төмен деңгейде жасайды. Кәсіби деңгейлік деген бірте- бірте дамиды, бірақ біздің облыстық телеарнаның ең қиын нәрсесі-кадр тапшылығы дейді. Кадр тапшы емес. Кадрды дайындайтын адам тапшы. Кеше ғана университет бітіріп кеткен студентке, қолына микрофон беріп, түсірілімге жібере салса, ол не жазып келеді? Оны әуелі үйретіп, мәтінін мұқият қадағалап, бағыт- бағдар беріп баулу керек. Осы телеарнаға келгелі екі рет кастинг өткіздім. 80-ге жуық үміткер қатысты. Екі проблеманы анық көрдім. Бізде 18 бен 25 жас аралығындағы жастардың 80 %-ның «Ң»-деген қазақтың әріпіне тілі келмейд, «ын» деп сөйлейді. Оны қалай эфирге жібереміз? Одан кейін 90 %-ның көзі жақсы көрмейді. Көбі суфлерді оқи алмайды. Жас кезінде бұлай, кейін 40-50 жасқа жеткенде қалай көреді ол көз? Міне, замана жетістігінің зардабы да бар. Бәрі гаджет, фаст-фуд, телефонның кесірі. Бұлай жалғаса берсе 10 жылдан кейін не болады? Жап-жас мөлдіреп, түрі де, дауысы келіп тұрған қазақтың қыз-жігіттері көзілдірік тағады, кейбірі оған да намыстанады. Телеарнаның есігі әрдайым ашық. Шама-шарқымызша жастарға мүмкіндік беруге, түзетуге жұмыс жасап жатырмыз. Біраз жастарды алып келдік сол кастингтен, кейбіреулер келген жолымен қайтып кетіп жатыр, қиындыққа көне алмай. Журналистика деген бизнес емес қой, байып кететін. Журналистика деген-өнер. Бұнымен «ауыру» керек, бұнымен өмір сүру, солай қалыптасу керек. Немесе, басқа жолды таңда. Әріптестеріме де ылғи айтып отырамын. Ешкім қинамайды. Журналистика деген демалыссыз. Жексенбі күні мұғалім демалатын шығар. Бірақ жексенбі күні эфирді өшіріп қоя алмайсың ғой, есігіңді құлыптап кететін болсаң, онда түсінетін едім. Бірақ осы жердегі 1,5 млн халыққа сенбі-жексенбі демалып жатқанда, бірдеңе көрсетуің керек қой. Сондықтан журналистерге демалыс жоқ. Ол 7 күн жұмыс істеу керек. 70 мың айлық алып отырып, 7 күн жұмыс істеуге көндіккен ғана , шыдаған ғана журналист бола алады. Қалғаны жарты жолда бәйгеге жете алмай, шаң қауып қала береді. Міне, шығармашылық деген осы. «Аптасына бір рет идеясыз келген журналсит, журналист емес» деп Мұса ағамыз айтатын. Журналисте идея таусылмау керек, көрерменді жалықтырмай өзгеріп отырғаны дұрыс. Күнделікті бір тамақты жей бермейсің ғой. Сол сияқты бір нәрсені эфирге бере беруге болмайды. Журналистика — бұл командалық жұмыс. 30 секундтық ролик жасау үшін отыз адамның тері төгіледі. Сценаристтен бастап, монтажерға дейін. Сол команда күнде жаңа идея бар, мынандай жоба бар деп күнде келіп тұрса, сонда телеарна дамиды. Жалғыз басшы қуалап жүре берсе, мынаны жасаңдар, мынаны істеңдер деп, іс өнбейді. Ал сын көбіне журналистерге емес, әнші –«жұлдыздарға» айтылады. Оларды қызғанбаймыз, шыға берсін, егерде ол сауатты, кәсіби жүргізе алса, өз сөзіне — өзі күліп клоун ұқсап отыра бермесе. Ал, егер таза кәсіби оқыған журналист болса, оларға сын болмайды емес, бірақ, аз болады.

— Газет тілшісі мен телеарна тілшісін салыстыру қазіргі қоғамда әлі де бар. Телеарна тілшісі газетте істей алмайды деген пікірге не дейсіз?

Бұл сұраққа келісе алмас едім. Тілшінің де тілшісі болады. Кәдімгі бесаспап дарындар болады. Телеарнада топ жаратын, газетке апарсаң мықты мақала жазатын, радиоға апарсаң қамшы салдырмайтын. Бұл сұраққа басқаша қарау керек: Телеарна тілшісі газетке қарағанда тезірек танымал болады. Содан кейін телеарнаға танымалдылық үшін көп жастар келеді. Ал телеарна деген қауырт жұмыс, шектеулі уақыт. 1,5 минуттық сюжет үшін 450 км Мойынқұм ауданына барып келу. Сол уақыттың қадірін білетін осы телеарна. Сосын танымалдылық. Ары қарай басқа жұмысқа өсуіне, басқа жобаларды басқарып кетуіне- телеарна үлкен мүмкіндік. Үлкен алаң. Сондықтан телеарна тілшілері газетке барғысы келмейді. Ал газет тілшілері телеарнаға барғысы келеді. Өзім газетте де, телеарнада да, радиода да істеді қазір газеттің де сайты бар, қолыңда сотка тұр өзіңе өзің диктор бол да шыға бер. Демек, газет пен телевизия бәсекелескен өткен ғасырдың ортасында шыққан мұндай жаңсақ пікірдің қазір дәурені өткен.

-Жамбыл телерадиоарнасын сізге дейін де талай азаматтар басқарды. Өзіңіз басшылыққа келгелі жасаған өзгерістеріңіз көпшіліктің көз алдында.

Жамбыл телеарнасының 30 жылдық тарихы бар. Осы арнаны басқарған мен 10 ыншы директор екенмін. Маған дейін қаншама ағаларымыз басқарды. Оның ішінде мен жақсы білетін Әлмұхан Иса ағамыз,, Бекет Момынқұл, Қалыбек Атжан, марқұм Мұса Рахманбердиев ағамыз. Телеарнада басқарды дегенде еске түсетін директорлар бар. Қысқа қайырсақ, бұл қарашаңырақ қазір Қазақстанның түпкір-түпкірінде жүрген журналисерді, режиссерларды, операторларды, инженерлерді тәрбиелеп шығарды. Ұшырды, баптады. Бұл телеарна жастарды тәрбиелеп шығаратын кішігірім ұстахана. Өзім осы телеарнаға компьютер жоқ кезде келдім. Керек мәліметімізді гуглден сұрап алмайтынбыз, сап-сары жұқа қағаз болатын.Үзіліп қалмаса екен деп жаңалыққа баратын тексті әкелетінбіз редакторға. Редактор оны екінші параққа түзетпейді, сол парақтың үстіне түзетеді. Түзеткеннен кейін түсініксіз ол, оқи алмайсың. Кейде, умаждап- умаждап лақтырып жібереді. Басқа қағаз жоқ қой, қайта жазуға уақыт аз, жәйлаап барасың да лақтырылған мәтінді алып, екінші қағазға көшіресің. Қазір күлкілі ғой техника дамыған кезеңде…

-Енді телеарнаға келген әр басшы өз қолтаңбасын қалдыруға тырысады. Сіздің жұмыста негізгі бағыт, принцип қандай?

-Бұрын басқарған ағалардың ешқайсын бөле- жара алмаймын. Әрқайсы өз деңгейінде, шама –шарқынша басқарды. Оның ішінде қатты құрметтейтін,менің алғашқы ұстазым-Бекет Момынқұлов. Өте қатал тәртіпті, бүкіл жастарды, лекті телеарнаға жаңа форматта революция жасаған сол кісі болатын. Телеарнаның тағы бір шыңдалған дәуірі Қалыбек Атжан деген ағамыз басқарған кезеңді айтуға болады. Сол кезде мен бас редактор болдым, жастығыма қарамай орынбасар етіп тағайындады. Одан кейін де ағалар өздерінің шамаларынша жұмыс істеді. Ал, енді бұрынғы директорлардан менің өзгешелгім-мен мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Ол кісілердің бәрі журналисттер, филологтар. Журналистиканың қара шаңырағында қайнаған бірбеткей, мінезді директорлер. Ал менің бір ұтқан тұсым, мен мемлекетті қызметті де көріп келдім. Қазіргі журналисттер бір жағалауда отырып аламыз да, анау біздің емес, өзге мемлекеттің билігі сияқты, билікке жаулықпен қараймыз. Былай қарап тұрсаң, ол кімнің билігі, ол қазақтың билігі, осы қазақ үшін жұмыс жасап жатыр. Ол жерде де ет пен сүейктен жаратылған біз сиақты адам отыр. Тек ол мамандықты басқаша таңдады. Елдің бәрі шыншыл болу үшін журналистиканы таңдап кетпеу керек қой. Тек қана шындықпен өмір сүріп жүрмін деп, иллюзияда өмір сүріп жүрген журналисттер бар. Мен ғана шындық айтамын деп ойлайды. Жәрайды, бәрі журналист болсын, ал, сонда аппаратта кім жұмыс істеу керек, кім мұғалім болу керек, кім жай ғана офис менеджер болу керек, кім әкім болу керек. Солар ғой, билік деп мұрын шүйіріп отырғандарымыз. Оған дейін менде де сондай көзқарас болды. Әкімдік қайда қарап отыр, министрлік ай қарап отыр ма деп сала-құлаш мақала жазатынбыз, соларды жерден алып, жерге салып. Мәселенің астары мен қатпарын мемлекеттің қызметтің қыр сырына бойласаңыз ғана түсінесіз .

-Сөзіңізді бөлейін, мемлекеттік қызметке қалай,қайдан бардыңыз?

-Мемлекеттік қызметке бару өз таңдауым болды. Барғым келді, көргім келді. Берік Уәли деген елге белгілі азамат алғаш осы мемлекеттік қызметке шақырған. Бағым бар екен, мемлекеттік қызметте Асқар Исабекұлы Мырзахметов деген кісінің өмірлік мектебіне түстім. Бұл мектеп — бренд мектеп, кәсіби деңгейі жоғары, қалыптасқан мектеп. Мырзахметовтың мектебінен өту – өмірлік принциптеріме түбегейлі өзгеріс әкелді. Елге, ұлтқа қызмет етуде тек жалаң айқаймен емес, нақты істерді жүзеге асырудың қандай боларына көзім жетті. Сонда журналистер кейде эмоцияға беріліп, үстірт жазатынымызды байқадым. Себебі, екінші жақты да көрдім. Ол жерде қарапайым азаматтар болмашы айлыққа жұмыс істеп жатқанын көрдім. Олардың бейнетпен соншама дүниені жасап біткен кезде, бір журналисттің сол мәліметті дұрыс түсінбей, бір цифрдан қате кетіп, бәрінің быт-шытыны шығарғанын да көрдім. Бұның бәрі – сабақ. Содан кейін мемлекеттік қызметтен келгеннен кейін қандай жағдай болмасын объективті қарай бастадым. Неге бірлесіп шешпейміз біз? Неге билік пен бұқараның арасын бөліп алғанбыз біз өзімізше алтын көпірміз деп? Өзімізді төртінші билік деп бөліп алғанбыз. Жоқ, мен оған да келіспеймін. Біз төртінші билік емеспіз, журналисттер ешқашан билік айтпайды. Билік айтатын ол сот төрелігі..

-Демек, сіздің өмірлік көзқарастарыңыздың өзгеруіне мемлекеттік қызмет сеп болды ғой?

-Солай деуге болады.. Жаңа әлем, жаңа мамандық, жаңа мүмкіндік болды. Биліктің басқару формаларын үйрендім. Іс-қағаздармен жұмыс істеуді үйрендім. Адамдармен сөйлесу мәдениетін, олардың көңілінен шыға білу, ұжымыңды ұстай білу, мінез көрсетуді үйрендім. Үйретті, таяқ та «жедім», айқай да естідік. Бірақ шаршаған жоқпын. Оңтүстікте бастадым, қайнаған орта. Бізде қалжың бар: бұрын «Ауған көрген» дейтін, қазір «Шымкент көрген» дейді. Шымкентті көрдім. Одан үлкен саяси идеологиялық орда Нұр Отан партиясының аппаратын да көрдім. Кәдімгі науқан парламент сайлау өткіздік ол жерде. Осындай жауапкершілігі жоғары жұмыстарда Мырзахметовтың мектебінде шыңдалғанымды мақтан етемін. Одан кейін Үкіметте ауыл шаруашылығы деген ауқымды салаға бардық. Ел тағдыры, жер тағдыры деп, елдің бәрі «қытайға жер сатылып кетеді-міс» — деп шулап жатқан кезде, қызу жұмыс қазанында қайнадық. Осындай сындарлы кезеңде ауыл шаруашылығы министрлігіне келген Асқар Мырзахметов үлкен жауапкершілік арқалады. 16 облысты аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Таңғы 4-5 ке дейін әр заңды өзіміз көріп , зерделеп, жер сатылмайды,оның мынандай жолы бар, ол тек қазақтарға сатылады деп жазып қойған кезде, ертең сол пресс-релизіңді басқаша қып жазған журналисттерді көрдік. Жүздеген маман сол заңды жазып жатыр, түсіндіріп жатыр, соны естімейтін құлақтарды көрдік.
Демек, айқайлай бергеннің бәрі — ақиқат емес. Диванда жатып алып, не болса соны жаза беруге болмайды. Өз билігіңді жаман дегенде, жақсы билікті кім әкеп береді ? Ақымағы бар ма, оны бірлесіп түзе, жемқоры бар ма бірлесіп тәрітпке шақыр. Журналистердің миссиясы осы болу керек. Әр журналист сәл көтеріліп, ұлттық деңгейде – ойланатын заман қазір.

-Жамбыл телеарнасында өзіңіз басшылыққа келгелі сын жиі беріле бастады. Көгілдір экраннан да, әлеуметтік желіден көріп жүрміз. Бұған не себеп?

Мемлекеттік тапсырыс орындайтын арна болғандықтан, кей сынға шенеуніктер ренжіп жатады. Рас, қазынадан қаржыландырылып, сол арқылы телеарнадағы жүз адамды еңбекпен қамтып, ұстап отырмыз. О л бесенеден белгілі. Бірақ соны ала отырып, содан жол тауып, сынды бере білуде. 1 адам барлық аудандағы, барлық мекемедегі қордалаған мәселені бақылауда ұстай алмайды. Ал, өңірдегі жүздеген журналистің бірі болмаса, бірі сол мәселеден хабардар. Сондықтан, біз көтерген мәселеге атқарушы билік назар аударып жатса, проблема шешімін тапса – халыққа да, билікке де пайдалы сын болғаны. Рас кейбір шенділер болады, жауырды жаба тоқығысы келетін. Бірақ, бұл жағынан келгенде, Асқар Исабекұлы сынға түзу көзбен қарай біледі. Әкімдік аппаратына телеарнадан көрсетілген мәселелерді шешу туралы тапсырма беріліп жатқанын да естиміз. Неге сын бермеске, егер Елбасы тапсырмалары, мемлекеттік бағдарламалар кейбір жалқау шенеуніктердің кесірінен орындалмай жатса? Әлбетте, жақсыны да айтамыз! Түпкі мақсат – өңір өркендеуіне ортақ үлес қосу.

— 21- ғасырда журналистика күн санап өзгеруде. Қазақ журнлаистикасының хәлі қалай?

-Қазір ғаламтор дәуірі ғой. Ақпарат айдынында, идеология иірімдерінде ұтылып жатқан тұстарымыз да бар. Ал, артықшылығы интернет дамығалы — ақпаратты жылдам таратуға көштік. Жаһанданған дәуірде кез-келген ақпаратты гуглден таба аласыз. Бірақ, бұның кері әсері де бар, біріншілден, журналистерді жалқау қылып жіберді. Өзіміз зерттемей, кабинетте отырып алып, сала-құлаш мақала жазамыз. Екіншіден, оны кім қандай мақсатта жазды, ақпарат расталды ма, ол сан соңғы рет қашан жаңаланды, соңғы мәлімет пе, оған бас ауыртпаймыз. Үшіншіден, кейбір арандатушылар осы интернет желісін пайдаланып жүр. Ал, Журналистикадағы басты мәселенің бірі — сараптама, аналитикадан алыстап барамыз. Түйткілдің түйінін және қоғамға ортақ көзқарасты табу сирек, тар шеңберде жүрміз. Осы орайда, телеарнада сараптама жоқ екен. Соны жолға қоюға күш салып жатырмыз. Салмақты һәм өзекті деген 3-4 мәселені жан жақты зерттеп, спикерлердің сөзімен, ащы сатира қосып, мақтамен бауыздап, қылдан май суырғандай талдайдтын сараптама көрерменге де керек.

— Әңгіменің барысын бағамдасақ, кейбір дүниелерге көңіліңіз толмайтын сияқты ?

-8 жылдай сыртта болдым. Мондықтан, салыстыра сын көзбен қарау заңдылық болар.. Әулиеата өңірі ақпарат саласында, идеология майданында әріптестерім ренжімес, бұйығып, өзімен — өзі тыныш жатқан сияқты. Республиканың саяси, қоғамдағы пікірлерге араласып, солармен сөз таластырып, қозғап жатқан облыс емес. Соны байқауға болады. Астанада, орталықта қызмет еткеннен кейін, байқайсың, 14 облыстан дүркін-дүркін жаңалықтар шығып жатады. Ал біздің облыста барлық мәселе шешіліп қойған сияқты, тып тыныш. Шындап келгенде ондай емес қой. Проблема бар, шешілмеген түйін бар, Елбасының тапсырмаларының орындалуы бар. Телеарнада сын бере бастауымыз да сол, осы сең аздап қозғалса екен деймін.

-Журналистика жайлы айттыңыз, ал, журналистер жайлы не дейсіз?

Журналистика — өнер. Демек, журналист — мамандық емес, кәсіп емес! Журналисттер «жаза алатын» және «жаза алмайтын» болып бөлінеді. Екіншісі, адасып жүргендер. Егер ол қара сөздің қадірін білмесе, идеясы жоқ болса, саясаттың иісі мұрынына бармаса – жолын басқа жақтан өзін іздеуі керек. Әйтеуір бір жерге иегін артып алып, өзін қинап, өнерді қорлап, тепеңдеп жүруге болмайды.

-Журналистикадан кетсеңіз, қай салаға барар едіңіз?

-Қазақта жақсы мақал бар, «көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» дейді. Сонаау, тілші болған кезімнен бастап көш соңында қалмауға тырыстым. Еңбегімді бағалаған ағалар түрлі қызметтер ұсынды. Соның нәсіп болғандарын абыроймен атқарып келеміз. Осы телеарнаға шақырған кезде де, осы өңірдің азаматы, телеарнаны бес саусағындай біледі, бір деңгейге көтерсін деген ағалар болды. Сол шақыртумен келдім. Жалпы бір қызметте «жамбастап жатып алу» дегенді түсінгім келмейді. Қатты дамыған Жапонияның өзінде үш жылдан артық бір жерде тұруға болмайды. Сен бір жыл меңгересің, екінші жыл соны жүзеге асырасың, үшінші жыл соны қайталау. Одан әрі дамымайсың. Сондықтан, бұл жерде өмір бақи отыратын ойым жоқ. Таласып отыратын қазақ емеспін. Ал, басқа жақтан жақсы ұсыныстар түсіп жатса, ол жұмысқа да баруға дайынмын. Қолынан іс келетін адам өзгерістен қорықпау керек. Көптеген басшылардың қателігі: ұзақ жылдар бір орында отырады да, өзінің жеке меншігі сезініп алады. Ол жерден кетсе, тұншығып қалатын секілді болады. Сол қызметтен кетпеудің амалын жасап, соттасып, қырылып жатады. Жооқ, мүмкін сізден де мықты адам кеп көтеретін шығар?

-Сонда тек, басшы боламын деудің өзі қателік дейсіз ба?

-Иә, тек бастық болу керек деген қағида жоқ менде. Мен намыстанбаймын, арланбаймын жүзім ашық, ертең қайта микрофон ұстап журналист бола аламын, бірақ орта журналист бола алмаймын, үздік журналист боламын, ол қолымнан келеді. Өзіңнің журналистеріңнен алғыр болмасаң, өзіңнің журналистеріңнен текстті жақсы жазатын болмасаң, оларға бағыт бере алмайсың. Мен мысалы өзім текст жазам, өзім монтажда отырам күндіз-түні. Ал егер мына жерде отырып, құр қағаз толтырып отырсам, оларға жөн көрсетпесең, түсінбейді ғой. Ал біздегі көп басшылықтың қателігі-өзінен мықты журналист шықса, соны қудалауға тырысады. Орнымды тартып ала ма деген үрей бар. Ал менде ондай үрей жоқ. Қызметкеріммен бірге дамып, одан да асып түсуге тырысамын. Осындай өмірлік принципім бар. Және мемлекеттік қызметтің дәмін татып қалдым ғой, журналистикадан қайтып кететін болсам, мемлекеттік қызметке барар едім. Бұрын қорқыныш бар еді. Журналистикадан басқа ешнәрсе істей алмайтын шығармын деген. Мемлекеттік қызметте тәжірбием бар , басқарма басқарғам, департамент басқарғам. Жоқ қазір, ондай қорқыныш жоқ. Кез келген саланы алып кете аламын. Әкімдікте нақты қызмет жасап жатқаныңды, халқыңа еңбек етіп жатқаныңды білесің, бір адамға үй алып берсеңде, бақ ексеңде. Сондайға үйреніп қалғандықтан ба телеарнада нақты өндірістік жұмыс істеп жатқан жоқ сияқтымын. Бірақ біздікі тәрбие беру ғой.

— Телеарна идеология құралы. Ал, елімізде қазір басты бағыттың бірі рухани жаңғыру болып отыр. Соның аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ.

— Мемлекеттік тапсырыс аясында бірқатар тележобалар эфирден өтіп жатыр. Ал, ерекше тоқталғым келіп тұрғаны «Мен қазақпын» мега жобасы. Ерекшелігі ол, ұлттық рухтың узынан нәр алған құндылықтарды насихаттау. Қазір бізде ұлттық мүддені қорғайтын, ұлттық дәстүрді, оның ішінде әнді, күйді насихаттайтын жобалар саусақпен санарлық. Бұл мәселе жиі көтеріліп жүр. Сондықтан болар, телерадиокорпорацияға Ерлан Тынымбайұлы Карин ағамыз басшылыққа келгелі осы «Мен қазақпын» жобасын қолға алды. Өздеріңіз куәсіздер өткен жылы бұл 14 облыс ты және астана мен Алматыны қамтып тасада қалған таланттарды, күй өнерін, термешілерді және дәстүрлі әншілерді насихаттау мақсатында бір керемет байқау өтті. Одан тоқтап қалған жоқ, бұл жоба көрермендер тарапынан үлкен сұранысқа ие болды, зор ықыласқа ие болды, қәдімгідей мына рухты көтеретін «Мен Қазақпын!» деп аты айтып тұрғандай, жүрегі қазақ деп соғатын әр азаматтың бір сүйсіне көретін хабарларының Мега жобасына айналды. Бұл жерде айта кеткен жөн, бұл Халықаралық жоба. Былтыр Монғолиядан, Қытайдан , Ресейден, қандастарымыз қатысқан болатын. Енді биыл , көрермен сұранысын ескере отырып жоба авторлары тағы да жалғастыруды жөн деп тауыпты. Бір ерекшелігі тек облыстарды қамтып қана қоймай шалғай аудан –ауылдардағы дарын иелеріне де мүмкіндік берілді. 14 филиалға жүктелген жұмыс әуелі аудандық, сосын облыстық деңгейде іріктеу өтті. Кәсіби мамандармен бірлесіп Жамбыл облысының 10 ауданын түгел аралап шықтық. Ұлттық дәстүр мен өнерді насихаттауды қолдау үшін Облыс Әкіміне ұсыныс берген болатынбыз . Асқар Исабекұлы мырза бұны бір ауыздан қолдап, мәдениет және Ішкі саясат басқармаларына тапсырма беріп, іріктеу кезеңдеріне ауқымды да сапалы өткізуге мүмкіндік туды. Жалпы 149 өнерпаз бақ сынап, 1 дәстүрлі әнші, 1 күйші және 1 термеші Республикалық бәйгеге жолдама алды. Енді күзде Республикалық өнер аламанында бақ сынайды. Жобаны өткізу барысында барысында өте бір мәселені анық байқадық. Бізде домбыра ұстайтын, домбыра ұстағанда да кәсіби домбыра ұстайтын, оның ішінде күй тартатын, терме тартатын адамдар жылдан-жылға саусақпен санарлықтай азайып бара жатқанына көзіміз жетті.Қысқасы, дәстүрлі өнер мектебінің тіні үзілген. Бұл да ескеретін мәселе деп ойлаймын.

Ұлттық өнерді насихаттаушының бірі телеарна емес пе?

-Дұрыс айтасыз. Сондықтан, Жамбыл телеарнасы осы қыркүйек айынан бастап, «Мен Қазақпын» тележобасын өңірде де жалғастыруды жоспарлап отыр. Апта сайын өтетін қазақы шоу хабар болады. 149 адамның 3еуі ғана Астанаға кетті ғой, қалған 146- сын додаға саламыз, . Мүмкін солардың ішінен жеңіп шыққандарына, грант бөлуге демеушілер іздейміз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына телеарнаның қосқан нақты үлесі болсын деген ой, біздікі. Рухани жаңғыру деп, екі адамның шәй ішуін де Рухани жаңғыруға жатқызып тастадық. Рухани жаңғыру деген ұрпақтың санасына ұлттық кодымызды қайтадан жаңалау, ұлы бабалардан келе жатқан тектілігімізді ұрпақтың бойына дарыту. Рухани жаңғыру жиналыс өткізу емес.

-Аймақтағы ақпарат айдынында алдыңғы сапта келе жатқан телеарнаны басқарып отырсыз. Тағы қандай жоба жоспарларыңыз бар?

-Телеарнаға келген кезде алаш қайраткерлері туралы бірде-бір хабардың жоқтығын байқадым. Ұлт мұраты жолында тер төөкен, қажет, болса қан төөкен ерлердің еңбегін елемеу — үлкен сын әрі ұят. Сондықтан, «Алаш айтқан асыл сөз» атты алаш ардақтыларының өсиетінен насихаттауға ниеттендім. Нәтижесінде, телеарнамызда бұрын соңды болмаған 3Д форматта 60 ролик жасалды. 17 сағаттық телеарнаның әр сағатының өз көрермені болады. Біреуге футбол, біреуге сериал көрген ұнаса, біреуге әйелдердің әңгімесі ұнайды. Әр көрерменнің талғамын дөп басып, тамырын басып отыруымыз керек. Қазақ пен жылқы біртуған, жылқы тектес дейді. Қарап отырсақ осы құндылықты насихаттауды қойыппыз. Сондықтан, «Атбегі» атты хабар аштым. Қай жерде қандай сұлу жылқы бар, қай жерде бәйгеден кепті, қайсы жорға екен деген ақпаратты іздейтін атқұмар қауым бар ғой, бізде. Сондықтан, хабарға деген сұраныс арта түсті. Екінші ауданнан адамдар хабарласып, менде де мынандай тұлпар бар еді, соны неге түсірмейсіңдер деген қызығушылық танытты. Тағы бір айта кетерлігі ұрпақ тәрбиесі. Өскелең ұрпақты смартфон тәрбиелеп жатыр. Рас балапанды беріп жатырмыз, ал одан орта буындағы жасөспірімдер қалыс қалған. Осы мақсатта салада жүрген мамандармен ақылдасып, Алла бұйыртса тәрбиеге негізделген шағын сериалдар түсіру жоспарда бар. Ақпараттың ағыны көптігі сонша, қазір көрерменді 20-30 минуттық бағдарламамен ұстап отыра алмаймыз. Соны есерке отырып, айтары мол, астары терең қысқа әлеуметтік роликтерді түсіруге ден қойдық. Сондай әлеуметтік роликтің қазір 8-ін түсірдік. Алда әлі 20 –сы бар.Өзге де жоспарлар бар, эфирден көресіздер.
-Ісіңізге сәттілік, сұхбатыңызға рахмет.
-Сізге де, рахмет!

Пікір қалдыру