• Валюта бағамы: USD 367.06 | EUR 416.17 | RUB 5.56 | CNY 52.84 |

Жасұлан Әбдіхалық: Журналистика әлеуметтік жағдайды жақсартатын жұмыс емес

0

Jambyl телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіхалық    http://turaninfo.kz/   сайтында берген сүбелі сұхбатында телевидениенің болашағы жайлы сыр шертті.

Мерейтой аясында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Жамбыл өңіріндегі филиалында қандай өзгерістер орын алды, қандай жоспарларыңыз бар?

— Біз Қазақ телевизиясына 60 жыл дегенді тек «Қазақстан» телерадиокорпорациясының 60 жылдығы деп түсінбеуіміз керек. Қазір Қазақстанда жұмыс істеп жатқан барлық теларналардың 60 жылдығы деп ұғынғанымыз дұрыс. Себебі 1958 жылы алғашында 8-наурызда дайындық ретінде, 16-наурыз күні толыққанды эфирге қазіргі бәріміз білетін Ұлттық арнамыз шығып өз жұмысын бастады. Ал қазіргі еліміздегі барлық телеарналар осы Ұлттық арнаның қанатынан түлеп ұшқан. Сондықтан бұл – баршаға ортақ тарихи той. Телевизия саласында ұзақ жыл еңбек етіп жүрген журналистердің тойы. Осы бір тарихи кезең 60 жылдықтың тұсында Жамбыл облысындағы филиалға директор болып жаңа ұжыммен мерейтойды атап өткенім – мен үшін үлкен мақтаныш. Ұлттық арнаның 14 облыста 14 филиалы бар. Бұрын барлығы «Қазақстан – Тараз», «Қазақстан-Ақтау» деп аталатын. Биыл осы мерейтойға дайындық ретінде корпорация басшысы Ерлан Тынымбайұлы Кариннің бастамасымен ребрендинг жасалды. Ребрендингтің тиімділігін логикалық тұрғыдан атап өтер болсам, біздің арналар кеңес кезінен қалған «Петропавл», «Павлодар» деген атаулармен жазылатын. Осы ребрендинг арқылы корпорация төрағасы біздің арналарға өздерінің тарихи атауларын қайтарып берді. Қазір арналар «Ақжайық», «Қызылжар», «Сарыарқа», «Алтай» деп аталады. Сіздің балаларыңыз, үйіңіздегі адамдар телеарнаның маңдайшасынан күн сайын осы атауларды көріп, көздері үйреніп, саналарына сіңдіреді. Ұлттық арна түрлі басшылардың шағында түрлі даму кезеңдерін бастан өткерді. Өзімнің де осы арнада жұмыс жасап жүргеніме 15 жыл болды. Корпорацияның Ерлан Тынымбайұлының басшылығы тұсында жаңадан қайта түлеп, екінші тынысы ашылды. Бұл кісі алдымен саясаткер, екіншіден үлкен менеджер. Ұлттық арнаға саяси сипат беріле бастады. Арна тек жаңалықтардың шеңберінде қалмай ұлттық жобаларды қолға алды. Батыл сөйлей бастады. Мысалы, 1-студияның өзін алып қарайтын болсаңыз, эфирден соңғы жылдары көрінбей кеткен саяси тұлғалар, министрлер, вице министрлер шыға бастады. «Парасат майданы» хабарының өзі не тұрады. Әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетін ұштастырып, сараптама жасаған кезде сүйсініп қарайсыз. Одан соң «Мәселе» бағдарламасы бүгінгі ұлттық арнаның брендіне айналды. Журналистер шама-шарқы жеткенше қоғамда қандай өзекті мәселе бар, барлығын көтеріп жатыр. Ешкім цензура жасаған жоқ. Яғни, Ерлан Тынымбайұлы шығармашылыққа еркіндік берді. «Апта.kz», «Мен қазақпын», «Silkway Star» сынды сүбелі жобалар Ұлттық арнаның жарқын бейнесін қалыптастырып жатыр. Біз күнделікті әлеуметтік желіні қарайтын болсақ, Қазақстанда бір ғана телеарнаның төрағасы бар секілді сын да, бағдарламалардың мазмұны мен идеясына қатысты пікірлер де Ерлан Тынымбайұлының адресіне айтылады. Бұл дегеніміз Ерлан Карин басшы болғалы Ұлттық арна көрерменмен кері байланыс орната білді деген сөз. Жұмыс бар жерде сын болады. Басқа арналар туралы «мынау не бағдарлама, басшысы қайда қарап отыр?» деген сынды пікірлерді сіз желіден көрмейсіз. Олардың бар жоғы білінбейді. Тіпті кейбір арналардың басшылары кім екенін білмейміз. Ерлан Карин бастаған команданың ұтқан тұсы — ашықтық. Әлеуметтік желінің барлығында жобалар туралы ашық баяндап, сынды салмақты көтере біледі. Әлбетте, 20 сағат таратқан эфирдің әр сағатына арнап қоғам талап ететін бағдарлама жасау мүмкін емес. Бірақ телеарнада локомотивті 5-6 жоба болу керек. Сол жоба бәрін алға қарай сүйрейді. Шоу бағдарламалар да көрерменнің сұранысы. Бірақ, байқап қарасақ күннен күнге ондай хабарлар шетке ығысып бара жатыр. Тағы бір айта кететін дүние Ерлан Тынымбайұлы ұлттық арнаны дамыта отырып өңірлерді күшейтуді қолға алды. Ол үшін, кезінде сол аймақтарда қызмет еткен, қазір басқа арналарда жұмысын жалғастырып жатқан мықты мамандарды тарта бастады. Мен бұл тұста өзімді мақтап жатқан жоқпын. Мысалы Қостанайдағы филиалға Еркін Таңатқанұлы есімді мықты сараптама жасайтын дикторымызды басшы етті. Ақтөбеге Ернұр Бурахан есімді азамат басшы болып барды. Осы саясаттың нәтижесінде мен де өз туған жеріме қараша айының 17-сі күні басшылық қызметке келдім. Содан бері 60 жылдық, Елбасымен телемост сынды біраз жұмыстар атқардық. Енді «не істеп жатырмыз?» деген мәселеге келетін болсақ. Бұрынғы «Қазақстан – Тараз», қазіргі «Jambyl.TV», бұл – қара шаңырақ. Келесі жылы бұл қарашаңырақ өзінің 30 жылдығын атап өтеді. Бұл — Елен Әлімжан, Бекет Момынқұл, Қалыбек Атжан, марқұм Мұса Рахманбердиев, Әлмұқан Иса ағаларымыз басқарған Жамбыл облысындағы телевизия мамандарының ұстаханасы. Қазір Қазмедиада жұмыс жасап жатқан телевизия саласы мамандарының 60-70 пайызы осындай өңірдегі филиалдардан тәрбиеленіп шығады. Олар журналистер, тілшілер, редакторлар, операторлар, монтажерлар, режиссерлар. Жалпы телевизиядағы журналистер тез танымал болады. Содан оларды басқа арналар шақыртып алады. Бұрын, біз, облыстық телеарна тек өзіміздің өңірдің шеңберінде ғана тарайтынбыз. Қазір «Otau.TV» арқылы Қазақстанның барлық қалалары бізді тамашалай алады. Сондықтан біздің дикторларымызды, дыбыс режиссерларымызды кез-келген басшы сұраныс беріп алдыра алады. Солай алып кетіп те жатыр. Ал бізге кадр тапшы дей беруге болмайды. Біз келесі лекті дайындаймыз, ол лек кетеді. Сол лектің бірі менмін. ТарМУ-дың журналистика мамандығын тәмәмдап осында жұмысқа орналастым. Араға жылдар салып мұнда басшы болып келіп, бірден жолға қойған дүниелерім туралы айтып өтейін. Бірінші кезекте «Jambyl» арнасында сын беріле бастады. Сын деген – біреуді қаралап, күйе жағу емес, жасалмай жатқан шаруаны жергілікті билікке көрсету. Осы бағытта біз өзімізге үлкен талап қойып отырмыз. Шама-шарқымыз жеткенше осы дүниемен айналысып жатырмыз. Осы облыстағы Елбасының тапсырмасы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігінің проблемаларының шешілуі бірінші кезекте. Бұл бізге рейтинг қуалау үшін емес. Рейтингтің артына түскен телеарна оңбайды. Екінші кезекте телеарнада сараптама жоқ. Жаңалық бір жарым минут қана. Автоматты түрде өтеді, кетеді. «Не? қайда? қашан?» деген үш ақ сұраққа жауап береді. Ол жерде сіз түйін айта алмайсыз. Журналистік көзқарасыңызды білдіре алмайсыз. Тақырыпты ашып, ары қарай зерттей алмайсыз. Осы мақсатта біз «Апта жаңалықтары» деген бағдарлама ашып жатырмыз. Бір аптадағы өзекті деген үш тақырыпты алып талқылаймыз. Таратамыз, айтқызамыз, сенбі күні қорытынды ретінде эфирде береміз. Қалай болды? Не үшін болды? Құр айтып қана қоймай қалай шешетінімізді қарастырамыз. Бұл бірақ бірден болатын нәрсе емес. Себебі оған журналистерді дайындап, үйретіп тәрбиелеуіміз керек. Қазіргі уақытта осы жұмыстар жүріп жатыр. Үшінші жобамыздың да өзіндік ерекшелігі бар. Қазіргі таңда адамдар бір-бірінен суықтап мейірімі азайып бара жатқан кезең ғой. Осы себепті Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Жомарт жүрек» атты жаңа жоба қостым. Бұл жоба эфирде бір немесе екі жыл жүреді. Осы күндері жылы пікірлерге ие болып жатыр. Мақсатымыз – қайырымдылық жасайтын жандарды насихаттау, өзгелерге үлгі қылу. Бізде шариғатта бір қолың жасаған жақсылықты екінші қолың көрмесін деген ұғым бар. Десек те оны ел көрмесе екінші бір адам одан сабақ ала алмайды. Қайырымдылық жасаған адамдар жұрт алдына шығып көрінгісі келмейді. Сонда да болсын біз қазір барлық ресурстарымызды салып, ондай азаматтарды жарыққа шығарып жатырмыз. Төртінші жобамыз – әр өңірдің өзінің ерекшелігі болады. Жамбылдың жігіттері ғана емес, бізде жамбылдың жылқылары да жүйрік. Қазақстанда Абсенттен басқа үш дүркін олимпиада чемпиондығын алған жылқы жоқ. Тоғыз дүркін Қазақстан чемпиондығын жеңген Лазер деген жылқы болды. Өңірде қаншама көкпаршы жігіттер бар. Осыған байланысты жылқы баптаудың әдістерімен халықты таныстыру, өңірімізге тән ерекшелікті таныту мақсатында «Атбегі» деген жаңа жоба аштық. Қазақты жылқысыз елестету мүмкін еместігін ескерсек бұл бағдарлама да өз көрерменін табатынына сенімдімін. Бізде үй шаруашылығындағы сериал көретін келіншектердің, музыкалық арналар қарайтын жастардың, саяси ток-шоулар тамашалайтын қызметтегі кісілердің, ауыл шаруашылығындағы азаматтардың, әр түрлі ат спорттарының жылқыларын баптап далалы жерлерде жүретін ерлердің, жалпы түрлі көрермендердің категориясы бар. Осы жоба қолға алынғалы бері соңғы категориядағы азаматтардың өздерінің ат баптау ерекшеліктерін баяндап бергісі келіп, бір-бірімен бәсекеге түсіп, бізге хабарласып жатқан жайы бар. Сосын, телевидениеде аутсорсинг деген ұғым бар. «Журналистер барлығын біледі, бірақ барлығын толық білмейді» деген сөз бар. Әлбетте, біз барлық саладан хабардармыз. Дегенмен біз оның маманы емеспіз. Түп-тамырымен білмейміз. Сол себепті мен өз жобаларыма мамандар тартуды бастадым. Мысалы, «Музей маржандары» деген бағдарлама бар. Журналист – музейдің маманы емес. Осы үшін біз облыстық өлкетану музейін барлық қажетті техникамен қамтамасыз еттік. Соған сай осы бағдарламаны сол музейдің қызметкері жүргізеді. Ол әр экспонаттың қашан табылғанын, жалпы музейде қанша жәдігер барын, қай ғасырға тән екенін бес саусағындай біледі. Қазіргі таңда аталған музейдің директоры Гүлнұр Ембердиевамен екі жақты меморандумға қол қойып, осы жобаны бірігіп жасап жатырмыз. Облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанға ұсыныс жасадық. Ол кісі қазір жобаны жасап жатыр. Жуырда бастаймыз. Сондай-ақ, өңірдің мәдениет және әдебиет салаларынан хабары бар Несіпбек Дәутаев сынды қаламгерге, «Руханият» орталығының меңгерушісі Ахметжан Өзбековке ұсыныс тастадық. Қарапайым тілмен айтқанда мен мүмкіндік беріп жатырмын. Біздің өңірге не керек екенін осы бағдарламалар арқылы баяндап, телеарнаның барлық мүмкіндігін пайдаланып, өз жұмыстарын көрсетуге жол ашып отырмын. Әр саланың өз маманы өзінің хабарын жүргізсе тақырып ашылады, өткір болады. Тағы бар жасаған дүнием жастармен тығыз байланыс орнаттым. Оларға «міне микрофон, міне студия, міне техника, айт, проблемаңды айт, жастарға не жетіспейді, қанша жас жұмыссыз жүр, қандай проблемалар бар, талқыла, қандай стартап жобалар бар, ортаға сал, жастарға бизнес ашу көздерін айт, қайдан қаражат жіберуге болады, ауылдың жастарын немен қамтуға болады, қалай бос уақыттарын тиімді пайдаланады?, осы нәрселерді ортаға салатын жоба бастаңдар» дедім. Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтенге осы ұсынысымды айттым. Қазір ұйымдастыру үстінде. Жайдарманшыларға өз ойындарын көрсетуге эфир бердім. Осылайша әр категорияға өздеріне керекті дүниесін беру процесін бастадым. Бұл енді бірден нәтиже беретін шаруа емес. Барлығы қажырлы еңбек пен ізденісті талап етеді. Тағы айта кететін жәйт, телеарнада бұрын қызмет еткен журналистерді қайта шақырттық. Олардың қатарында Қасымжан Байкүшіков, Дәулет Жаманқұлов есімді режиссер бар. Мұнда айлық аз болғандықтан мықты мамандарды ұстап тұру қиын. Заман талабына сай олар үлкен қалаларға кетіп қалып жатады. Қазір таңертеңгілік «Рауан» бағдарламасына 18-25 жас аралығындағы жастарға кастинг жариялап жатырмыз.  Жастар көбіне осы ауыртпалықтарға шыдай алмай жатады. Келесі бір қолға алып жатқан жобамыз «Рейтинг» деп аталады. Яғни, өңірдегі аудан әкімдері мен басқарма басшыларының рейтингін шығарып отырамыз. Сауалнама жүргіземіз, блогерлермен ақылдасамыз, сол ауылдардағы қарапайым адамдардан сұқбат аламыз. Ішкі саясат басқармасының рейтингі бар. Қазір келісім сөздер жүріп жатыр. Бұл үлкен жоба. Алдағы уақытта нәтижесін бірге көретін боламыз. Ол үшін қазір әкімшілікпен де келісім жүргізіп жатырмыз. Әлбетте олардың қарсы болуы әбден мүмкін. Басшылықтағылар қай кезде де өздерінің рейтингтерін шығаруға қарсы болған, бола береді. Десек те бұл дүниені телевизиялық жоба етіп шығара алмаған жағдайдың өзінде жұмыс жасап тұрған сайтымыз бар. Сол жерге жариялап отыруымыз мүмкін. Қолға алып жатқан ірі бастамаларымыздың бірегейі былтырғы жылы Алашорданың 100 жылдығын тойладық. Бірақ эфирде бұған қатысты ешқандай материал жоқ екен. Осыған байланысты «Алаш айтқан асыл сөз» тақырыбында өзіміздің арнаның техникалық мүмкіндіктері төмен болғандықтан сыртқа 3д форматында 60 анимациялық ролик жасаттым. Роликтерде Алаш арыстарының ұлтты тәрбиелеу турасындағы айтқан нақыл сөздері жарияланды. Қазір тұрақты түрде эфирден беріліп жатыр. Алдағы уақытта алаштықтардың біздің өңіріміздегі қалдырған мұрасы туралы мәліметтер жасақталып, әрбір тұлға туралы хабарлар дайындалып, эфирде жарияланатын болады. Тағы бір жасағалы жатқан дүниеміз, байқасаңыз Жамбыл облысы дегенде көз алдымызға ең алдымен ат-шабысқа, қылмысқа толы криминалды қала елестейді. Біз бұл стереотипті бұзуымыз керек. Бізге бренд керек. Ал Тараздың бренді не? Әлбетте – тарихы. Осыған орай мен шамам жетсе Таразда болған тарихи оқиғалар Атлах шайқасы, қазақ хандығының қазығы қағылған, Керек мен Жәнібек ту тіккен Қозыбасы жері, Қараханидтер, Төлеген мен Қыз Жібек оқиғасынан да ертеректе болған ғашықтық хикаясы Айша Бибі мен Қарахан бабаларымыздың аңызы, орталықта тұрған Бәйдібек атамыз, Домалақ анамыз, Ықылас Дүкенұлы деген ұлы қобызшымыз туралы анимациялық фильм түсіруді ойға алдым. Қазір сценариі жазылып жатыр. Мұның бәрін бірінші кезекте Жамбыл облысында ештеңе жоқ деген қараңғы ойда жүретін жастарға арнап түсіреміз. Олар Тараздың бренді – тарихы екенін саналарына тоқуы тиіс. Бұл идеяны мен облыс әкіміне ұсындым. Біз «Рухани жаңғыру» аясында майда-шүйде шаралар өткізіп санамызды жаңғырта алмаймыз. Жаңғыру үшін осындай дүниелер жасауға тиіспіз. Бұл келешек ұрпаққа да өнеге болып қалады. Тараз – тұнған тарих. Тараз – аңыз. Тараз – ең көне қала. Енді біз кейде семіз сөйлеп, арық шығып қалып жатамыз. Десек те облыстық телеарна сериал түсіруді де қолға алмақ жайы бар. Бізде арналарда 1000 сериядан тұратын, бір-бірінен ажырасқан, қосылған, шым-шытырық оқиғалы сериялдар көретін үй шаруасындағы келіншектердің категориясы бар. Сондай-ақ, мультфильмдер көретін бүлдіршіндердің категориясы бар. Бірақ біз осылардың ортасындағы жасөспірімдердің категориясын ұмытып кетіп жатамыз. Жақында Наурыз күнін өңірде алғаш рет тоғыз күн тойлауға қатысты «Наурызнама» атты бір жарым сағаттық фильм түсірдім. Осы фильмде 6-7 сыныптың балаларын актер етіп ойнаттым. Ауыл мен қала баласының айырмашылығы қандай? Фастфуд жеген бала мен қуырдақ жеген баланы, асық ойнаған бала мен плэйстейшн ойнаған баланы салыстырып жақсы дүние түсіріп шықтық. Сонда жасөспірімдердің категориясын да қамтуымыз керек екеніне көзім жетті. Олардың бойында шабыт бар. Сол себепті осы жастағы көрерменге арналған сериал түсірмек ниетіміз бар. Ал, туризмге қатысты, қайталау болса да велоэкспедиция ретінде, лайв бағдарлама етіп бір жоба жасамақпыз. Қазір ауа райының жылынғанын күтіп отырмыз. Сосын, тағы бір тасада ұстап отырған «Антиблогер» деген жобам бар. Оны күзде эфирге шығаруға дайындалып жатырмыз. Заң мен тәртіп бәрімізге ортақ. Бәріміз жазған дүниемізге жауапкершілікпен қарауымыз керек. Кейде бір адамның жазуының артында мың адамның тағдыры шешіліп кететін жағдайлар болады. Біз қазір блогосфераны жақсы көтердік. Бірақ оның кері кеткен тұстары да баршылық. Блогерлердің мәдениетін қалыптастыра алмай жатырмыз. Блогерлер өздеріне ешкім бақылау жүргізбейді, ешқайда тіркеуде емеспіз деп не болса соны бөсіп жатыр. Біз аталған бағдарлама арқылы бір аптада Қазақстанның қай блогеры не жазды, оның грамматикалық қатесі, мағыналық қатесі, стилистикалық сараптамасына дейін жасаймыз. Мақсатымыз блогерлермен жауласу емес. Олар бір проблема туралы жазады. Ол проблеманы көтеруде дизинформация бар ма, немесе ол жазба тапсырыспен жазылып отыр ма, эмоциямен жазып отыр ма? Үш сөйлем жазып он алты қате жіберді ме? Осының бәрін сол бағдарламада зерттеп, ақиқатын көрерменге көрсетеміз. Бір аптада осылайша әлеуметтік желідегі белсенділердің жазбаларын сараптап шығамыз. Көрермен ары қарай кімдікі дұрыс екенін өзі елеп-екшеп алады. Міндетті түрде хабарды желіге жариялаймыз. Ол блогер міндетті түрде өз пікірін айтады. Талас тартыс болады. Бұл хабарды эфирге шығармас бұрын жақсы дайындық керек. Өзім жүргізуім әбден мүмкін. Бұл жоба бұйырса қыркүйек айында іске асады. Ал, атқарылған жұмыстарды атап өтер болсам, 60 жылдыққа арналған үлкен шаралар өтті. Байқау өткіздік. Бұрын эфирден алыстаған, барлық арналардың собкорлары болған, осы арнадан түлеп ұшқан журналистерді эфирге қайта шығардық. Ардагер ағаларымызды жинап «Қарашаңырақ» деген фильм түсірдік. Бір реттік флешмоб сынды акциялар ұйымдастырдық. Ең сүбелісі 60 жылдыққа мәдениет басқармасымен бірлесіп айтыс ұйымдастырдық. Көптеген облыстық арналар толық айтысты бірден эфирге бере алмаған. Біз алты сағаттық эфирге еш жерін бұзбай, монтаждамай айтысты сол күйі шығардық. Барлық ардагерлерімізбен бірге 60 жылдық мерейтойға Астанаға барып келдік. Ол кісілерге медаль табыстады. Биыл телевизияның 60 жылдығы болса, келесі жылы осы өңірлік телеарнаның 30 жылдығын атап өтеміз. Біз корпорациялық филиал болғандықтан орталықтағы басшымызға бағынамыз. Мемлекеттік саясатын жүргіземіз. Әрине біз дәл ұлттық арна секілді бола алмасақ та, ұқсап бағып жатырмыз. Мақсатымыз айқын, жұмысымыз белгілі. — Сайт демекші, арнаның ресми сайты аймақтардағы филиалдар арасында көрілім саны бойынша екінші ай қатарынан бірінші орында келе жатыр. Осы турасында баяндап берсеңіз. — Біз 14 филиал сайттардың рейтингі бойынша бір-бірімізбен жарысқа түсеміз. Мен басшылыққа келгенде арнаның сайты осы филиалдар арасында 11 орында болатын. Төрт айдың ішінде рейтингті бірінші орынға шығардық. Басшылыққа келгенімде өзіммен бірге smm маман алып келдім. Өзімнің желідегі белсенділігім бар. Осының арқасында осы жетістікке жетіп отырмыз. — Осыдан бес-алты жыл бұрын қоғамдық пікірді көп жағдайда газет пен телеарна қалыптастыратын. Қазір әлеуметтік желі деген бар. Осы тұста телеарнаның рөлі шетке ысырылып қалады деп қорықпайсыз ба? — Қорқамыз. Дегенмен, қалай болғанда да біз заманның жаһандану көшін қабылдауымыз керек. Соған сай өзімізді дайындауымыз керек. Шетке ысырылып қалмау үшін бәсекелесуіміз керек. Әлеуметтік желінің бірінші орынға шығып тұрғанын да тиімді пайдаланып кетуімізге әбден болады. Қазір арнаның таңертеңгілік бағдарламасынан бастап барлық хабарларды барлық желілер мен сайтта онлайн режимде таратамыз. Осылайша телеарна мен желіні бір-бірімен байланыстырып жатырмыз. Қазір өзіміздің ұжымдағылардың барлығын әлеуметтік желіге тіркелуге міндеттедім. Бір аптада кім не жазды, қандай дүниемен бөлісті, барлығын байқап, қадағалап отырамын. Smm маманым маған апта сайын әр журналисттің парақшасының анализін ұсынып отырады. Телеарнадағы әр журналистің жүргізетін бағдарламасы – өзінің сататын тауары болып саналуы тиіс. Тауарды жарнамаламаса ол өтпейді. Біз бір қулыққа барып жүрміз. Қазір халық негативті бағдарламаға, атыс-шабысқа, қылмысқа құмар. Сол себепті қаладағы қылмыстық хроникаға байланысты «Тосқауыл» деген хабарымыз эфирде жүріп жатыр. Бұл сайттың рейтингіне едәуір әсер етеді. Сонымен қатар тәрбиелік мәні бар әлеуметтік роликтер жасауды бастадық. Оған өңірдегі актерлар, журналистер түсіп жатыр. — Жергілікті арна өңірдегі көрермендердің сұранысын толықтай қанағаттандырып жүр ме? Көрермен қандай өнімге зәру? — Көрерменнің сұранысын қанағаттандыру — қазіргі басты мәселе. Жасап жатқан жұмысымызбен көрерменнің талабына сай болып, үдесінен шығып жатырмыз ба? Бұл басты сұрақ. Жаңа көрермендердің өз категориялары бар дедік қой. Байқасаңыз біз өңірлік арнада ешқашан арзан шоу жасамаймыз. Қазір көрермендер керісінше ондай шоуларды тоқтатыңдар деп шулап жатыр. Мен осы жағынан көрермен сұранысын қанағаттандырып жатырмын деп ойлаймын (күлді). Осы күнгі кемшің болып жатқан жағдай ауылды қамти алмай жатырмыз. Бір шеңбер ішінде қаладағы мәселе, қаланың мәдениеті, қаланың саясаткерлері дейміз де, ауыл шет қалып жатыр. Олар тек қаланың материалдарын көріп өз-өздерін көре алмайды. Біз ауылға шығуымыз керек. Ауылдың жаңалығын, ауылдағы шешімін таппай жатқан мәселелерді көбірек беруіміз керек. Ауылдағы бір көршіні екінші көршіге үлгі етуіміз керек. 10 сотық жерге егін егіп 10 миллион қаражат тауып отырған тұрғындарды көбірек жариялауға тиіспіз. Жұмыссыз жүрген азаматтар үкіметке тіл тигізіп, аузын ашып отырғанша осындай ауыл тұрғындарынан үлгі алулары тиіс. Билікті жамандай бермей, тепе-теңдік ұстауымыз қажет. Көп жағдайда ауылды жерлерге барсам, көңілім толмай қайтамын. Қол-аяғы сап-сау азаматтар ішкілікке салынып, таңнан қара кешке дейін ештеңе тындырмайды. «Бұл не жүріс?» деп сұрасаң «жұмыс жоқ» деп жауап қайырады. Еріксіз басыңды шайқайсың. Жасайтын жұмыс қашан да табылады. Мал өсір, егін өсір, бес-алты қой өсір. Әрекет етпей берекет жоқ. Осыған тәрбиелейтін үлгілі ауылдарды көрсететін бір жобаны бастау ойда жүр. — Демек, бұл арнада ауылдың мәселелерін эфирге шығаруға ешқандай кедергі жоқ қой? — Кедергі де, цензура да жоқ. Бірінші кезекте біз әр хабарды ақылмен, обьективті түрде беруіміз керек. Бір бір жағынан мәселе айтып отырсақ, екінші жағынан мемлекеттік саясатты жүргізуші арна екенімізді миымызға тоқып ұстауға тиіспіз. Мен құр амбицияға беріліп «анау жаман, мынау жаманға» сала берсем арты не болады? Екінші кезекте менің де жеке амбицияларым бар. Меніңше әр телеарнаның өзінің мінезі болуы тиіс. Мінез болмаса телеарна өспейді. — Сізден осында жұмыс жасайтын жастар, журналистика мамандығын оқып жатқан көптеген студенттер үлгі алады. 60 жылдық тарихы бар ірі корпорацияның бір филиалының директоры ретінде қандай жауапкершілік сезінесіз? — Білесіз бе, мен армандар түбі орындалады деген сөзге қатты сенемін. Тек дұрыс нәрсені армандай білу керек. Осыдан 18 жыл бұрын осы телеарнаға байқау арқылы келгенімде, болашақта осы жерге директор болып келемін деген бала арманым болатын. Бұл арманның орындалуына 17 жыл уақыт кетіпті. Бұл жерге білмей, байқамай келе салған жоқпын. Осы қара шаңырақтың табалдырығынан бастап, тәжірбие жинаушы, жәй тілші, редактор, аға редактор, шеф редактор, ұлттық арна собкоры, «Хабар» арнасының собкоры, директор орынбасары, «24kz» арнасының собкоры сынды көптеген мемлекеттік арнанын сатыларынан өттім. Біз жиі өзеннің бергі бетінде тұрып, билік үнемі жау, олар үнемі жемқор секілді, оларды тілдеуге, қаралауға асығып тұрамыз. Неге? Себебі біз өзеннің арғы бетін көрмейміз. Осы миссиямен мен екінші бетті көру үшін мемлекеттік қызметте де жұмыс жасадым. Шымкент облысында әкімшілікте қызмет еттім. Сол орында жүріп мемлекеттік қызметтегілердің бәрі жауыз, жемқор еместігін көрдім. Түсіндім. Түйдім. Осылайша көзқарасым өзгерді. Бұдан соң «Нұр Отанда» саяси партияда ысылдым. Идеологиялық саланың қыр-сырын ұғындым. Ауыл шаруашылығы министрлігінде жұмыс жасадым. Енді өзеннің бергі жағына қайта оралған сәтімде, бұрынғыдай жалаң журналистік амбицияға салынбай, кез-келген материалға сын көзқараспен, күдікпен қарайтын болдым. Оның оң-терісін, дұрыс-бұрыстығын жіті тексеріп, сараптап, содан-соң эфирге шығарамын. Кез-келген журналист өзін толыққанды журналист сезінгісі келсе, мемлекеттік қызметте де сыналып көру керек. Одан соң менің міндетім осы арнада маған дейін басшы болған Елен Әлімжан ағамыз, марқұм Әлмұқан Исақ ағамыз, Мұса Рахманбердиев ағамыз, бертінде Қалыбек Атжанов, мені жұмысқа қабылдап, жетелеген Бекет Момынқұл, Мейрамбек Мылтықбайұлы сынды арнаның алға жылжуына өлшеусіз үлес қосқан ағаларымыздың ізін жалғау болып табылады. Мен өзімді өзім күнде тәрбиелеймін. Себебі осында жұмыс жасайтын журналистерге өзімді көрсете алмасам, жақсы жаза алмасам, бүгінгі креативті трендтерге ілесе алмасам басшы ретінде маған үлкен сын болады. Десек те басшы екенмін деп те бұйрық беріп қойып бір орында отыра алмаймын. Монтажға, жазуға, интервью алуға, сценарий жазуға араласамын. Эфирге шығамын. Күн-түн демей шығармашылық ізденістемін. Әр журналистіммен индивидуалды түрде жұмыс жасаймын. Әрқайсынан жаңа идея сұраймын. Басқа салаларда басқару үлгісі мүлде бөлек. Ал шығармашылық жұмыста сіздің ізденісіңіз айналаңыздағылардан ілгері болмаса сіз ұжымды басқара алмайсыз. Журналистер сізді мойындамайды. Мойындату үшін дамуға, жаңалықты бәрінен бұрын естуге тырысамын. Мұның бәрі мен үшін үлкен жауапкершілік.

— Сіз басшы ретінде, алдыңызға жұмыс іздеп келген жас журналистке қандай талаптар қоясыз?

— Бізде «маман тапшы, кадр жоқ» деп көп жұмыс орындарында, газеттерде айтылып жатады. Мен бұл нәрсеге келіспеймін. Кадр бар. Кадрды тәрбиелейтін адам жоқ. Оқу орнынан тек теорияны оқып келген адам қалай маман болады? Сондықтан маман тапшы демей, маманды дайындайтын аға буын жоқ деуіміз қажет. Мен ТарМУ ректоры Махметғали Нұрғалиұлына бардым. Сізден айлық сұрамаймын. Барлығы тегін. Студенттеріңізге барып лекция оқиын дедім. Мен өзіме маман дайындауым үшін университет қабырғасынан бастауым керек. Мықты дегендерді алып келіп, эфирге шығарайын, сөйлетейін дедім. Өмірде сұлу емес адам эфирде сұлу болуы мүмкін немесе керісінше дегендей. Телеарнаның өзінің сыйқыры бар. Сыйқырлы сандық деп сол үшін айтады. Ұсыныс бердім. Нәтижесі алдағы уақытта болады деп ойлаймын. Ал талап қою мәселесіне келсек, біріншіден, кез-келген жас маманға айтарым журналистке шыдам керек. Журналисткаға келген адам байып кетемін деп ойламауы керек. Журналистика әлеуметтік жағдайды жақсартатын жұмыс емес. Журналистика жан дүниеңмен сүйіп жасайтын сала. Екіншіден, қазіргі журналистер бір салада қатып қалмай әмбебап болса деймін. Бүгінгі трендтен де қалмаса, көзі ашық болса деймін. Біздің облыста саяси сарапшылар жоқ. Кез-келген бір оқиғаға баға бер деп біреуден сұрайын десең кімнен сұрарыңды білмейсің. Бізде осы дүние ақсап тұр. Қазіргі лек журналистерден осындай мамандар шығады деген үлкен үмітім бар. Телеарнада көркемдік кеңес деген бар. Сіз жұмысқа келетін болсаңыз сіздің эфирдегі түріңізді, дауысыңызды, сөзіңізді осы кеңес қарап, талқылайтын болады. Кеңес шығарған шешімге байланысты сізге жетекші белгілеп, жақсылап тәрбиелейміз. Алғашқы кезде ешкімге айлық беремін деп уәде бере алмаймын. Мықты болып, өзіңізді дәлелдесеңіз қалай да бір амалын тауып сізді жұмысқа қабылдаймын. Әлбетте мұның бәріне біршама уақыт керек. Сосын журналист аптасына кемінде бір идея айтпаса, өзінің жұмыс жасайтын орынына жаны ашымаса ол терең ұйқыда деген сөз. Таңертең тоғызда келіп, кешкі алтыда кетіп, айлық алып жұмыс істеймін деген позициядағы журналистің бұл жерге еш қажеті жоқ. Осы саланың керемет жанкүйері болуы тиіс. Бізге мамандығына жанкүйер жас журналистер ауадай қажет. —

-Соңғы сұрақ, ендігі 60 жылдықтың телеарнасын көзіңізге қалай елестетесіз?

— Бұрын газет болды. Одан телеарна шыққан соң, енді ешкім газет оқымайды деген пікірлер болды. Телеарна газетті жұтып қояды деген де ойлар айтылды. Қазір интернет бар, сайттар пайда болды, енді телеарна жұтылады деді. Бірақ бәрі өмір сүріп жатыр. Алдағы алпыс жылда тағы бір жаңа дүниелер пайда болуы мүмкін. Мүмкін барлығы бір жерге жиналып мүлде журналист керек емес болатын жағдайға жетер. Қазір журналисті жоқ, әр көрермен өзінің материалын сыртта түсіріп жіберіп отыратын шетелдік арналар да бар. Сол материалды алып сараптап, монтаждап, эфирге беріп отыратын арналар бар. Телеарна жоқ болып кетеді деген пікірге тоқталайын десек, дәстүрлі БАҚ біздің елден бір ғасыр алға озып кеткен елдерде де телеарналар жұмыс жасап тұр. Дәстүрлі БАҚ болған, болып жатыр, бола береді де. Ал болашақта бәрі цифрланып, форматы ұлғайып, қазіргіден көп есе жылдам хабар таратылатын шығар деп ойлаймын. Біз технологиялық өзгерістердің бәріне дайынбыз.

 

Пікір қалдыру