• Валюта бағамы: USD 366.43 | EUR 420.11 | RUB 5.58 | CNY 52.87 |

Тараз төрінде Астананың мәдени күндері өтті

0

«Баласағұн» орталық концерт залында Ұлы Дала елінің Елордасы – ару шаһар Астананың мерейтойына орай Жамбыл облысындағы Астана күндеріне арналған «Астанадан ақ тілек» атты мерекелік гала-концерт өтті. Облыстағы Астананың мәдени күндері аясында жұмыс сапарымен келген елордалық делегация мүшелері де кеш төрінен төбе көрсетті. Жиырма жылда жер-жаһанға жарық жұлдыздай жарқырап танылған Астанаға жұмыр жүректен төгілген өнер туындылары, «құлақтан кіріп, бойды алар» әсем ән де, тәтті күй де аз төгілмеді. Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының күміс көмей, жез таңдай өнерпаздары бас қалаға арналған өміршең туындылардың барлығын риясыз мақтанышпен, зор тебіреніспен орындап шықты.
«Шалқыма» халық би ансамблі мен «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы ашып берген мерекелік кеш шымылдығы көпшіліктің көңіліне естен кетпес әсер сыйлап, қуанышқа бөледі. Елорда, туған жер, атамекен, Отан ана секілді мәңгілік тақырыптарға арналған үздік туындылардың барлығын халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпаздары мен эстрада жұлдыздары, мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаттары, классикалық, эстрадалық және халық вокалының солистері орындады.
Шаттыққа толы шарапатты шараның соңында елордалық өнер жұлдыздарына Жамбыл облысы әкімінің ықылас гүлі табыс етілді.

Пікір қалдыру