• Валюта бағамы: USD 367.06 | EUR 416.17 | RUB 5.56 | CNY 52.84 |

Құдайдың бермегенін Сарбонна университеті бере алмайды

0

9cd07b1794d67ed43b06fb93a7efc3ad_LШенеунік болу бұрын да оңай болмаған, енді тіпті қиындайтын түрі бар. Біреу баласын шетелге оқуға аттандырып жатса «еее, мына бейшараның шенеуніктіктен үміті бар екен ғой» деп сыртынан мысқылдап қарағанға мықты себеп табылды. Бұдан былай мемлекеттік қызметтің кейбір түрлері үшін заңға өзгерістер енгізілуі мүмкін. Алдағы уақытта жекелеген лауазымға үміткер толықтай шетелдік білімі бар магистрлер болуы керек деген талап кеше көпшілікке таныстырылды.

– Мемлекеттік қызметке орналасу үшін шетелдік магистратураның немесе жалпы шетелдік білімі болуы талап етілетін болады. Ол қазіргі уақытта мемлекеттік қызметкерлердің шетелдік əріптестермен тығыз жұмыс істейтініне байланысты болып отыр. Сəйкесінше, біздің мемлекеттік қызметкерлеріміз келіссөздер жүргізу барысында, маңызды шешімдер қабылдар сəтте, үкіметтік құжаттар дайындау кезінде бəсекеге қабілетті болуы қажет,– деп хабарлады Жемқорлыққа тәуекелділікті анықтау және талдау басқармасының басшысы Динара Жəненова.

«Шалбарын үйкеп 8 сағат кабинетте шіреніп отырып, түк бітірмей үйіне қайтады» деп кінәлайтындар мұны бірден дискриминацияға балап шықты. Бұл жаңалықты 1 сәуірдің тәуір әзілдерімен еш қабыстыра алмаған баршасы тап бір мемлекеттік қызметтен дәмелі болып, мұрны тасқа тигендей шу ете қалды: «ендеше Жоғарғы орқу орындарын түгел жапсын да, аукционға шығарып сатсын»! Сонда бұл дегеніңіз қазақстандық жоғары оқу орындары мемлекеттік қызметкер дайындауға қабілетсіз дегенді ашықтан-ашық мойындағандары ма, әлде? Егер шынында да лайықты білім бере алмайтын дені дұрыс оқу орны қалмаған болса, орта білім беретін колледждерді ғана қалдырып, ЖОО-ның бәрін жапқан дұрыс болар. Онсыз да Қазақстандағы лауазымдардың дені шенеунік, бай әкелердің ақшасына сатылып, жең ұшынан жалғасқан таныстықтан тыныс тарылып отырғанда, бұл өзі өкпені одан әрі қыса түсетін қылбұрау болар түрі бар. Өйткені қолына бір емес, бірнеше шетелдік диплом ұстаса да, біздегі қалыптасқан жүйе бойынша тамыр-таныссыз мемлекеттік қызметке тұмсық сұғудың мүмкін еместігін ұғыну үшін ақылды болудың қажеті жоқ. Әу бастан екі адамға бітім айтып, бес адамға бастық болуды жанымыз қалап тұратын қазақпыз ғой, кейбірінің баласына карьера дейтін құрттың сүйегіне түсіп, жілік майына дейін жайлап алғаны жасырын емес. Отбасындағы төртінші, бесінші буындағы шенеуніктер жақсы геннің ғана нәтижесі емес, мақсатты жоспардың жемісі де. Енді жоспарлы түрде шенеунік жасау үшін шапқылап шетел асырудың жарысы басталады. Қазірдің өзінде лек-легімен аттандырып, ең озық университеттерде білім алып жатқан балаларына күні бұрын «мемлекеттік қызмет» деп аталатын мәртебелі орынға жайғастыру үшін осы заңды әдейі енгізбек деген пікір басым.

Бұл мәселенің бір жағы, екінші бір топтағылар керісінше, мұны үлкен бетбұрысқа һәм жақсылыққа балап отыр. Шетелдік оқу орындары Қазақстандағыдай емес, мүлде басқа үлгіде. Тап осы заң күшіне енетін болса, тамыр-таныстықтың түбіріне балта шабылады, өйткені шетелде оқып келген жастар озық елдің білім берудегі, қызмет істеудегі үлгісін көріп, көңіліне тоқып қайтады. Заңға бағынатын, заңды құрметтейтін елдің университеттерінде жемқорлық, пара беру-алу деген атымен жоқ. Тіпті еуропалық студенттер біздегі жоғары оқу орындарында жаппай жолға қойылған біреуден «көшіру» дегенді қауашағына қанша салып шайқаса да, еш түсіне алмайтын көрінеді. Өйткені олар «Құдай тағаланың бермегенін Сорбонна университеті бере алмайтынын» жақсы түсінеді.

Білім және ғылым министрлігінің дерегі бойынша, бүгінгі күні шетелдерде Қазақстанның 45 мың баласы білім алып жүр. Бір ғана Ресейдің жоғарғы оқу орындарында оқиытын қазақстандық студенттің саны – 26 мың 600. Оның 19 100-і күндізгі бөлімде оқыса, 1700-і халықаралық келісім шарт негізінде білім алып жатқандар. Қытайда – 9 670, оның 700-і мемлекеттік грант негізінде оқитындар. Англияда – 4000, АҚШ пен Чехияда – 1000, Малайзияда – 1500, БАӘ – 715, Түркияда – 783, Польшада – 300 қазақстандық студент білім алуда. Мұның сыртында 2000-нан астам бала «Болашақ» бағдарламасымен оқиды. Ал Білім министрлігінің халықаралық келісім шартымен 1211 студент тағы да аттанған.

Ал енді сұрақ туады: шетелден біліп алып келгендер 60 мың теңге айлыққа шыдап жұмыс істей ала ма? Олардың отанына адал қызмет істеуге ниеті мен құлқы бар ма? Олардан осыны сұраған біреу бар ма, жалпы?

Айгүл Аханбайқызы

Пікір қалдыру