• Валюта бағамы: USD 356.54 | EUR 419.43 | RUB 5.42 | CNY 51.86 |

Тараз саябақтарына сән кіреді

0

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақты қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаты жасалып, саябақ маңындағы тірлік қарқынды жүруде. Маусым айының басында бастау алған құрылыс жұмыстары қыркүйекте аяқталады, деп хабарлайды Тараз қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хатшысы

Мұнда ұлт азаттығы жолында күрескен азаматтарға арналған мұражай бой көтеріп, Қ.Рысқұлбековтың есімі беріледі. Саябақ аумағынан балалар ойын алаңшасы мен қымызхана пайда болады. Жаңғырту жұмыстарын «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Бүгінде саябақта 70-тен астам жұмысшы еңбек етуде.

– Жұмысшыларға кедергі келтірмес үшін саябақты толық жауып, бүгінде тас кеспелер мен су бұрқақтарын жаңартып жатырмыз. Жерден 70 см түсіп кеткен орындарды тегістеп, ескерткішті құзырлы сала мамандарымен келісіп толық бұздық. Енді оны көшіру және орналастыру жұмыстарын атқарамыз. Сондай-ақ жаңадан бой көтеретін мұражайдың да құрылысы қарқынды. Межелеген уақытта жұмысты аяқтаймыз, – дейді «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС директорының орынбасары Мұхамеджан Әбдиұлы.

Ал маусым айының алғашқы күндерінен Төле би даңғылы мен Сыпатай көшесіне дейінгі аралықтағы бағаналар ауыстырыла бастады. Биіктігі 11 метрді құрайтын, 8 қырлы шамдар қала көшелерінің көркіне сән берері анық. Электр сымдары жер астымен жүргізілетін бағандардың арақашықтығы 50 метрді құрайды. Құрылыс 2 айдан соң аяқталады. Сондай-ақ Ниетқалиев-Рысбек батыр көшелерінің қиылысындағы скверде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мұнда 2700 шаршы метрге тас кеспелер (брусчатка), 10 шаршы метрге жасыл газон, 31 дана жарық шамдар, 69 дана орындықтар орнатылады. Сквердің ұзындығы 600 метр, ені 30 метр болатын аумақ абаттандырылып, гүлдер отырғызылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар алда әкімдік алдындағы су бұрқақтарына түрлі-түсті сәуле шамдары мен әуенді су шашу құрылғылары орналастырылып, тараздықтар мен қала қонақтарының көз қуанышына айналатын күн алыс емес. Сол сияқты бүгінде Төле би даңғылының сыртқы жарықтандыру желілерін жаңғырту да жоспарлануда.

Пікір қалдыру