• Валюта бағамы: USD 367.06 | EUR 416.17 | RUB 5.56 | CNY 52.84 |

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ӨҢІРДЕ 9 МЕКТЕП АШЫЛДЫ (видеосюжет)

0

Жаңа оқу жылын жамбылдық жұртшылық үлкен қуанышпен қарсы алды. Аймақта тоғыз бірдей білім мекемесі ашылып, пайдаланылуға берілді. Бұл өз кезегінде өңірдегі  үш ауысымдық мектеп пен білім ошағы тапшылығы мәселелерін шешуге септігін тигізіп отыр. Жағымды  жаңалыққа әсіресе,  бірнеше шақырымға қатынап оқитын оқушылар мен олардың ата-аналары қуанышты.   Сонымен бірге апатты мектептер проблемасы да түбегейлі шешілді. Біздегі білім саласындағы жаңашылдықтарға  тілшіміз шолу жасайды.

Биылғы «Білім күні» мерекесі шын мәнінде облыс тұрғындарына шаттық сыйлағаны рас. Осы оқу жылында облыс 447 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, сабақ басталды. Осылардың қатарында су жаңа тоғыз білім мекемесі оқушыларға есігін айқара ашты.  Бұған дейін мүлдем мектеп болмаған аумақтың бірі «Бәйтерек» шағын ауданы болатын. Мұндағы балалар қаладағы басқа білім ошақтарына қатынап оқитын. Тура бірінші қыркүйекте мектеп-лицей ашылып, алғаш рет қоңырау соғылды. «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған нысан толықтай заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда жаратылыстану пәндері тереңдетіліп оқытылады.  Мектептің ашылу салтанатына қатысқан  облыс әкімі Асқар Мырзахметов қуанышқа кенелген жұртшылықты білім күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Асқар МЫРЗАХМЕТОВ – ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Тараз қаласындағы №24 мектеп-гимназиясының оқушылары да Білім күнін жаңа ғимаратта қарсы алды. Білім ордасының жаңа ғимараты «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша тұрғызылған. Жоба құны 621 млн теңгені құрайды. Нысан құрылысы былтырғы жылдың шілдесінде басталып, ағымдағы жылдың 17 тамызында аяқталды. Айта кету керек, жаңа нысанның берілуіне байланысты, гимназияда үш ауысымды оқыту мәселесі де шешілген. Бұл – Жамбыл облысында мектептерді пайдалануға берудің арқасында реттелген мәселелердің бірі.

 

Жаңа оқу жылын жаңа қарқынмен бастағалы отырған мектеп ұжымы  биыл да оқушыларының  үздік көрсеткішке қол жеткізетініне сеніммен қарайды.

 

Марина ГЛАДЧЕНКО  №24 мектеп-гимназия директоры

Жанар ҚұШАНОВА ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Биыл мұнда бірнеше үйірмелер де ашылмақ.  Кітап қорына бай және электронды оқу залымен қамтамасыз етілген мектеп кітапхана –мұның барлығы  оқушылардың терең білім алуына жасалған жағдай. Жаңа корпуста 14 оқыту сыныбы, спорт және акт залдары мен үлкен асханасы бар.

Өңірде пайдаланылуға берілген  9 нысанның бірі  Тараз қаласы Шөлдала ауылындағы  900 оқушыға арналған оқу ордасы. Бұған дейін ескі мектепте үш ауысымда оқыған балалардың қуанышында шек жоқ.  Өткен жылы құрылысы басталған ғимарат, міне араға жыл салып елді қуанышқа бөлеп отыр. Жобаның құны 1 млрд 794 млн теңгені құрайды.

Байзақ ауылында да  300 орындық  №4 жалпы білім беретін лицейінің ғимараты пайдалануға берілді. Құрылысқа ел қазынасынан 718 млн.теңге бөлінген. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген мектепте сапалы білім алуға барлық жағдай бар. Бастысы, мұнда да  3 ауысымдық оқу жүйесі жойылып отыр. Сондай-ақ, аудандағы 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға тапсырылды.

АТА –АНА  \Мен бүгін шөберемді алып келіп отырмын. Құтты болсын. Осы жерге мектеп соғамыз деген ұсыныс түскенде, бірден келісіп өз жерімді берген болатынмын. Қуанып отырмын\

Меркі ауданы, Сұрат ауылдық округіне қарасты Тескентоған ауылында  1-қыркүйек – Білім күнінде ауданның 90 жылдық мерекесі қарсаңында  №23 мектеп ашылып, ел игілігіне берілді.  150 балаға арналған бұл мектептің табалдырығын 147 оқушы аттады.

Білім күні мерекесінде Қордай ауданында екі бірдей орта мектеп пайдалануға беріліп, қос ауылдың азаматтары қуанышқа бөленді.  Олардың бірі – Сұлутөр ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылы.  Мұндағы  1936 жылы іргесі қаланған №40 орта мектеп ғимаратының тозуына байланысты облыс басшылығы ауылға жаңа білім ошағы қажет деп тауып, былтыр облыстық бюджеттен оның құрылысына 339,5 миллион теңге қаржы бөлінген болатын. Ал, екінші білім ошағы  Бетқайнар ауылдық округіндегі Соғанды ауылында ашылды.  Әсіресе, жаңа жабдықтармен қамтылған сыныптарда жаңаша жүйемен білім алатын оқушылардың қуанышында шек жоқ. Ескі мектеп орнынан бой көтерген 50 орындық №33 орта мектептің жаңа ғимараты құрылысына облыстық бюджеттен 395,898 миллион теңге бөлініпті.

Білім күнін жуалылық жұртшылық та үлкен қуанышпен қарсы алды.  Қызыл арық ауылындағы 150 орындық мектеп дәл мерекеде қолданысқа берілді. Екі қабатты ғимараттың іші сырты замануй үлгіде салынған. Құрал жабдықтардың барлығы су жаңа. Алғашқы қоңырау үнін естуге келген оқушылардың қуанышында шек жоқ. Елбасының Рухани жаңғыру мақаласы мен 100 мектеп, 100 балабақша бағдарламасы аясында Жуалы ауданыда атқарылып жатқан тірліктің бұл бір парасы ғана.

Жаңа оқу жылы  Талас ауданы Қасқабұлақ аулының оқушылары үшін де қуанышты жаңалықпен басталды. Ауыл балалары бұдан былай  120 орындық жаңа мектепте білім алады. Ел игілігіне пайдалануға берілген ауыспалы нысанға бюжеттен 430 млн теңге бөлінген. Шалғайдағы шағын ауылдарда білім ұяларының бой көтеруі ел егемендігінің арқасы,дейді ауыл ақсақалдары.

Жалпы биыл Жамбыл облысында  215 мыңнан астам бала мектепке барды. Олардың 26255-і – мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндер.  Биыл  3,6 және 8-сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес оқиды. Жаңа оқу жылындағы тағы бір ерекшелік, жамбылдық оқушылар  тұңғыш рет «Өлкетану» курсын оқитын болады. Химия, физика, биология, информатика пәндері ағылшын тілінде тек 5 мектепте оқытылса, биыл 185 мектепте жүргізілмек.

Рахия ТҰРМАХАНБЕТОВА – ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтың тапсырмасына сәйкес, өңірде  білім саласының мәселелелері кешенді түрде шешімін табатын болады.  Алдағы жылдары мектептердегі орын тапшылығы толығымен жойылады деген жоспар бар. Сонымен қатар, замана талабына сай білім беру үшін жаңаша жабдықталған оқу кабинеттері мен ІТ сыныптар көптеп ашылуда. Бұл салаға бөлінген қаржы көлемі жылына 100 млрд теңгеден асқанын ескерсек, Жамбыл облысында білім саласының өркендей береріне сенім мол.

Пікір қалдыру