• Валюта бағамы: USD 367.06 | EUR 416.17 | RUB 5.56 | CNY 52.84 |

Руханият орталығында Әзімбек Жанқұлиевты еске алу кеші өтті

0

 Киелі Әулиеата өңірі талай көмейінен жыр тамған айтыскер ақынды түлетсе, соның бірі де бірегейі – Әзімбек Жанқұлиев. Ерекше мақамымен, әуезді үнімен, қағытпа қалжыңымен көптің көңілінен шықса, ақынға деген көрерменнің ықыласы бір төбе. Дегенмен, соңғы кездері көзден кеткесін бе, біраз ұмыт қалғандай еді. Сондықтан биыл қазақтың төл өнерінде өшпес із қалдырған батырды еске алуға арналған кештер көптеп өткізілуде. Соның бірі – руханият орталығында өтті.

Әзімбек Жанқұлиев – Байзақ ауданы, Шаһан ауылында дүниеге келген. Ел арасында «батыр-ақын» атануының да өзіндік себебі бар. Ол ауған соғысына қатысып, қайсарлығының арқасында майдан даласында ерлік пен табандылық танытқан. Аяз Бетбаев, Қасқырбай Нарбатырдан тәлім алып, 80-жылдары айтысқа араласады. Дәл осы кезде төл өнерге төңкеріс келгендей. Жаттандылық жайында қалып, суырыпсалма, төкпеге көшті. Сұлу сазымен, әдемі үнімен лирикалық толғақты айтыс жанрын алып келді. Тұңғыш 1989 жылы республикалық деңгейде бас бәйгені қанжығаласа, аз уақытқа болса да Әзімбек пен айтыс егіз ұғымға айналды. Тіптен, қырғыз, өзбек,түрік ағайындар жыршы, термеші, айыр көмей төкпе ақынның өнеріне бас иген. Өмірдегі, өнердегі жолы өлеңмен өрілген талантты тұлғаның елге жеткізер еңбектері көптің қасы. Сондықтан болар шығармашылығына арналған кештерді үлкендермен қоса, жас буын да асыға күтеді. Бүгін аймақтың айтыс дүлдүлдері мен ақынның туыстары, үзенгілес достары  басқосып, естелік әңгімелері айтылды. Қанаты қата қоймаған жастарға дарын иесінің өзіне тән мақамы мен аспапта ойнау әдістері үйретілді. Небәрі 41 жыл ғана өмір сүрсе де, сөнбес сәулеге айналды. Ауған соғысының ардагерін мәңгі ұлт жадында қалдыру мақсатында Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылынан арнайы көше, туып-өскен жерінен орта мектепке есімі берілді. Келер жылы кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылуына 30 жыл толуына орай ақпан айында аламан айтыс өткізу күтілсе, оны жыл сайын ұйымдастыру қолға алынбақ.Тағы бір сүйінші жаңалық жуырда Ерман Әбдиевтің «Әзімбектің әзілдері» атты туындысы жарыққа шығады. Осылайша, айтыс өнерін қайта түлеткен ақынға жерлестері лайықты құрмет көрсетуге ниетті

Пікір қалдыру