• Валюта бағамы: USD 366.43 | EUR 420.11 | RUB 5.58 | CNY 52.87 |

Жамбыл облысында су тоғандары қалпына келтірілмек

0

Картинки по запросу су тоған

Өңірде суармалы егістік жерлерді ұлғайту мәселесі кеңінен қолға алынуда. Ол үшін әрине бірінші кезекте су қоймаларын қайта қалпына келтіру керекті. Осы бағытта арнайы комиссия құрылып, жер-жерлерді аралап су көздерінің жай-жапсарымен танысу үстінде.  Аграрлы өлке   Жуалы жерінде 4 бірдей тоған тозығы жетіп, істен шығып қалған. Мәселен, Қарасаз ауылындағы Береке каналында 300 текше метр су сақтаулы болса, бүгінде 100 га егістікке су еркін жеткізілуде. 90 жылдары дамбы болған бұл бөгет газ жүйесін жүргізу барысында бұзылған. Аумағы 3 га болар тоған іске қосылар болса, егістік алқабы 250-300 га-ге ұлғаймақ. Бұған дейін қызылша өндірумен аты шыққан Ақсай ауылындағы Қайрат қоймасының да халі мүшкіл. Қысқы қармен жауын-шашынның арқасында 3000 текше метрдей су жиылып, әзірге 82 га суғарылуда. Осы сынды Шетбұлақ, Жарбұлақ су тоғандары да қайта жөндеу жұмыстарын  керек етеді. Ырзығын жерден теріп отырған шаруалар жаңбырлатып суару немесе насостармен амалдап күнелтуде.Айтуларынша, арналары бұзылып, қараусыз қалғандықтан шөп басып, күл-қоқыс алаңдарына айналып бара жатқан бөгеттердің жұмысы жанданса, қырғыз еліне де тәуелділік туындамас. Сарысуда егін шаруашылығы оңды жолға қойылмаған. Десек те, азын-аулақ егін егіп, тіршілік кешіп отырғандар баршылық. Алайда бұған дейін Қаратас, Әбілдә ата су тоғандары  кәдеге жарап келсе, біраз жылдан бері мұнда да су тарылып қалған.  Жұмыс тобы былтыр су шайып, салдарынан бұғаттары опырылып қалған Көшек батыр ауылындағы Бөлекқызыл су қоймасына да атбасын тіреп, көзбен көріп қайтты. Қайта қалпына келтіру жұмыстарын жергілікті билік шамамен 36 млн теңгеге бағалап отыр. Құрамында су мамандары, ғалымдар мен жобалаушылар бар комиссия бірер күнде ұсыныс келіп түскен барлық аудандарды аралап, жағдайды сараптамақ. Одан соң, мақұлданған нысандардың құрылысы басталып, келер егін науқанына дейін диқандар игілігіне беріледі деген ауқымды жоспар бар.

Пікір қалдыру