• Валюта бағамы: USD 367.06 | EUR 416.17 | RUB 5.56 | CNY 52.84 |

ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫН ДАМЫТУҒА СЕРПІН БЕРЕДІ (видеосюжет)

0

Жамбыл облысында  индустриалды аймақ құру арқылы отандық және шетелдік инвестицияларды тарту үшін қосымша қолайлы жағдайлар жасалмақ. Ол үшін жергілікті билік индустриалды аймақты толық пайдалану үшін инвестиция тартудың жан-жақты мүмкіндіктерін қарастыруда. Бүгін өңір басшысы Асқар Мырзахметов сала басшыларының басын қосып, бұл бағыттағы жұмыстарды пысықтады, деп хабарлайды spiker.kz JAMBYL телеарнасына сілтеме жасап.

Жамбыл облысында индустриалды аймаққа жоспарланған жер 40 гектар. Қазір индустриалды аймақта әзірге екі компания өз кәсібін жүргізуге ниет танытып отыр. Келесі жылы бұл аумаққа қажетті инфрақұрылым жұмысын жүргізу көзделген. Осындай мақсатқа пайдаланылатын жер телімдеріне тағы да  қажеттілік туындауда.  Себебі, 39 шағын индустриалды аймаққа сұраныс бар. Ол үшін 2000 гектар жер қажет. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының мәліметінше, облыс аумағында коммуналдық меншіктегі 46 бос тұрған ғимарат бар көрінеді. Алайда, бұларға қызығушылық танытып отырғандар кемде кем. Кәсіпкерлер тарапынан сұраныс болмай тұр. Асқар Мырзахметов, бұл мәселені жан-жақты ойластырып, бос нысандарды басқа да бизнес мақсаттарға беру жағын ойластыру қажеттігін айтты. Тоқтап тұрған кәсіпорындар негізінде шағын индустриалды аймақтарды құрып, бос тұрған ғимараттарды өндірістік мақсатта қолданудың пайдалы жағы сөз болды. Жұмыстың тиімділігін арттыру үшін ақпараттандыруды жандандыру тапсырылды. Яғни, онда индустриалды аймақ үшін жергілікті атқарушы билік тарапынан болатын қолдау, жеңілдіктер мен мүмкіндіктер жайлы мәлімет толық көрсетілуі тиіс. Тараз қаласындағы 22 мың кәсіпкерлік нысандарының кем дегенде отыз пайызы мұны білгені жөн, деді әкім. Бұл ретте мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылған «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының мүмкіндіктерін барынша пайдалану ұсынылды.

Пікір қалдыру