• Валюта бағамы: USD 378.66 | EUR 431.56 | RUB 5.7 | CNY 55.89 |

Мұражай жасақтаған мектеп

0

Биылғы оқу жылында білім ошағында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында мектеп тарихын паш етуге, аянбай қызмет етіп, артында із қалдырған, елімізге танымал азаматтарды жас ұрпаққа танытып, оқушыларды отан сүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында мұражай ашылды.

«Жақсыны көрмек үшін» деген сөз бар.Жаңалықтан хабардар болып, көру үшін барған біздерді мұражай жетекшісі Назира Жанбекова таныстырып өтті. Мұражайдан көп нәрсені көріп, көңілге түюге болады. Бөлменің қақ төріне кемеңгер жазушы, өзінің том-том шығармаларымен қазақ халқын әлемге танытқан заңғар жазушы М.Әуезовтің суреті мен өмірбаяны ілінген. Есіктен кірген кезде мектептің айтпай-ақ, жазушының есімімен аталатынын аңғара аласыз. Сонымен қатар, «Өткен күннің тарихы-болашақтың куәсі» тақырыптағы стендте білім ордасының есігі айқара ашылғаннан бүгінгі таңға дейін мектепті басқарған директорлар мен ардагер ұстаздардың суреті мен өмірбаяндары, мектеп тарихы жайлы мәліметтер беріліп, ұстаздық еңбек жолында жетістікке жеткен оқытушылардың суреттері ілінген.

Бөлменің оң жақ қабырғасына Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай «Туған жерге айрықша іңкәрлікпен атсалысу шынайы патриотизмнің маңызды көрінісі» тақырыбында үлкен көрнекілік тұр. Онда аудан тарихы, бірнеше жылдар алдын өмір сүрген кемеңгер ойшылдарымыздың кесенелері жайлы мәліметтер берілген.

Ал, сол жақ қабырғасында түрлі тақырыптағы буклеттер қойылып, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы батырларының суреттері мен ауған соғысы ардагерлері өмірбаяндары, сұрапыл соғыста қолданған заттары мұражайдың ажарын аша түскендей. Сонымен қатар, өткен 19-20 ғасырларда қазақ халқының күнделікті тұрмысында қолданылған ағаш табақтар, ағаш қасық, шелек, су құятын ыдыстар, кілем, алаша тоқуда қолданылған тарақтар  және ұлттық аспаптарымыз қобыз, сыбызғылар бар. Ал, 20-ғасырдың ортасында қолданыста болған күйтабақтар, радио, магнитофонды осы мұражайдан көре аласыздар.

Сонымен қатар, мектептің еңбек пәні оқытушысы Ерболат Дулығаевтың «Қалқан», «Дулыға», «Айбалта», «Сыбызғышы қыз» атты туындыларынан бұрыш ұйымдастырылған.Батырлардың бас киімдері, мектеп оқушыларының саз балшықтан, ағаштан жасаған бұйымдары, түрлі-түсті бояумен салынған «Астана», «Тәуелсіздік-тұғырым» тақырыптардағы суреттері ерекше көз тартады. Әсіресе, мектеп ұжымдарының, оқушыларының білім сайыстарынан, спорттық жарыстардан жеңіп алған кубоктары, мақтау қағаздары мұражайға ерекше көрік беріп тұр.

Білім ордасында Туған ел, Отан жайлы тақырыптағы тәрбие сағаттардың көбі осы мұражайда өткізіледі.

Мектеп оқушылары қызыға келіп көріп, өздеріне керекті мағлұматтарды, қажетті заттарды осы жерден алып, тамашалай алады.

Пікір қалдыру