• Валюта бағамы: USD 376.73 | EUR 427.36 | RUB 5.75 | CNY 56.07 |

Елбасы мақаласы кемелдену кілті

0

Сарысу ауданында Елбасы жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласымен танысу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар тарапынан қолдау табуда. Олар бірауыздан маңызы мол құжаттың дер кезінде жарияланғанын айтты. Ал мақаладағы тапсырмаларды жүзеге асыру – еліміздің терең тарихы мен мәдениетін кеңінен насихаттауға байланысты басқосулар аудан төңірегінде бір мезетте жүргізілді.

     Осындай маңызды басқосу Сарысу ауданы әкімдігінің мәжіліс залында өткізіліп, мемлекеттік қызметкерлер өз ойларын ортаға салды.

      Бұл маңызды құжат бір жарым жыл бұрын жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы. Айта кетсек, Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы екі бөлімнен тұрады. Біріншісі «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деп аталады.

Онда Елбасы қазақта киелі саналатын жеті қазынаның жеті қырын тәптіштеп айтып, мән-мағынасын ашып түсіндіреді. Әсіресе, текті жануар жылқыға кеңірек тоқталыпты. Сондай-ақ, қазақтың тылсым табиғаты назардан тыс қалмады. Осылайша жаһандық тарихтағы өз рөлімізді дұрыс пайымдауға шақырды.

Мақалада айтылған маңызды  міндеттерге Сарысу ауданы әкімі Балабек Жанбекұлы Нарбаев тоқталып өтті.

  • Бір жарым жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген бағдарлама-мақаласын жариялаған болатын. Сол бағдарлама аясында көптеген жақсы іс-шаралар өтіп, нәтижелі жұмыстар жасалды.

Күні кеше ғана жарық көрген Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы осы бағдарламаның жалғасы десек болады.

Мақала көңілге қонымды. Өзіңнің тарихыңмен мақтанып қана қоймай, сол тарихтың қыр-сырын сараптап, ғылыми негізде болашаққа бағдар жасайтын маңызды құжат болып отыр.

Мақала еліміздің тарих қойнауына кеткен әрбір жылында қол жеткізген табыстары мен жетістіктері — мемлекетіміздің тікелей қарқынды дамуы мен халықтың әл-ауқатын аттыруға бағытталғаны белгілі.

Елбасымыз мақала арқылы бүкіл әлемге Қазақстанның қандай екенін көрсетіп отыр. Оқыған адамның санасына патриотизм сәулесі сіңіп, ерекше рух беруде.

Мақаланың «Атқа міну мәдениетінен» басталғаны тегін емес. Себебі, біз атқа мінсек арқаланып кететін, дүбір естісек білек түретін ұлттың баласымыз. Тұлпар мініп, ту алған елдің ұрпағы үшін түп-тамырын тану өте маңызды іс.

Жалпы мақалаға көз жүгіртсек, онда өткен тарихымызды зерделей келіп, ұлы даланың жеті қырын атап көрсетіп, оны қайта жаңғырту жолындағы жаңа әрі ірі жобаларды қолға алу ұсынылып отыр.

Атап айтқанда, «Архив – 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деп аталған маңызды жобалар ата-бабамыздың көп ғасырлық мұрасын бүгінгі тарих сахнасына көтеруге кепіл болатынын мәлімдеді.

Осы жобалардың ішінде жеті жылдық мерзімге белгіленген «Архив – 2025» жобасын ерекше атап өтуге болады. Елбасы өзінің сөзінде «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы ата-бабамыздың өркениеті жөніндегі көптеген құжаттардың әлі де бітпегендігін, елеулі іргелі зерттеулер жүргізу қажеттігін алға тартты. Осы бағытта, мәліметтердің көпшілікке қолжетімді болуы үшін цифрлық форматқа көшіру міндетін қоюы Елбасының көрегенділігін аңғартып отыр.

Өйткені, бұл бүгінгі ғылым мен техника, технология дамыған заманда Қазақстанның әр тұрғынына ұлт тарихын санаға сіңіруге зор мүмкіндік бермек. Мұның әсіресе, өскелең ұрпақ өкілдері үшін мәні мен маңызы ерекше.

Бізге нағыз қажетті дүниелер «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында кеңінен айтылды. Рухани жаңғыру бағытында аудан көлемінде жасампаз жобалар атқарылды. Енді Елбасы мақаласындағы игі бастамаларды «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жалғасы деп қабылдап, оның жемісті жүзеге асуына ықпал етуіміз керек,-деген аудан басшысы мақала төңірегінде ой-пікірін білдіремін деушілерге сөз берді.

Осы мақсатта Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі, филология ғылымдары кандидаты Құдайберген Мәмбетов:

— «Біріншіден, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жаңа мақаласы бүгін туа қалған дүние емес. «Ұлы даланың жеті қыры» ұзақ жылдарғы тереңнен  қозғалған ой толғанысының, толассыз ізденістің, қажырлы қайраткерлік еңбектің, көшбасшылық қасиеттің, қиян асуда қия баспай өркениеттің  өскелең жолын таба білерлік даналықтың нәтижесі.

Осы еңбекте жүйеленген тақырыптар мен тарихи деректер, құбылыстар көріністерін Президенттің біздің жаңа дәуіріміздегі  ресми  баяндамаларымен қатар оқушысымен ой қорытып, пікір алысу мақсатында жариялаған талай еңбектерінен байқау қиындық туғызбайды.

Тіпті, Елбасының бастамашылдығымен бірнеше жыл жемісті жүргізілген «Мәдени мұра» бағдарламасынан тыс бір жылымыз «Тарих жылы» деп аталғаны  да ел есінде.  Сол сияқты көп жұмыстардың ұзақ жылдар бойына жүргізіліп келе жатқанын айтсақ та жеткілікті.

Мемлекеттік тәуелсіздігімізді жариялап, дүниежүзілік қоғамдастыққа мүше болған алғашқы күндерден бастап Елбасы біздің бүгінгі мемлекеттігіміздің тамыры тереңде жатқандығына, тарих толқынында талай-талай сындарлы кезеңдерден арпалыспен, күреспен өтіп, ұлттың ұлт болып сақталып қана қалмай, әлемдік өркениет дамуына өз үлесімізді қоса аларлық мүмкіндігіміздің мол екендігіне айрықша мән, маңыз беріп келе жатқанына ел, жұрт, біздің ұлтымыздың тәуелсіздік тұсындағы өсуі, өркендеуі, жетістіктері айқын куә, әрі дәлел», — деп тоқталды

Содан соң ауданның бас имамы Ғалымжан Қабылбекұлы Қонақбаев  тәрбие, білім және қазақи мәдениет турасында өзінің ой-пікірін білдірді.

Ортақ ой айтып, пікірлерімен бөліскен зиялы қауым өкілдері мақаланың мәнін ашып, дүйім жұртқа жан-жақты етіп түсіндіруге басымдық бермек. Ұлттық құндылық пен тамыры тереңде жатқан тарихымызға қатысты мақаладағы міндеттерді билікпен бірге орындауға да ниетті екендерін айтты.

Маңызды басқосуды қорытындылаған аудан басшысы Б.Нарбаев: -Бұл туынды арқылы төл тарихын жетік білетін, бағалайтын және ұлттық рухта өскелең ұрпақ өсуі мүмкін. Ол үшін біз Елбасымыз айтқан басымдықтарды іске асыруға, тәлім-тәрбие беруде аянбай белсене атсалысуға міндеттіміз.

Осы орайда, баршаңызды — Елбасымыздың мақаласын тұрғындар арасында түсіндіріп, насихаттауға және оның орындалуына ат салысуға шақырамын.

Баршаңыздың атқарар ортақ істеріңізге сәттілік тілеймін,-деді.

Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.

Пікір қалдыру