• Валюта бағамы: USD 379.29 | EUR 426.4 | RUB 5.93 | CNY 56.58 |

Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын

0

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің кезекті Жолдауында «2019 жыл – Жастар жылы» екендігін жариялап, дүйім жұрттың назарын жаңашыл бағыттың жоғарғы сатысына қарай бағыттаған болатын. Расында кеңістігі ауқымды заман арнасында жаңашылдық қажет-ақ. Бұл үлкен бетбұрыс, жастарға біріншіден мүмкіндік, екінші жағынан жауапкершілік. Әрине, бұл жастар үшін – үлкен мәртебе. Мемлекет қолдауы өскелең ұрпақтың ертеңге деген сенімін арттырады.

Жаһандық заман даңғылында даңғазалықпен шектеліп жүруден істің өнбесі хақ. Өткен мен бүгіннің арасын тепе-тең ұстап тұратын жастар бүгінде өз мүмкіндіктерінен қапы қалмауы тиіс деп есептеймін. Көлеңке, күнгейі қатар өрілген заманда өткенге тағзым көрсетіп қана қоймай, өткеннің тағылымы мен танымын жаңа ғасырдың тізгінін ұстаған бүгінгі Тәуелсіз елдің игілігіне жарату – ұрпаққа аманат. Еңселі егемендіктің аспанының астында, Тәңір тарту еткен Тәуелсіздіктің иісін сезініп жүрген жастарымыз жалтақтықтан ада, батылдыққа бекем, бет қаратпас дауылдарға шайқалмаған батыр халықтың ұрпағы екенін іспен көрсететін шақтын келгені анық.

Қазіргі техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның шарықтап тұрған заманында, жастар шеберліктің шыңына жете біліп, білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға ұмтылулары қажет!

Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Жас буынның алға қойған басты мақсаты — заманның беталысына қарай, елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанның мәртебесін асқақтату.

Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын. Сондықтан болашақтан үлкен үміт күттіретін жастарымыз қазіргі қоғамдағы барлық салаға атсалысып, Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында аянбай еңбек етуі қажет. Оның бірден-бір жолы жастарға дұрыс жол көрсетіп, олардың негізгі міндеті – мемлекеттің, елдің жауапкершілігін сезіну екендігін түсіндіру. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның болашағы бүгiнгi жастар. Сiздер оларға қалай бiлiм берсеңiздер, Қазақстан сол деңгейде болады» деп атап көрсеткен болатын. Олай болса, ертеңіміздің қандай болмағы – жас буынға берген білім мен тәрбиеге байланысты. Елбасының бұл ұсынған саясаты университетіміздің студенттеріне, жас буынға тың серпін бeрeтін, хaлқымыздың игілігін көздeйтін шынaйы іc-жоcпaрғa құрылғaн әрі құндылықтaрымызды зaмaнaуи бaғыттa жaңғыртуғa жол cілтeйтін жaңa қaдaм болды. Қазіргі таңда Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ұжымы студенттерге білім арқылы отаншылдық, азаматтық позицияны үйретуге жұмылып отыр. Жастар біздің қоғамымызда қандай қажеттіліктер болса, соған сай жауап беруі тиіс. Ол жауапкершілікті билік басындағыларға  артып қоймай, қоғамның әрбір мүшесі сезінуі тиіс.

Елбасымыз Мәңгілік елдің жастарын ел мұраты үшін қызмет ететін тұлға ретінде көргісі келеді. Сол себепті жастарға барынша қолдау көрсетуді мақсат етеді.

«Жастар жылында» сапалы білім беру, жұмыспен қамтамасыз ету, жастардың бос уақытын тиімді өткізу, мәдени демалысты ұйымдастыру, жас отбасыларына қолдау көрсету сияқты игі шаралар еселене түсіп, қарқын алады деген ойдамын.

Өмір үздіксіз талап пен талпыныстан, үйрену мен ізденуден, жаңару мен жаңғырудан тұрады. Сол себепті бүгінгі жастарға үздіксіз іздену, өздерін жетілдіріп отыру, рухани жаңғыру басты міндеті деп білемін. Жастардың бойында асқақ рух пен жастық жалын және жастарды қолдайтын елі бар!

Жастарға сенім артып, оларға қолдау көрсетіп, жағдай жасап, қоғамда өз орнын табуға мүмкіншілік тудырып отырған Елбасымызға алғысымыз шексіз. Осыған жауап ретінде  жастар өзін-өзі жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсауы тиіс, себебі жалпы мемлекет дамуы – жастардың алға басқан ұмтылысында, жаңаша көзқарасы мен қажырлы, адал еңбегімен байланысты.

Келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгу қажырлы еңбекті қажет етеді. Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет. Жұмыла көтерген жүк жеңіл, еліміз, отанымыз Қазақстанды көркейту жолдындағы таудай талабымызға құт дарысын.

Халқын – ынтымаққа, жұртын – жұмаққа жетелеген әлемдік дағдарысқа қарсы және қарапайым қазақстандықтардың мұң-мұқтажын шешуге бағытталған Елбасының бастамаларын  бір ауыздан қолдаймыз.

Біз жастарымызды аға ұрпақты құрметтеуге, қоғамдағы келісім мен өзара  түсіністікті сақтауға,  өз Отанының патриоты болуға үндейміз. Біздің жолымыз – бейбітшілік, жасампаздық пен прогресс жолы, оған Қазақстан халқының орасан зор рухани және адамгершілік әлеуетін  шоғырландыра  отырып жетеміз.

Жастар туралы сонау ХХ ғасырдың басында ақиық ақын М.Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп жырласа, ұлт көсемі А.Байтұрсынұлы «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» — деп жастардың терең білімді болуымен қатар тағылымды тәрбие алуларына ерекше мән берген.  Сол заманның тағы бір алып ақыны С.Торайғыров «Ақыр түбінде қара бұлт ашылып, қазақ жастарының да әлеуметтік теңдікке жететініне, өз елін бақытқа бастар азамат боларына, бүкіл қазақ қауымының қапастан құтыларына сенімім бар» — деп келешек жастардың болашағы жарқын болуларына сенім білдірген. Менің ойымша, бүгінгі жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның жастары Алаш алыптары армандаған, мұрат тұтқан, сенген сенімдерін ақтады. Және келешек еліміздің дамуында ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жұмылған бірлігі бекем қалпында осы қалпынан танбай биік асуларды бағындыра береді деп ойлаймын.

Ойымды қорытындылай келе ұлт үшін ең басты байлық, ең қымбат қазына – ұлт мүддесі, мемлекет келешегі. Жаңашылдықты жаршы еткен жастар жылы есілдей ерліктер мен жайықтай жаңалықтарға толы болатынына сенім білдіремін.

Ержан Әмірбекұлы

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры

Пікір қалдыру