• Валюта бағамы: USD 386.82 | EUR 428.67 | RUB 5.86 | CNY 54.95 |

«ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТІМІЗ ЖАҢАШЫЛДЫҒЫМЕН ТАНЫЛДЫ…» Ж.ӘБДІХАЛЫҚ

0

Соңғы айдағы соны жаңалықтар, өзекті өзгерістер талай сәуегейлердің саяси болжамдарын быт-шыт еткені көз алдымызда. Көріпкелділігі көрші үйдегі құмалақшы апамның долбарларымен деңгейлес кейбір политологтар дөп басып дәлдік таныта алмай далбасалап кетті. Мен сияқты орташалау миы барлардың бәріне бұрыннан белгілі болжамдарды бұқтырып, б/у қалпында қауашағымызға қайта салып берді. Ресми тілдегілердің кейбір тәпсірлері көңілге қонымды болғанымен, артында аюдың әлсіз әуені ақырын есіп тұрады. Қашаннан сондай… Ал, қалжасы бірлердің сәуегейлігі Казгидрометтің «жауын жауады немесе жаумайды» деген жауырды жаба тоқыған тоқмейіл түсіндірмесі секілді бірдеңе. Содан келіп, саусақтары смартфонға икемділердің барлығы саясаткер болып шыға келдік. Терек пен бұтаққа да обал болды. Екеуіне де тигізе алмай жатырмыз. Дәл қазір кез-келген таксиге мінсеңіз, екі светафордың арасында жол ережесін төрт рет бұзып келе жатып, мұқым мемлекеттегі заңсыздықтарды боқтап отырады. Қиуы кеткен терезедегі жартылай ашылған жерден «былш» еткізіп түкіргенін қоспағанда…
Апырым-ай, мынандай мықты саясаткердің қор болып көлікте отырғанын ойланып біткенше діттеген жеріңізге жетіп қаласыз. Содан, соңғы уақытта санамызға «тренд» түрінде сіңген «транзит» терминінің түбірін толық түсінбесек те тілге ықшамды болғасын бәріміз төпелеп айтып жатырмыз. Экономиканың белгілі саласы мен режимнен-демократияға ауысу баламасын беретін ұғымның біздің басқару формасына мүлде сәйкестенбейтінін біле тұра әр мәтінге қолдану әдетке айналған.
Алайда, Елбасымыз бұл жолы да көш ілгері ойлайтын кемеңгерлігін көрсетіп, сары майдан қара қылды суырғандай өте бір нәзіктікпен, ерекше ептілікпен, күрделі құбылыстың күрмеуін қоғамға салмағын салғызбай шешіп кетті. Өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, сайлауға дейін тізгінді Тоқаевқа тапсырғаны тәуелсіз елдің тарихындағы тағы бір тыңға түрен салынған саяси шешім!
Ешкімге ұқсамайтын ерекше шешім! Ішкі хәм сыртқы сақа саясаткерлердің өзі араға күн салып барып естерін жиды — ау деймін.
— «Осылай боларын білмедік» деген пұшайман пікірлер арагідік айтылып жатты.
Ата Заңның аясында саяси статусы мемлекеттегі екінші жоғарғы лауазым болып саналатын сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлының еліміздің екінші президенті атануы қай жағынан алсаңыз да көңілге қонымды. Төтеннен топ ете түскен тосын тұлға емес! Тәуелсіздіктің бастауынан бері күні бүгінге дейін биліктің барлық баспалдағынан байыппен өткен әбжіл саясаткер! БҰҰ-ның бір тармағын басқарып халықаралық аренадағы беделін бекемдеген бірегейлігі бір төбе! Бастысы, соңынан суық сөз ертпеген зиялылығы мен жүз бен рудан биік тұратын парасаттылығы тағы бар!
Алғашқы сапарын киелі өлке Түркістаннан бастауы, бір айдың ішінде бірнеше рет мемлекеттік тілге басымдық беріп алдыңғы орынға шығаруы, тұңғыш Президенттің бастамаларын жетілдіріп жалғастыруы, үстінде 16 ақ млн жолаушысы бар алып кемені абайлап алып жүрудің әдемі көрінісін көрсеткен жоқ па? Қазір кейбір әкімдер мен министірлердің бірінің бастағанын екіншісінің іліп әкетуі некен саяқ. Кілең реформаторлар! Жаңадан бірдеңе бастап, оны аяғына дейін жеткізе алмай әлектеніп жүргендері. Содан келіп сүп-сүйкімді салалық бағдарламалар бұқараға барғанша сиырқұймышақтанып жоғалып тынады. Ал бұл тұрғыда жаңа мемлекет басшысының, Елбасы жолын жалғастыруы, барлық стратегиялық бағыттарды дамыта отырып орындалуын талап етуі, нағыз Ізбасарға тән толымды қасиет, тура жол деп ұққан жөн!
Әйтпесе кейбір көршілердің бұрынғы басшысы мен бүгінгісі бет жыртысып Путиннен пәтуә сұрап, шерменде күйде отырғанын көріп отырмыз. «Демократия» дегенді далаға шығып даурығу деп ұғынған ұлттың ұшпаққа шыққаны шанда ғана! От пен оқтың ортасында жатқан біраз мемлекетті айналып өтіп бір ғана мұнайға малшынған Ливияның мысалы: Екі үкімет, түсініксіз төрт парламент! Бас-басына би болғандар тағы соғысты бастап кетті. Қайран халық! Кезінде өздері көшеде күрекпен ұрып өлтірген Каддафиді тірілте алмай күңіреніп жүр. Демократияның үлгісі, әділеттік орнатқыш АҚШ-ты да, бір кіндіктен тараған үлкен Буш пен кіші Буш басқарғанын ұмытпайық. Сондықтан, әр мемлекеттің тарихи болмысына сай ішкі демократиясы болғаны абзал. Ол үшін билік басына ұлтжанды азаматтардың көптеп келуі, теоретиктердің орнын прагматиктердің алмастыруы, аға буынның жас буынға жол беріп жөн көрсетуі ауадай қажет. Жаңа президентіміз бұл жағынан да жаңашылдығымен танылды. Кадр мәселесіне аса бір ыждаһаттылықпен қарап отыр. Оның айғағы Ақордаға Алашшыл азаматтар келе бастады. Ақпаратқа жауапты адамды аппараттан емес, дотациялық облыстың идеологиясын дырылдатып сүйреп жүрген пияр-менеджер Берік Уәлиді алдыруы қоғаммен ашық байланысқа дайынмын дегенді айқындап отыр. Ерлан Кариннің кеңесші қызметіне келуі қай тұрғыдан да ұтымды. Стратег саясаткер, халықаралық деңгейдегі менеджер!
Сауатты журналистердің көшін бастап тұрған Дәулетхан Жиенқұловтың жаңа билікке жақындауы біраз нәрсені аңғартады. Үшеуін біріктіріп тұрған «Ұлтқа қызмет ету» деген ортақ мүдде! Басынан бақайшықтарына дейін қазақылығы аңқыған жігіттердің күрделі кезеңде жауапты жұмысқа жегілуін қуана құптап қана қоймай, қолымыздан келгенше көмектесу азаматтық парыз!
Сонымен, мұрыны барлардың барлығына иісі келіп тұрған сайлауға санаулы уақыт қалды. Тұлға таппай шоуменнің шаужайына жармасып, оны демократия деп дауласып, сатира мен саясатты шатастырып жүргендерге қарағанда шүкірміз!
Кісілік кемеріне келген ел ағалары баршылық! Солардың көш басында қазіргі президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тұр. Кеше бір сайттардағы сауалнамаға көз жүгіртсем, сұралған 2 мыңға жуық респонденттердің 40%-ы Қасым-Жомарт Кемелұлын Президент болуға лайық бірден-бір сенімді кандидат ретінде көріпті. Және бұл сауалнама бар болғаны небәрі екі күнде жүргізілген. Дәл осы бағыттағы біркелкі берекелі тірліктер жалғасын тауып жандана берсе бүгінгі президентіміз бәйгені шаппай алуы бек мүмкін.

JAMBYL телеарнасының директоры Ж. Әбдіхалықтың фейсбуктегі жеке парақшасынан.

https://www.facebook.com/zhasulan.abdihalyk

Пікір қалдыру