• Валюта бағамы: USD 384.52 | EUR 431.32 | RUB 6.1 | CNY 55.89 |

Бекболат Орынбековтың қатысуымен аудан әкімдігінің мәжіліс жиыны өтті

0


Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтың қатысуымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында жиын өтіп, онда 2018 жылы аудан аумағында атқарылған жүйелі жұмыстардың жай-жапсары сараланды. Жиынға аудан әкімі Асқар Қырықбаевпен қатар оның орынбасарлары Бейсенбек Әлпейісов, Руслан Оразхан, сондай-ақ, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл әкімдері мен мекеме басшылары қатысты.

Жиын барысында аудан әкімінің орынбасарлары Руслан Оразхан мен Бейсенбек Әлпейісов өткен жылдың 12 айында аудан бойынша іске асырылған нәтижелі істерді тілге тиек етіп, бағдарлы баяндама жасады. Иә, өткен жылы аудан аумағында көптеген оңды тірліктер атқарылғанын жоққа шығара алмаймыз. Тіпті, соның кейбірін жазып өтсек те болады. Мәселен, 2018 жылы ауданымыз ауылшаруашылығы саласы бойынша бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізіп, облыс бойынша үздік 3 ауданның тізіміне енді. Әрине, біріншіден, бұл дала төсінде табанды әрі қызу еңбек еткен диқаншылардың арқасы болса, екіншіден, оларға дер кезінде өз қолдауларын көрсеткен іскер басшылардың жүйелі жұмысының нәтижесі деп ұққан жөн. Өткен жылы Қазақ ауылында тұратын Ниязқұловтар отбасы көрермендердің басым дауысының арқасында республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсында топ жарып, ауданымыздың ғана емес, жазиралы Жамбыл өңірінің абыройын асқақтатқан жайы бар. Сондай-ақ, Мемлекет  басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дүйім елге атымтай жомарттығымен танылып, меценат атанған «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаевты ел тәуелсіздігінің 27 жылдығы қарсаңында «Қазақстанның Еңбек Ері» төсбелгісімен марапаттады. Одан бөлек, ауданымыздың 80 жылдығына орай аудандық мәдениет үйінің алдына еселі еңбектің арқасында зор беделге ие болған 21 Социалистік Еңбек Ерлерінің ескерткіш-бюсті қойылды. Дәл осы мереке аясында ауданның Құрметті азаматтарының есімдері жазылған ескерткіштақта да орнатылған болатын. Алайда, облыс әкімінің бірінші орынбасары айтқандай, «бәрі жақсы» деуге де болмас. Жиын соңында құрғақ уәдемен ешқашан тірлік бітпейтінін айтқан Бекболат Серікбекұлы бекітілген индикаторлық көрсеткіштер бойынша жұмыста салғырттық танытқан сала басшыларының қызметін сынға алып, аудан басшысына оларға тиісті шара қолдану қажеттігін ескертті.

Пікір қалдыру