• Валюта бағамы: USD 389.94 | EUR 433.5 | RUB 6.1 | CNY 55.13 |

Қазақстанды ұнататын неміс жанұясы еліміз туралы фильм түсірді

0

Мотожарыстан әлем чемпиондары Қазақстандағы 15 күнге созылған мотошеруін сәтті аяқтады. 5-шілде күні басталған шеру Шарын шатқалы – Қайыңды көлі – Алматы – Үлкен Алматы көлі – Нұр-Сұлтан – Бурабай бағыты бойынша жүргізілді. Қызыққа толы саяхаттың нүктесі шілденің 25-і күні Елордамызда қойылды.

«Kazakh Tourism» АҚ ҰК ұйытқы болған шараның басты мақсаты – тарихи-мәдени мұраларды насихаттай отырып, елімізге шетелдік туристтерді көптеп тарту. Атап айтқанда, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы және ҚР Ұлттық музейі бірлесіп ауқымды жобаны қолға алған. Жоба аясында 5-26 шілде аралығында Қазақстанда мотокросс тур ұйымдастырылып, оның барысы туралы бейнебаянға қажетті материалдар түсірілді. Жарнамалық бейнебаян Еуропа елдері арасында Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілетуге арналған. Дархан даламызда өткізілген мото шеруге 5 баласы бар неміс отбасы қатысты. Халықаралық жобаның маңызын арттыру үшін мотожарыстан әлем чемпионы Хосеп Гарсия мен 2018 жылғы мототриал бойынша вице-чемпион Джерони Фахардо арнайы шақырылған.

Алдымен испандық спортшы Хосеп Гарсия мен Германиядан ат терлетіп келген қонақтар Алматы облысындағы ең көрікті жерлерді шарлап шықты. Оның ішінде Ассы платосы, Көлсай көлдері, Үлкен Алматы көлі, Шарын шатқалдары, Алматыдағы Көктөбе мен Шымбұлақты саяхаттады. “Қазақстанның таулы аймағын, орманды алқабын, айдын көлді шатқалын өз көзімен көріп, тамаша әсер алдым. Табиғаты көркем, тарихы бай елдеріңізді тануға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта да, Қазақстанның өзге өңірлерін көргім келеді,” — деп әлемге әйгілі мото спортшы өз әсерімен бөлісті.

Сарыарқа төріндегі мотошеруді мототриалдан вице-чемпион Джерони Фахардо бастады. Бурабайдың баурайына әдейілеп барған еуропалық меймандар Көкшетаудың көз тартар сұлулығына сүйсініп қайтты. Сапарын Елордада түйіндеген мотошерушілер ат басын Ұлттық музейге бұрды. Музейдің бес жылдық мерейтойына орай, майталман спортшылар арнайы шеберлік сабағында мотоциклді жүгендеудің қыр-сырымен бөлісті. Бұдан кейін мотошабандоздар еліміздің басты қаласының көшелерінде сән-салтанатпен шерулетіп өтті. Хан Шатыр ойын-сауық орталығының алдында мотоциклді игерудің шеберлігін тағы да паш етті.

Еуропалық мотошабандоздар Қазақстандағы сапарынан алған әсері жайлы толығырақ арнайы түсірген шағын фильмде баяндайтын болады. Елімізді шетелдік туристерге жақынырақ таныстыратын бейнебаянда Алматы өңірі және Сарыарқа табиғатының әсемдігі көрсетіледі. Әйгілі спортшылардың қатысуымен түсірілген жарнамалық ролик алдағы уақытта Еуропаның спорттық арналарында көрсетілетін болады.

Айта кету керек, жобаны қаржыландыруды неміс тарабы өз мойнына алған, яғни мемлекеттік бюджеттен шығынсыз жүзеге асырылып жатыр.

Анықтама: 

«Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы 2017 жылдың шілдесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен құрылды. Компанияның негізгі мақсаттары еліміздің туристік әлеуетін шетелде ілгерілету, сондай-ақ Қазақстанның туристік саласына инвестиция тарту болып табылады.

Пікір қалдыру