• Валюта бағамы: USD 389.94 | EUR 433.5 | RUB 6.1 | CNY 55.13 |

Тұрғын үй сертификаттары кімдерге беріледі?

0

Тұрғын үй сертификаттары кімдерге беріледі? Бұл бағытта қанша қаражат қарастырылған? Ол бойынша тұрғын үй алушылардың алғашқы жарнасының қанша бөлігін мемлекет жауып бермек? Оған қол жеткізудің жолдары қандай? Бұл туралы бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында жан-жақты айтылып, сараланды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров баяндама жасады. Ол сертификаттардың жаңа үйлер бойынша ғана, әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз және әлеуметтік қолдау ретінде яғни қайтарымды бюджеттік кредит ретінде берілетінін жеткізді. Сертификат мөлшері бастапқы жарнаның бір бөлігі ретінде 1 миллион теңгеге дейінгі қаржыны құрамақ. Бұл бағытта ағымдағы жылы 3,2 милиард теңге қарастырылмақ. 
Қош. Сонымен бұл әлеуметтік көмек пен қолдауға кімдер ие болмақ? Аталмыш басқарма басшысы бұл орайда сертификат «Бақытты отбасы» және «7-20-25» бағдарламалары арқылы жүзеге асатынын айтып, олар бойынша да белгіленген санаттардың бар екенін тілге тиек етті. Айталық, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы және толық емес отбасылар аталмыш жеңілдікке қол жеткізе алмақ. Ал, «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үй сертификаттары денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларындағы және өзге де басым салалардағы қажетті, тапшы мамандарға үлестірілмек. Айта кетейік, салалардағы қажетті мамандар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген.
Дәл қазір бұл орайда пайдалануға беруге 262 пәтер дайын тұр. Оның 209-ы 15-ші мөлтек ауданына, қалғаны Арай-2 шағын ауданына тиесілі. 
Асқар Исабекұлы алдымен бұған жүгінетін өңірдегі аталмыш әрбір санаттағы адамдарды анықтап, жеке-жеке талдау жүргізу керектігін баса айтты. Олардың қаншауы шын мәнінде мұқтаж, сұраныс көбейе түскен жағдайда өтініштерді барынша қанағаттандырудың жолдарын зерделеуді тапсырды. Сондай-ақ, өңір басшысы ең алдымен халықтың әлеуметтік осал топтарын, әсіресе, мүгедек балалары бар отбасыларды, көпбалалы аналарды қолдаудың маңыздылығын баса айтты.
Басқосу барысында «Нұрлы жер» байдарламасы бойынша өңірде салынып жатқан тұрғын үйлер, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған жатақханалар жайы, жеке тұрғын салу үшін жер телімдеріне беру мәселелері қаралды. Жиын қорытындысымен жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктелді.

Пікір қалдыру