Қазіргі таңда ішкі істер саласына полиция имиджін көтеру мәселесін қолға алатын уақыт келген сияқты. Себебі, қоғамда полицияның қызметіне нұқсан келтірілген жайттар көптеп орын алып отыр. Оған дәлел бұхаралық ақпарат құралдарындағы және интернеттегі ақпараттарды алуға болады.
Аталған мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Қасымжомарт-Кемелұлы Тоқаев өзінің 2020 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасының халқына жасаған жолдауында және одан кейінгі Үкіметке берген тапсырмаларында нақты айтқан болатын. Сонымен қатар, Ішкі істер министрі де бірнеше рет бізге осы бағытта жұмысты жүзеге асыруды талап етті.
Ал, кез-келген дамыған, демократиялық ұстанымдағы елдерде полиция беделімен, оларға деген халықтың сенімін қараңыз, салыстыруға келмейді. Ендеше, жалпы мемлекеттік жүйе құқық қорғау саласы қызметкерлерінің имиджін көтеруді қолға алуы тиіс. Полиция имиджі көтерілгенде ғана бұл саладағы шектен тыс жүктемелер мен бюрократия, парақорлық, полиция қызметкерлерінің қызметтерін асыра пайдалану, қоқан-лоқы сияқты заң бұзушылықтар тоқтайды.[1]
Менің пікіріміше, полиция имиджін көтерудің бағыттарының бірі -оларды құқықтық тұрғыдан тиісті деңгейде қорғау керек деп есептемін. Себебі, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерде тиісті нормалар бар, бірақ жүзеге асырылмай отыр.
Мысалы, «Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 23 сәуірдегі № 199-V ҚРЗ 1 бабына сай «Ішкі істер органдары өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы кезінде олардың қызметіне араласуға тыйым салынады» деп көрсетілген.
Аталған іс-әрекеттер орын алғанда Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 443, 667-баптарында жауаптылық бар. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбаған жағдайда бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген, егер қайта орын алса он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. Құқық қорғау органының өз қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты заңды өкіміне немесе талабына бағынбау, сол сияқты олардың заңды қызметіне кедергі келтіргенде, ескерту жасауға немесе жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулiкке дейiнгі мерзімге әкiмшiлiк қамаққа алуға болады.
Алайда сот тәжірибесі көрсетіп отырғандай, осы іс-әрекеттер үшін азаматтарды әкімшілік жауаптылықтар мен жазаларға тарту сирек кездеседі. Оған себеп «Ішкі істер органдары өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы кезінде олардың қызметіне араласу» деген норма жан-жақты толық айқындалмаған. Яғни, заң шеңберінде немесе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларымен нақты түсіндірме берілмеген, сондықтан қиындықтар кездесіп отыр.
Екінші бір мәселе, бұқаралық ақпарат құралдарына ақпараттардың негізсіз көптеп таратылуын атап өтуге болады. Осындай практика әсіресе әкімшілік полиция қызметкерлеріне (патрульдік полиция, учаскелік полиция инспекторлары және т.б.) қатысты көптеп кездеседі.
Мысалы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі N 451 Заңының 2 бабына сәйкес, сөз, ақпаратты алу және тарату бостандығы берілген. Сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа арқылы және өзге де нысанда бiлдiруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез-келген әдiспен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiледi. Ал, цензураға тыйым салынады. Цензура дегеніміз бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларын және материалдарын мемлекеттiк органдармен, лауазымды адамдармен және өзге де ұйымдармен олардың талап ету бойынша немесе өзге де негiздер бойынша хабарламалар мен материалдарды не олардың жекелеген бөлiктерiн таратуды шектеу немесе оларға тыйым салу мақсатымен алдын ала келiсуді айтамыз. Осы заңның 14-бабында сай, бұқаралық ақпарат құралдарын тарату: «егер таратылатын ақпаратта адамның бет-бейнесі және осы адамның қызметтік жұмысымен және (немесе) жария қызметімен байланысты мәліметтер қамтылса; егер бейнеленетін адамды пайдалану конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында жүзеге асырылатын болса, бейнеленетін адамның келісімі талап етілмейді» — деп көрсетілген.
Алайда, Интернет жүйесінде және өзге де ақпарат құралдарында дәлелдемелерсіз полиция қызметіне кері әсерін тигізетін суреттер, бейнежазбалар өте көпе.
Әрине, азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген азаматтық құқықтарды, соның iшiнде өздерiн қорғау құқығын өз қалауынша пайдаланады, бірақ азаматтық құқықтарды жүзеге асыру басқа құқық субъектiлерiнiң құқықтарын және заңдармен қорғалатын мүдделерiн бұзбауы тиіс (ҚР АК-нің 8-бабы). Сол сияқты, полиция қызметкерлеріне де Азаматтық кодекстің 143, 145 баптарына сай ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi және өз бейнесiн сот арқылы қорғау құқықтары берілген, бірақ сот арқылы да, өзге мемлекеттік органдары арқылы да тиісті деңгейде қорғалмай отыр. Ал, ІІО қызметкерлердің сотқа шағымданып жүруге уақыттары да жоқ.
Міне осы жоғарыда көрсетілгендерге сүйенсек, аталған мәселелерді шешудің механизмін қалыптастыру керек деп есептеймін.
Қаратаев Тұрдалы Жақсылықұлы
заң ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі
Қазақстан Республикасы ІІМ Б. Момышұлы оқу орталығы (Шымкент қ.)
[1] Ш. Рахымқызы Полиция имиджін көтеретін кез келді //zanmedia.kz/39079/politsiya-imidzhin-k%D3%A9teretin-kez-keldi/.