• Валюта бағамы: USD 90.45 | EUR 12.09 | RUB 349.13 | CNY 175.65 |

Қордайда болашақ ветеринарлар білімдерін жетілдірді

0

Ноғайбай ауылшаруашылық колледжі студенттерінің қатысуымен арнайы семинар өтті. Оған 20-ға жуық болашақ ветеринарлар қатысты.

«Сіздер болашақ ветеринарсыздар, сондықтан осындай кездесулер сіздердің білімдеріңізді жетілдіруге мол мүмкіндік. Сол мүмкіндікті мейлінше пайдалануға тырысыңыздар», — деді іс-шара басында сөз алған мекеме директоры Ғалым Сабралы. Студенттер теорияны тыңдап, жануарлармен жұмысты өз көздерімен көру мүмкіндігіне ие болды. Теориялық бөлімді Ноғайбай ауылдық округінің ветеринарлық пунктінің меңгерушісі Гүлнар Сейдахметова жүргізді. Ол студенттерге қолдан ұрықтандыру әдістері мен тәсілдері және жануарларды тұқымсыздандыру жайлы әңгімелеп берді. Семинардың тәжірибелік бөлігі ветеринарлық станциясының ішкі ауласында өтті. Бұл мақсатта қажетті құрал-жабдықтар дайындалған. Тәжірибелік бөлімді Сарыбұлақ ауылдық округінің ветеринары Ақылбек Байназаров жүргізді. Студенттердің өздері де ветеринарлық дәрігерлердің жұмысын уақытша атқарып көрді. Содан кейін Қордай ветеринарлық пунктінің меңгерушісі Иван Пушкраев мысыққа ота жасаудың қыр-сырын көрсетті.


Одан басқа осы күні ветеринарлық пункттер және олардың жанындағы ветеринарлық дәріханалар жұмысы көрсетілді.
Аудан бойынша жалпы саны 19 ауылдық округте ветеринарлық пункттер бар. Жануарларды уақытылы және нәтижелі емдеу үшін 2021 жылдың өзінде 10 ауылдық округте ветеринарлық дәріхана ашылды. Енді ауыл тұрғындары үшін қолжетімді бағамен жануарлар үшін қажетті дәрі-дәрмектерін алу мүмкіндігі туындады.
«2021 жылы ветеринарлық пункт жанынан дәріхана ашылды. Кең, жарық бөлмеде барлық қажетті дәрі-дәрмек бар. Мал дәрігерлері жануарларды қарап, диагноз қойып, ем тағайындайды. Енді Қордайға бару қажеттілігі жоқ», — дейді Қасық ауылдық округінің ветеринарлық пунктінің меңгерушісі Әсет Салаубай.
Айта кетерлігі, ауданның ветеринарлық қызметі тура жолға қойылған. Барлығы 100 ветеринар өз міндеттерін атқаруда. Ноғайбай ауыл шаруашылық колледжінен жыл сайын 50 жас ветеринар оқуды аяқтап шығады. Сондықтан бұл салада мамандар жетіспеушілігі жоқ. 100 ветеринардың 28-де жоғарғы білім, 72-де орта арнаулы білім бар. Мамандардың орташа жасы 30-40-шамасында.

Пікір қалдыру