• Валюта бағамы: USD 89.33 | EUR 12.99 | RUB 333.86 | CNY 171.61 |

Жастар форумында патриоттық, білімділік, әлеуметтік масылдық мәселелері талқыланды

0

Жастар сарайында «Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мен дамыту: міндеттері мен болашағы» тақырыбында жамбылдық жастар форумы өтті. Форумға облыс басшысы Нұржан Нұржігітов, жергілікті атқарушы, құзырлы және құқық қорғау орган басшылары, зиялы қауым, ардагерлер, әскерилер және жастар, еріктілер, педагогтар қатысты.

Келген қонақтар форум басталмас бұрын  «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әзірлеген қару-жарақтар және әскери киім-бұйымдардың көрмесімен танысты. Сарбаздардың қаруды шашы-жинау бойынша дайындық барысы да көрсетілді. Экран арқылы «Жас сарбаз» жастар мен жасөспірімдер қозғалысының атқарған жұмыстары туралы баяндалды. Сондай-ақ залға жиналғандар назарына ҚР Қарулы Күштерінің 30 жылдығына орай арнайы әзірленген видеоролик ұсынылды.

Форумда сөз сөйлеген  аймақ басшысы еліміздің ертеңі нұрлы, болашағы жарқын болуы үшін жас ұрпақтың білімді, тәрбиелі әрі жаңашыл тұлға ретінде қалыптасуы маңызды екенін атап өтті.

— Мемлекет тарапынан патриотизмді дамыту бағытында келелі шаралар атқарылып, ауқымды бағдарламалар жүзеге асуда. Жалпы қазіргі таңда өңіріміздегі жастар саны 258 мың адамды құрайды.

Әскери-патриоттық тәрбие бағытындағы жұмыстар күн тәртібінен түспеуі тиіс. Бұл тұрғыда барлық жауапты орындардың бірлескен, күшейтілген жұмысқа негізделген жүйелі жоспарының болуы маңызды.

Біз жас ұрпақтың бойына отаншыл патриотизмді, мемлекетшілдік сананы қалыптастыруға жаппай атсалысуымыз керек. Қазіргі кезеңде қоғамда белең алып жатқан патерналистік көңіл-күй мен әлеуметтік масылдықтың алдын алуымыз қажет.

 Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді. Ұлтым, елім деген, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу адамды қалыптастырудың жалғыз жолы – сапалы білім мен саналы тәрбие. Осы орайда, жастар арасындағы құқық бұзушылықтарды азайту, олардың салдарымен емес, себебімен күресу – басты талап,-деді Нұржан Нұржігітов.

Облыс әкімі  мемлекет тарапынан балалардың, жастардың  бос уақытын тиімді өткізу, өз-өздерін жан-жақты дамытуға барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізіп, олар «Елім маған не берді деп емес, мен еліме не беремін» деген ұстаныммен, алға ұмтылуы, өз елінің патриоты болуы тиістігін атап өтті. Сондай-ақ, бала тәрбиесінде ең алдымен ата-ананың, отбасының рөлі жоғары екенін баса айтып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігіне назар аудартты.

Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров жамбылдық жастардың түрлі саладағы жетістіктерін тілге тиек етіп, құқықтық мәдениет пен сауаттылықты арттырып, бұзушылықтардың алдын-алу бағытында қолға алынып жатқан шараларға тоқталды.

Қазіргі таңда облыс прокуратурасының ұсынысымен
2022 — 2025 жылдарға арналған жастар мен кәмелетке толмағандарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, құқықтық мәдениетін көтеру, рухани-ізгілік және патриоттық құндылықтарға баулу, жұмыссыздық деңгейін төмендету, отбасы-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірлескен кешенді жоспар әзірленіп жатқанын да айтты..

Жиында жастар арасындағы қылмыс және жұмыссыздық деңгейін төмендету, «Қаңтар оқиғасының» қатысушыларының басым бөлігі жастардан құралуы, әскерге бару секілді мәселелер де қаралды..

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов форумда айтылған барлық ұсыныстар мен тілектердің ескерілетінін жеткізді.

 

Пікір қалдыру