• Валюта бағамы: USD 76.34 | EUR 13.93 | RUB 326.49 | CNY 133.31 |

Жамбылдағы пилоттық жоба бойынша 200-ге жуық техника берілді

0

Бүгін «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы аясында алынған ауыл шаруашылық техникаларын салтанатты табыстау рәсімі өтті,деп хабарлайды http://spiker.kz

Оған облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, пилоттық он бір округте құрылған кооперативтерге 194 бірлік техниканы табыстады.


фото Пресс-служба


Шара барысында аймақ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, алдағы уақытта пилоттық жоба облыс тұрғындарының табысын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз септігін тигізетінін атап өтті.


Аталған жобаның төртінші бағыты — ауыл шаруашылығы кооперативін қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз ету. Бұл бағытқа 1 070,9 миллион теңге қарастырылып, ол қаржыға кооперативтерге қажетті техникалардың 29 түрінен 194 дана техника алынған болатын. Оның ішінде 33 трактор, 11 комбаин, 3 камаз көлігі және тағы басқа 149 дана агросалаға қажетті техникалар бар.


Атап айтқанда, Байзақ ауданы, Қостөбе ауылындағы «Қостөбе-2019» кооперативіне 14 дана, Түймекент ауылындағы «Түймекент-2019» кооперативіне 18 дана, Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылындағы «Іске Сәт» кооперативіне 22 дана, Жуалы ауданы, Бәйтерек ауылындағы «Атамекен Бастау» кооперативіне 19 дана, Қордай ауданы, Жаңатұрмыс ауылындағы «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативіне 19 дана, Меркі ауданы, Сұрат ауылындағы «Сұрат Даму» кооперативіне 19 дана, Мойынқұм ауданы, Айдарлы ауылындағы «Айдарлы Агро-2019» коперативіне 13 дана, Сарысу ауданы, Саудакент ауылындағы «Саудакент 2019» кооперативіне 20 дана, Талас ауданы, Үшарал ауылындағы «Талас-2020» кооперативіне 18 дана, Т.Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылындағы «Құмарық-Тау» кооперативіне 17 дана, Шу ауданы, Жаңақоғам ауылындағы «Омар-Шу» кооперативіне 15 дана техника табысталды. Айта кетерлігі, бұл техникалар Беларусь, Украина, Түркия, Ресей, Польша және өзіміздің отандық зауыттардан шыққан.
Бұл ауыл шаруашылығы техникалары «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 5 пайызбен қосымша кепілсіз лизингке беріліп отыр. Алдағы уақытта осы техникалардың күшімен үй іргесіндегі 1 071,7 гектар және ауыл сыртындағы 77 362 гектар жерлер игерілетін болады.

Пікір қалдыру