• Валюта бағамы: USD 76.41 | EUR 13.91 | RUB 325.77 | CNY 133.46 |

Оқулық авторларына қойылатын талап зор – Ғ.Бейсембаев

0

Оқулық авторларына қойылатын талап, оқулықтардың өзіне қойылатын талаптан да зор. Бұл туралы Қазақ радиосындағы «Білім айнасы» хабарында «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директоры Ғани Бейсембаев айтты.

Оның айтуынша, оқулықтарға қатысты айтылатын сындардың бір шеті оларды дайындаушы авторлардың білім-білігіне келіп тіреледі. Сондықтан да бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілу үстінде. Оларды оқытып-даярлау, жетілдіру үрдістеріне қозғау берілген. Айталық, мекеме жанынан құрылған «Жас сарапшылар мектебі» ұрпақтар сабақтастығын қалпына келтіріп қана қоймай, негізгі құрамы елуді еңсерген мамандардың жаңа толқынын өсіруге бағдарланып отыр.

«Авторлық топтор немесе баспалар өзара үйлеседі. Біз сыртынан ешнәрсе жасай алмаймыз. Дегенмен бір «бірақ» бар. Өзіміз алдын көрген арда азамат Ақселеу Сейдімбектің 90-жылдары «Оқулықтың сапасын көтеру үшін әрбір автордың жауапкершілігін көтеру керек» деп айтқаны бар еді. Одан қалса, «Оқулық басына: «Құрметті автор! Еліміздің ертеңі жастар қолында! Сол жастар қандай болмағы сенің қолыңда!» деп жазып қойсақ қайтер еді? Мүмкін авторлар ойланар ма еді?!» дегенін де естідік. Сондықтан да, өз білімін жетілдірмейтін авторды оқулық әзірленіміне жібермеуге тырысып жатырмыз. «Мен автормын» деген жан, ұдайы ізденісте болуға тиіс. Оқулық деңгейі авторлардың деңгейімен тікелей байланысты. Мұны ескермей болмайды. Оқулық әзірлеушілердің кәсіби болуына біз тікелей мүдделіміз», — деді ол.

Сондай-ақ, Ғ.Бейсембаев құзырлы министрліктің тапсырмалары аясында ел ауқымында тиісті шаралардың да қолға алынып жатқанын хабарлады. Тіптен, авторларды арнайы оқытуға ірі екі ғылым-білім ордасы белгіленіп отыр. Олардың қатарында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті де бар.

«Бір қуанышты жаңалық – ЖОО-да магистрлік дәрежесі ретінде «Оқулықтану» пәні қолға алынып жатыр. Былайша айтқанда, жоғары оқу орындарының қабырғасында «керек» мамандар дайындау жұмыстары бір ізге түсіп келеді. Қалай дегенде де, болашақ авторларды оқулық жазуда ескерілуге тиіс пункттерден бөлек, мәдениеттанулық та, лингвистикалық та тұрғыларға үйретуге міндеттіміз», — деп атап өтті «Оқулық» РҒПО басшысы.

Айта кетейік, Орталық қызметінің мақсаты – білім мазмұнын бағалау және оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сараптау арқылы білім беру сапасын қамтамасыз етуге ықпал жасау. Яғни, аталған мекеме барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарына арналған оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендерге және оқу құралдарына ғылыми және педагогикалық сараптама жасау мақсатында құрылған.

Пікір қалдыру