• Валюта бағамы: USD 367.06 | EUR 416.17 | RUB 5.56 | CNY 52.84 |

Жанқош Тұраров: Қарсыласым мықты. Бірақ ел намысы үшін есемді жібермеймін!

1

9 қыркүйекте Астана қаласында халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің аясында өтетін бокс кешінде шаршы алаңда қазақстандық спортшы Жанқош Тұраров бағын сынайды. Дүйім қазақ болып үміт артып отырған кәсіпқой боксшы қызу дайындық үстінде. Алайда уақытының тығыздығына қарамастан Qamshy.kz тілшісіне сұхбат берді.

– 9 қыркүйекте «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Қанат Ислам сынды боксшылармен қатар сіз де рингке шығасыз. Дайындығыңыз қалай жүріп жатыр?

– Иә, Алла қаласа, 9 қыркүйек күні Қанат бауырымыз бастаған қазақтың батыр жігіттері алаңға шығамыз. Жаттығуымыз жоғары деңгейде өтіп жатыр. Америкадан промоутерлеріміз, менеджерлеріміз, жаттықтырушыларымыз келіп, бел сыбана дайындалып жатырмыз. Шетелдік спортшылар да бар, білгендерімен бөлісіп, көмек көрсетіп жатыр.

– «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өтетін жекпе-жек еліміз үшін аса маңызды болмақ. Мойындарыңызға үлкен жүк артылды десек те болады, себебі дүйім қазақ болып сіздерге үлкен үміт артып отыр. Ол күнге де 1 айдан кем уақыт қалды. Ұлттық намысты қорғауға, қолдан бермеуге қаншалықты сенімдісіз?

– Расында, мойнымызда үлкен жүк тұр. Дүйім қазақ болып бізге сенім артып отырған кезде есе жіберсең, қиынның қиыны сол болмақ. Оның үстіне, жарыс Астанада өтіп жатқан халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің аясында өтпекші, оны қаншама халық тамашалайды, бар әлемнің назарында. Бұл тұрғыда бір Аллаға сыйынып, алдағы кездесуге дайындаламыз.

Есені жібермеймін! Ел бар, жұрт бар, «Ертең жеңілсең, елдің бетіне қалай қарайсың, не болмақ?» деген сұрақтар мазалап, өзімді тежеймін, қайраймын. Сол ойлар дайындығымды екі есеге арттырып, бойыма күш дарытады.

– Қарсыласыңыздың кім екені анықталды ма?

– Анықталды. Қарсыласым – аргентиналық Бруно Леонардо Ромей деген жігіт.

– Қарсыласыңыз жөнінде толығырақ мәлімет беріп өтсеңіз.

– Ол жігіттің көрсеткіші де өте жақсы. Осыған дейін 25 кездесу өткізіп, 21-ін жеңді, 18-ін нокаутпен жеңген. Соңғы 13 кездесуінде ұтылмаған. Қарсыласына дес бермейтін мықты жігіт десем болады. WBA мұхитаралық белбеу сарапқа салынады. Сол күнді өз басым асыға күтіп жүрмін.

– Кездесуге дайындық үшін АҚШ-қа аттанғаныңыз белгілі. Неге АҚШ? Елімізде кәсіпқой бокста жаттығуға мүмкіндік жасалмаған ба?

– Қазіргі дайындығымыз АҚШ-та емес, Астанада өтіп жатыр. Америкадан промоутеріміз, жаттықтырушыларымыз келіп, Астанада дайындалып жатырмыз. Шетелден спаринг-серіктестер алдырдық, олар жаттығуымызға көмек көрсетіп жүр.

– Еліміздің мықты боксшыларының бірі Қанат Исламмен бірге дайындалдыңыз. Қанат Исламның беделі, абыройы қазақ халқына мәлім. Алайда халық оны көбіне Геннадий Головкинмен салыстырып жатады. Оларды салыстырып жүрген халыққа сіздің айтарыңыз бар ма?

– Екеуі де мықты спортшы болғандықтан, халықтың салыстыратыны белгілі. «Кім мықты, кім осал?» деген ойлар міндетті түрде туындайды. Екеуі де осал емес, «Елім, жерім» деп жандарын салып, жүгіріп жүрген жігіттер. Бөліп жармаймын. Қанат Ислам да, Геннадий Головкин де қазақтың туын, елдің намысын көтеріп жүрген жігіттер, сол себепті екеуін салыстырып, екі бөлек ой қалыптастыра алмаймын.

– Боксшылардың бәрінде дерлік лақап аттары бар. Сол аттары арқылы әлемге танылып жатыр. Сіздің лақап атыңыз әлі күнге дейін жоқ. Оның да бір себебі бар шығар?..

– Америкада соңғы кездесуімде мексикалық Густаво Гарибаяны жеңген соң, HBO телеарнасының қызметкері маған бәрін жойып кететін «торнадо» деп айтқан болатын. «Қазақтың баласы» деген ат қойып жатады. Алдағы уақытта жұрт бір есім қояр, оны да ести жатарсыздар.

– Осы уақытқа дейін 21 кездесу өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтадыңыз. Оның сыры неде? Сізді алға жетелейтін, үмітіңізді сөндірмейтін құпия тәсіліңізбен бөліссеңіз… Кәсіпқой бокста үлкен жетістікке жетуде спортшы үшін не маңызды?

– Иә, Аллаға шүкір деймін, 21 кездесу өткізіп, бәрін жеңіспен аяқтадым. Жеңістерімнің ешқандай сыры жоқ. Түбінде маңдай терім аққан қаншама еңбек, қиындық жатыр. Психологиялық, моральдық тұрғыда өз-өзіңді шыңдап, дайындап, жаттығып, қиындықтардың бәрін өткеріп жүрген жайымыз бар. Соның бәрін Алланың өзі көріп, бізге жеңіс сыйлап жатқан болар.

Мені биікке, жеңіске жетелейтін – әке-шешем, әжем, жұбайым, бауырларым. Соларға қарап өмірге деген құлшынысым одан сайын арта түседі. Мені жеңіске жетелейтін – осы кісілер.

Сондай-ақ сенің еңбекқорлығың, талантың, қандай адамдармен кездесетінің, қандай жұмыстар жасалатыны – бәрі жетістікке апаратын даңғыл жол.

– Уақытыңыздың тығыздығына қарамастан, сұхбат бергеніңізге рақмет! Сізге үлкен үміт артып отырған қазақ жұртшылығының сенімін ақтайтыныңызға біз сенеміз. Сәттілік жолдасыңыз болсын!

– Сіздерге де көп рақмет! Алла разы болсын!

Сұхбаттасқан: Гүлім ЖАҚАН

Дерек көзі: Qamshy.kz

Discussion1 комментарий

Пікір қалдыру