• Валюта бағамы: USD 84.39 | EUR 14.76 | RUB 350.6 | CNY 135.98 |

Шаруалар қарсыласуының жылнамасы

0

18 мамыр 2021 жылы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «ХХ ғ. 20-30 жылдардағы Кеңестік Қазақстандағы шаруалар көтерілістері»  тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.

ЖТН AP09259347 «Кеңестік Қазақстан: әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихының  тағылымы (1920-1991 жж.)» жобасы аясында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде 20-30 жылдардағы Қазақстандағы шаруалар қарсыласуының сипаты, негізгі себептері, барысы, ерекшеліктері мен салдары талқыланды. Шаруалар бас көтерулерінің тарихнамасы мен зерттеу әдістемесі мәселелері де назардан тыс қалмады. Дөңгелек үстелге Қазақстан тарихының ХХ ғасырдың 20-30 жылдары бойынша маман-тарихшылар Қ. С. Алдажұманов, Б. Құдайбергенұлы, Л.А. Гривенная, О. М. Қоңыратбаев, С. Қ. Шілдебай, Б.С.Жұмағұлов және т.б. жалпы саны 52 ғалым-зертетушілер қатысты.  

Дөңгелек үстел бағдарламасына сай Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.С.Алдажұманов «30-жылдардағы Қазақстандағы шаруа көтерілістері: тарихы мен сипаты» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашы кеңестік кезеңдегі қарсылықтар, шаруа көтерілістері мәселесінің қырлары 1990-1992 жылдарда репрессиялар, ашаршылық бойынша жұмыс істеген мемлекеттік комиссиясы қорытындыларында көрсетілгенін атап өтті.  XX ғасырдың 20-жылдарындағы шаруа көтерілістерінің типологиялық жағынан ерекшелігі болды. Бұл бас көтерулерге негізінен, казак-орыс әскерилері қатысып, азық-түлік салғыртына қарсы шыққан. 1921 жылы Көкшетауда, Петропавлда, Есіл бойында болған көтеріліске казачество белсене қатысты. Токарев бастаған ақ казактар көтерілісшілері 1921 жылы 6 сәуірде Қарқаралыны басып алып, 78 уездік жергілікті өкімет белсенділерін өлтірген. Бұрынғы өкіметті аңсаған әскерилер жолындағы қазақ ауылдарын тонап, Қытайға өткен. Қытай билігімен келісімге келген Советтер 23 атты әскер дивизиясын Шыңжаңға енгізіп, Токарев бастаған көтерілісшілерді талқандаған. Ал 30-жылдардағы көтерлістер жаңа экономикалық саясатты тежеп, 1928 ірі байлар тәркілеу сияқты саясатқа шаруалар наразылығынан туды. Осындай алғашқы ірі шаруалар көтерілісі 1929 жылы Оңтүстік Қазақстанның Бостандық ауданында өтсе, осы жылы қыркүйек айында Қазақстанның екінші шетінде Батпақара ауданында 400 адам қатысқан көтеріліс бұрқ ете қалды. 1930 жылдың 1 ақпандағы кулактарды тап ретінде жою туралы қаулы көтерілістің одан ары өрістеуіне себеп болды. 1930 жылы ақпанда КСРО жабдықтау халық комиссары А.Микоян Алматыға келіп, өлкелік партия комитетінде жиналыс өткізіп, Қазақстанның ет жоспарының 70%-ын дайындау науқанының 1-тоқсанында орындауды талап етті. Семей округінің Абыралы ауданындағы көтерілісті 32 жастағы шаруа Ысқақ Кемпірбаев бастап шыққан. Қ.Алдажұманов баяндамасында Қазақ АССР халық комиссарлар кеңесі іс басқарушысы болған Айдарбек Масановтың Абыралы ауданына барып, көтерілісшілердің қолына түсіп, Ысқақ Кемпірбаевпен келіссөз жүргізгені үшін жазалануының жай-жапсары айтылды. Баяндамашы Созақ, Ырғыз, Адай, Сырдария көтерілістерінің сипаты, көтеріліс жетекшілерінің тұлғасына, бас көтеруді жаншылу формаларына тоқталып өтті. 30 жылдардағы көтерілістер ерекшелігінің бірі орыс шаруаларының да қамтылуы болды. Баяндамашыға өзіне қойылған сұрақ бойынша, белгілі әнші, балуан Иманжүсіп Құтпанұлы Сарысу көтерілісіне қатысқанын ата өтті.

«XX ғасырдың 20-жылдарының басындағы Солтүстік Қазақстандағы шаруалар қарсыласу қозғалысы» тақырыбындағы баяндаманы М. Қозыбаев атындағы СҚУ университетін Қазақстан Халық ассамблеясы кафедрасының меңгеруші, тарих ғылымдарының кандидаты  Л.А. Гривенная жасады. Баяндамашы биылғы жылы 1921 жылғы шаруалар көтерілістеріне 100 жыл толатынын атап өтті. Саяси құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның жұмыс топтарының бірі 20-30 жылдардағы шаруалар көтерілістері қатысушылары мәселесіне арналған. Баяндамашының пікірінше, отандық тарих ғылымында жеткілікті зерттелмеген 20-жылдар шаруалар қарсыласуының қатысушыларына қатысты архив деректері енді жарық көріп жатыр. Бұл көтерілістерді большевиктік «соғыс коммунизмі» саясаты туғызған әлеуметтік қарсылық деп те бағалауға болады. Аграрлық саладағы күштеу саясаты, оған қарсы шыққан шаруалар көтерілістерінің қарумен басылуынан кейін ауыл-селоны аштық жайлады. Тобыл, Петропавл, Көкшетау, Қарқаралы қалалаларды басып алған көтерілісшілер қатарына шаруаларды тарта алған. Баяндамашының көрсетуінше, 20-жылдар көтерілістерін эсерлер ұйымдастырды деген кеңестік ұстаным дәлелденген жоқ. Батыс Сібір аумағы бойынша көтерілістерге қазақ шаруалары қатысқан жоқ деген пікір қайта қарауды талап ететінін архив деректері дәлелдеп отыр.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2 курс магистранты Е.И.Стамшаловтың баяндамасы «1928-1932 жылдардағы  Жетісудағы шаруалар көтерілістерінің себеп-салдары, ерекшеліктері.» тақырыбына арналды. Жетісу өңіріндегі шаруалар көтерілістері ауқымы жағынан үлкен әрі  табиғаты күрделі болғанын байқалады. Шаруалар көтерілістерінің бастауы ретінде 1929 жылғы  Бостандық, Батпаққара көтерілістері айтылып жүргенімен, шаруалар көтерілістерінің ізашар оқиғасы ретінде 1928 жылдың сәуір айында Жетісуда, Талдықорған уезіне қарасты Қоғалы болыстығының Аралтөбе селосында болған көтерілісті айтуға болады. 1928, 1930, 1931 жылдардағы Жетісу өңірінің Бүйен Ақсу, Қапал, Қызылағаш, Балқаш, Қастек, Қордай, Шелек, Жаркент  аудандарын қамтыған көтерілістердің ұйымдасу деңгейі, басқарушы тұлғалары, жаншылу жолдары күрделілігімен ерекшеленеді. Баяндамашы Жетісу шаруа көтерілістерінің негізгі себептері ретінде астық дайындау, ет дайындау науқандары, күштеп ұжымдастыру, дінге қысым жасауды атаса, бас көтерулерді қатал басу, босқындардың мал-мүлкінің тоналуы аштыққа ұрынуға себеп болғанына   тоқталды.

Дөңгелек үстел тақырыбы бойынша сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты Б. Жұмағұлов 1930-31 жылдардағы әлеуметтік негізде пайда болған шаруалар толқуларының ортақ сипаттарына тоқталды. Қазақстанның батысындағы Адай округіндегі көтерілістің қатысушылары РСФСР Қылмыс кодексінің 58-2 бабымен сотталған. Адай көтерілісінің жарасы соғыстан кейін де жазылмаған. Құмды ауылдардағы кейбір шаруалар кеңестік күштеу органдарынң көзіне түспеуге тырысып, жырақта ғұмыр кешкен. Ғалымның көрсетуінше, Адай көтерілісінің басшылары қатарындағы Тобанияз Әлниязов ақталғанымен, көтерілістің қатысушылары көпшілігі әлі ақталған жоқ.

Тарих ғылымдарының кандидаты Т. Алланиязов 30-жылдардағы Шет ауданындағы көтеріліс жай-жапсарына тоқталып өтті. Шаруа көтерілістер тарихнамасында зерттеулердің жұтаңдығын айта келіп, сөйлеуші өзінің Шет ауданындағы көтеріліс бойынша зерттеуіне  ғалымдары сынын негізді екенін айтып өтті. Солай болған күннің өзінде тарихшы Шет трагедиясын зерттеген ғалымдар ОГПУ өкілетті өкілі мен оның Семей  жедел секторы қолынан шыққан 11 арнайы  құжатты саралай отырып, қарулы көтерілісті басып-жаншу механизміне, арнайы органдардың толқуды тоқтату алгоритміне үңіле алды деп санайды.  Сөйлеуші, сондай-ақ өз есептеуі бойынша Қазақстандағы шаруалардың толыққанды қарулы көтерілістерінің саны 25 екенін, 78 мың көтерілісшінің әлі ақталмағанын  жеткізді.

Дөңгелек үстел жиыны қорытындылаған ҚР Орталық мемлекеттік архиві директоры, тарих ғылымдарының кандидаты С.Қ. Шілдебай құпия қорлар құжаттарын құпиясыздандыру жайына тоқталып өтті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясы құпия құжаттарды құпиясыздандыруға өкілетті емес. Құжаттарды құпиясыздандыру шараларын іске асыратын арнайы комиссия мемлекеттік органдардың заңды мирасқоры саналатын органдар жанынан құрылады. Құпия құжаттарды құпиясыздандыру  бойынша келелі жұмыстар ҚР ОМА-де жүргізіліп жатыр. «Кеңестік Қазақстан: әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихының  тағылымы (1920-1991 жж.)» жобасы аясында шаруалар көтерілістері мәселесіне де назар аударылып, зерттеу жұмыстарының қорытындылары ғылыми қауымға ұсынылатын болады.   

Пікір қалдыру