• Валюта бағамы: USD 76.41 | EUR 13.91 | RUB 325.77 | CNY 133.46 |

ТАРАЗ ҚАЛАСЫ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫН

0

Таразда жалпы қолданыстағы 1312 үйдің көпқабатты 1253 тұрғын үйі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, оның ішінде 912 үй ыстық су жүйесімен қамтылған. Алайда 341 үйде ыстық су алуға техникалық тұрғыдан мүмкіндіктері қарастырылмаған көрінеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

2019-20 жылдардағы жылыту маусымы ағымдағы жылдың 20 сәуірінде аяқталып, ауа райының қолайсыздығына байланысты ұзақтығы 184 күнге созылған. «Таразэнерогорталық» акционерлік қоғамының тұтынушылары бойынша жылу қазандықтары мен жылу жүйелерінде жоспарланған жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты 1 шілдеден бастап ыстық су беру тоқтатылған. Елдің наразылығын тудырғаннан кейін 1 тамызда қалаға қайта ыстық су берілді. Ыстық су беретін қалада екі мекеме. Ол — «Таразэнергоорталық» АҚ мен «Жамбыл Жылу» мекемесі. Екеуі де жекенің қолында. Сондай-ақ, «Таразтрансэнерго» мекемесі жылу таратады.

«Таразэнергоорталық» АҚ Тараз қаласына басты жылу мен ыстық судың жеткізуші, бұл ұйым облыс орталығындағы көп қабатты тұрғын үйлердің 70 пайызын жылумен қамтамасыз етеді. Осы басқарманың басшысы Бақберген Мәуленов қазіргі таңда қандай жұмыстар істелініп жатқаны туралы айтып берді.

«Басты мәселе — биыл қаламызда жылыту маусымы әдеттегідей қазан айының ортасында басталады. Бүгінгі таңда жылы маусым кезде кезекті жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қыстың күні тұрғындар үйлерінде тоңып отырғаннан гөрі жазда дайындық жүргізгеніміз дұрыс деп есептеймін. Ал өзіміздің тарапымыздан мекеменің есебінен ҰОС ардагерлері мен мүгедек балалары бар тұрғындарға жылу беруді тегін ету мәселесін шештік. Осындай топта 453 абонент бар. Айына мекеме бес миллионға жуық қаражатты өз мойнына алып отыр», — дейді Бақберген Мәуленов.

Айта кетейік, биыл мамырда Жамбыл облысында «Біз біргеміз» республикалық акциясы аясында «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының ұжымы Тараз қаласындағы жалғыз басты қариялар мен көп балалы және аз қамтылған отбасыларына, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созған болатын. Шара барысында 250 отбасына күнделікті тұрмыстық заттар мен азық-түлік салынған қораптар таратқан еді.

Пікір қалдыру