SPIKER.KZ ақпараттық-сараптамалық портал
  • Валюта бағамы: USD 77.31 | EUR 13.82 | RUB 345.95 | CNY 137.02 |

Мойынқұм ауданы әкімінің есебі тыңдалды

0

Аудан әкімі Мәден Мұсаев Мәдениет үйінде барлық санитариялық жағдайлар сақтала отырып аудан тұрғындары алдында есепті жиын өткізді.
Жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы Бақытжан Қалымбетов, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, кәсіпорын, мекеме, ұйым басшылары, шаруа қожалықтарының жетекшілері мен аудан тұрғындары қатысты.
Аудан басшысы 2020 жылы атқарылған жұмыстар мен алға қойылған міндеттер туралы баяндады.
Аудан әкімінің мәліметінше әлемдік пандемияға қарамастан негізгі салалар бойынша оң динамика қалыптасып отыр. Мәселен, өткен жылы ауданда өнеркәсіп орындарымен 79,0 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 10,4 млрд. теңгеге артқан. Индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында биылғы жылы «Turan Іndustry» ЖШС «Табиғи тастан плиталар, қаптауға арналған тақтайшалар өндіру бойынша зауыт салу» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның құны 500,0 млн. теңге. Бұл бойынша 30 жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Ал «SAT-ELLITE GS» ЖШС «Мыңарал кен орнында құрамында алтын бар кенді өндіру және өңдеу» жобасын ұсынып отыр. Аталған жоба 2021 жылдың ІІ жартыжылдығында іске асырылады деп жоспарлануда.
Бұдан бөлек «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жастарға шағын бизнестерін ашуға, кеңейтуге қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелер беріліп келеді. Былтыр 171 азаматқа 94,8 млн. теңге қаражат беріліп, мал шаруашылығы кәсібін кеңейтемін деген 52 азаматқа жеңілдетілген несие беру жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, 2020 жылы асыраушы сала ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 6,5 млрд. теңгеге жетіп, 2019 жылмен салыстырғанда 1,3 млрд. теңгеге артты. Тірі салмақта 4824 тонна ет, 8415 тонна сүт өндірілген.
Аудан бойынша барлық суармалы егістік жер алқабы 5408,0 га. құрады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 334,0 га. артқан. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында су шаруашылығы нысандарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп, жалпы ұзындығы 51,5 шақырымды құрайтын бес тоғанға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. 2021 жылға Мойынқұм, Айдарлы, Көкжелек, Күшаман ауылдарының тоғандарын байлауға, Көкжелек ауылындағы «Сқақ» тоғанының 12 шақырымын механикалық тазалау жұмыстарына, ауылдық округтердегі каналдарға гидроқондырғы орнатуға да тиісті қаржы қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар аудан әкімі автомобиль жолдарының жөнделуі, құрылыс, ауыз су, тұрғын үй құрылысы, аудан бюджетінің кірістері, әлеуметтік қорғау, еңбек нарығы, білім, денсаулық, мәдениет, спорт, қылмысқа қарсы күрес, жастар саясаты, «Дипломмен ауылға» жобасы жайлы жүргізілген жұмыстар туралы айтып өтті.
Жиынға қатысушылар әкімнің жұмысына оң бағасын беріп, атқарылған тірліктерге алғыстарын айтты.
Есепті жиында сөз алған ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Бекболат Өткелбаев Мирный ауылындағы ауыз су мәселесі, ағын суды сәуір айында беруді ұйымдастыру қажеттігін айтса, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұханбетқұл Сабыров өткен жылы аудан орталығындағы 18 көшенің су құбыры ауыстырылып, 13 көшеге асфальт жабындысы төселгенін, «Ақиық» каналының тазаланғаны, лоток жүйесінің салынғанына алғысын жеткізді.
Ал шаруа қожалығының жетекшісі Темірхан Ақбалаев, ауданға газ құбыры жүргізілсе деген ұсынысы жасады.
Бірліктегі «Байбарақ-Агро» кооперативінің төрағасы, кәнігі диқан Алмабек Әбдіхалықов ауыл жастарын жер ананы игеруге шақырса, ауданның құрметті азаматы Бекмұрат Жамбылов ауданның Құрметті азаматтары аллеясын салу, Социалистік Еңбек Ері Шоман Шәріпбаевқа бюст орнату жайын қозғады.
Есепті жиын соңында аудан әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, тиісті жұмыстардың жүргізілетінін жеткізді.

Пікір қалдыру