Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасында құны 6 жарым миллиард доллар болатын үкіметаралық 20 құжатқа қол қойылды. Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарының іскерлік топ өкілдерімен кездесуінде бизнес қауымдастықты Қазақстанға шақырды. Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің арасында орныққан қатынастардың маңыздылығы мен стратегиялық сипатына тоқталды. Америка Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялардың көлемі бойынша екінші орында. Өткен жылы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға тоқталып, бизнес жүргізу үшін мемлекет тарапынан жағдай жасауға бағытталған шаралар жөнінде әңгімеледі.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Инвестициялық ахуалды жақсартып, инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің мүшесі болды және Халықаралық инвестициялар жөніндегі декларацияға қосылды.«Цифрлық Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осыған орай, экономика салаларын цифрландыру және инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру маңызды болып саналады. Өз кезегінде америкалық кәсіпкерлер қазақ экономикасына инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр. Олардың дені агроөнеркәсіп саласының мүмкіндігі зор деп санайды.
Далл Говард, «Amity Technology» компаниясының президенті:
— Қазақстанның жер көлемі үлкен. Яғни, ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Біздің компания Қазақстанға агроөнеркәсіп саласына қажетті техниканы жеткізіп отыр. Бүгінгі кездесуде Президент Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік кәсіпкерлерге жасалған жеңілдіктер туралы айтты. Бұл әрине, Американың бизнес қауымдастығын қатты қызықтырды.
қайнар көз: http://kaztrk.kz