• Валюта бағамы: USD 90.45 | EUR 12.09 | RUB 349.13 | CNY 175.65 |

Қайырымдылық керуенінің тараздық жеңімпаздары

0

Биыл төртінші рет өткен «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы Түркістан қаласында өз мәресіне жетті.  Жыл сайын өтетін бұл байқау еліміздің дамуына үлес қосатын   — мейірімді, қамқор, меценаттар мен нағыз батыл, патриот жандарды анықтады.

Байқауда лауреаттар бірнеше номинация бойынша анықталды. Атап айтқанда, «Асар», «Туған жер», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында», «Қайырымдылық тарихы», «Бала жүрегі» және «Жануарға мейірім» номинациялары.

«Қайырымдылық керуені» байқауының ақтық сайысы қасиетті Түркстанда  өткізілуі тегін емес. Түркістан – рухани құндылықтарымызды 1500 жылдан астам уақыт сақтап келе жатыр. Жыл сайынғы дәстүрлі байқауымыз адамгершілікті, мейірімділікті ұлықтайды.  Жыл сайын «Қайырымдылық керуені» байқауы еліміздің түкпір-түкпірінен 1000-нан астам қайырымды әрі батыл жандарды анықтайды. Былтыр байқауға 1033 өтінім келіп түсті. Байқау комиссиясына жеңімпаздарды анықтау оңай болмады», — деді байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.

Номинациялар аясында I, II және III дәрежелі медальдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Байқаудың жоғары марапаты – I дәрежелі медалімен мараптталған тараздық жерлестеріз:

«Асар» номинациясы  —  Анар Бексұлтанова. Екі қолы жоқ, I топтағы мүгедектігіне қарамастан, ол 2014 жылы өзінің тігін цехын ашты. Анар қолөнер, кесте тігу, көрпе жасау, аяқтарымен тігетін ою-өрнектер жасаудың шебері. Анар бірнеше көп балалы ананы жұмыспен қамтып отыр;

— «Қайырымдылық тарихы» номинациясы – журналист, блогер, көп балалы ана Мөлдір Анарбаева. Мөлдір өз жазбасында және Jambyl-TV облыстық телеарнасындағы «Ошағың сөнбесін» бағдарламасында өмірде кездесетін түрлі қиындықтарға қарамастан, жетістікке жеткен замандастарымыз туралы баяндап келеді. Оның бағдарламасынан соң көптеген қыз-келіншектерге кәсіп ашуға қолдау көрсетілді. Пандемия кезінде алғашқылардың бірі болып облыс тұрғындарын ауруханалардың медициналық қызметкерлеріне қолдау көрсетуге шақырды. Мөлдір Байзақ ауданындағы қайғылы оқиға кезінде және жарылыстан зардап шеккен екі ауыл үшін бір күнде 6 миллион теңге жинады және  жамбыл облысы бойынша баспанаға мұқтаж жетім балалар, жалғызбасты аналарды, жалғызбасты әкені баспаналы етті. Апта сайын өз блогында денсаулығы жоқ ауру балаларды жариялап қайырымдылық жасап отырады.

— «Жануарға мейірім» номинациясы «Ақтөс Тараз» иесі жоқ жануарларды қорғау қорына» берілді. Жануарларды қорғау ұйымы 10 жыл бойы жұмыс істейді. Оның тарихы қордың негізін қалаушы Ирина Келлердің 20-ға жуық ит пен мысықты асырағанынан басталды, қазір мұнда 800-ден астам жануар бар. Баспана аумағында мысықтарға, күшіктерге және ауру жануарларға арналған жылы орындар, сонымен қатар, үлкен иттерге арналған жылы қоршаулар мен үйшіктер орнатылған.

Байқау Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, КТК телеарнасы мен «Дегдар» гуманитарлық қорының қолдауымен ұйымдастырылды.

 

Пікір қалдыру