• Валюта бағамы: USD 90.82 | EUR 13.03 | RUB 343.69 | CNY 175.74 |

Отан Қорғау – Парыз, Жалтару – Қылмыс

0

Құрметті Қордайлықтар!
Біз көтеріп отырған мәселеге баса назар аударып, түсіністік танытасыздар деп үміттенеміз. Аудан жұртының алдынан күнделікті кездесетін көптеген мәселелердің арасында бір қарағанда көзге онша көрінбегенімен, көкейтесті әрі күрделі және шешімін тез арада табуға бағытталған бір мәселе бар. Ол – 18-27 жас аралығында азаматтардың Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу мақсатында әскерге баруы.
Азаматтардың әскерге барудан бас тартып, немесе түрлі себептермен жалтарып, басқа да заңсыз жолдармен әскерге бармағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы айтудың өзі артық. Қазір барлық қолданыстағы заңдар қолжетімді, интернеттен оқып алуға болады. Біз қазіргі жастардың неге әскерге барып өзінің азаматтық борышын өтеуден қашып жүргендерін түсінбей жатырмыз. Оны зерделеп те көрді. Азаматтарға әскерге шақыру қағазын ұсынғанда немесе ауызша шақырған кезде өздерінің және ата-аналарының бізге айтатын сөздерінен мысал келтіріп өтейік:

  1. «Менің денсаулығым жарамайды»;
  2. «Әскерге барғым келмейді»;
  3. «Ата-анам әскерге жібермейді»;
    Ал ата-аналардан: «Сендердің әскерлерің бардак, балам үшін қорқамын, жібермеймін»,–деген жауапты, одан өзге де түрлі сылтауларды естіп жатамыз.
    Тұрғындардың бізге қайтарған жауаптарын талдап көрейік. «Менің денсаулығым жарамайды» десін. Әкімшілік тарапынан біз әрине жай көзбен оның денсаулығының қандай екенін білмейміз, сондықтан оған аудандық қорғаныс бөліміне әскери дәрігерлік комиссиядан өту үшін шақыру қағазын ұсынамыз. Ол қағазды алудан бас тартады. Мұндай жағдайда азамат шақыру қағазын алудан бас тартса немесе әкімшілік тарапынан қағазды ұсынуға мүмкіншілік болмай жатса (үйде жоқ болғанда, көріп тұрып шықпай қойғанда, қағазды алғаны туралы қол қоюдан бас тартқан жағдайда) шақыру қағазын ұсыну немесе заң шеңберіне сәйкес мәжбүрлеп қорғаныс бөліміне жеткізу жергілікті полиция қызметкерлеріне жүктеледі. Енді қараңыз, біз өз тарапымыздан мүмкіндігінше алдымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтардың әскер қатарында борышын өтеуі оның міндеті екендігін айтуға тырысамыз және азаматқа байланысты заң жүзінде шектік шараларға барып жатқан жоқпыз. Бірақ, өкінішке орай осының бәрін түсініп, естіп жатқан құлақ болмай жатыр. Егер ол азамат өзінің денсаулығының жарамайтындығын дәлелдеуден бас тартса, ол өтірік айтқаны. Яғни, ол азамат біріншіден өтірік айтты, екіншіден әскерге барудан бас тартты. Бұл дегеніңіз ол азамат ҚР заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
    «Тепсе темір үзетін» жас жігіттердің денсаулығын сылтауратып әскерге барудан тығылып жүргендерін көргенде, еріксіз ол емес, өзіміз ұялғандай боламыз. Әскер қатарында себепсіз болмаған азаматтарға «ер жігіт» деген ұғым үйлеспейтін сияқты. Отан өзіңіздің үйіңізден басталады, ол – сіздің әке-анаңыз, ата-әжеңіз, үйдегі кішкентай іні-қарындастарыңыз. Сіз жақындарыңызды тыңдауды, құрметтеуді, сыйлауды өзіңіздің борышыңыз ретінде қабылдағанда, олардың тыныш ұйқысын қорғау сіздің борышыңыз емес пе?
    Әскерлеріңіз «бардак» деген сөзбен біз келіспейміз. Қазақстан Республикасының Қарулы күштері ТМД елдерінің аумағында жауынгерлігі қабілетті (боеспособный) және ең тәртіпті әскердің қатарына жатады. Сіздер кейбір әскердегі болып жатқан келеңсіз жағдайларды естіп, толық көз жетпеген, құқық бұзушылық туралы іс әрекеттердің дәлелденбегені туралы ақпараттарды айтып отырған шығарсыздар. Мейлі, ондай жағдайлар орын алғанның өзінде де, ол Қазақстан Республикасының Қарулы күштері қатарында жүрген мыңдаған әскердің бір ғана эпизоды болып саналады. Әскер ол санаторий емес барып демалып келетін, азамат әскерде шыңдалу керек, әскери соғыс тәсілдерін үйрену керек. «Бала ол бауыр ет», түсінеміз, бірақ сол баланы бір жылдық әскери қызметтен сылтау тауып алып қаламыз деп, кейін жұмысқа орналасу жағдайы туындаған кезде жылдап әбігерге түсіп жатасыздар, сонда кім ұтты, не ұтты?
    Тарихқа көз жүгіртсек, тәуелсіздікті аңсап өткен ата-бабаларымыз елін, мекендеген жерін жаудан қорғап отырған. Сол замандағы аш-жалаңаш жауынгерлер жауды көріп үңгірге тығылмай батырлықпен жауға төтеп берген, мүмкін сол ата-бабаларымыздың батырлығының арқасында шығар осы күні өзіміздің жерде, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымыз.
    Еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жылдық мерейтойын тойлауға біраз күндер қалды, бәріміз осы мерекені асыға күтіп отырмыз. 1986 жылдың желтоқсан айындағы 40 градус қара суықта көкірегі ояу, кеудесінде намысы бар батыр жігіттермен қатар, нәзік жанды қыздарымыз да ешнәрседен қорықпай, тайсалмай күреске шығып Тәуелсіздік алуға жол ашты, кейбіреуі құрбан болды. Біз, қазіргі ұрпақ, сол құрбандықпен келген Тәуелсіз елімізді, кең байтақ жерімізді көзіміздің қарашығындай қорғап қалуымыз керек, оны әскер қатарына қызметке барып сіздер қорғамасаңыздар, кім қорғайды?!
    Көп жағдайларда Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттің халық алдындағы мыңдаған міндеттерін тізіп айта береді, ал халықтың мемлекет алдындағы саусақпен санар міндеттерін орындағысы келмейді, бұл өкінішті де, қорқынышты да.
    Құрметті Қордайлықтар! Қордай ауылдық округі әкімінің аппараты осы мақаланың басында айтылғандай сіздерді көтерілген мәселеге үлкен жауапкершілікпен және түсінушілікпен қарауларыңызды сұрайды.
    Жарнама ретінде 2021 жылдың қараша айының 11-15 күндері аралығында Гвардейск қалашығындағы гарнизонға әскер қатарында борышын өтеуге азаматтар шақырылады.
    Құрметті әскерге шақыртушылар! Қордай ауданы әкімінің жанында әскерге шақыру мәселесі бойынша Қордай ауданы әкімінің орынбасары төрағалығымен комиссия жұмыс жүргізеді, егер сіздердің араларыңызда әскерге баруға ниет білдіріп, бірақ қандай да бір себептермен қорғаныс бөлімдерінен қайтарып жіберген азаматтар болған жағдайда Қордай ауылдық округі әкімі аппаратына хабарласуыңызға болады.
    Байланыс телефоны: 8 72636 45524.

Б.КАМПИТОВ, бас маман, әскери-есеп столы инспекторының м.а.

Пікір қалдыру