• Валюта бағамы: USD 84.39 | EUR 14.76 | RUB 350.6 | CNY 135.98 |

АСТЫҚ НАУҚАНЫ ҚЫЗУ ЖҮРУДЕ

0

Ауданда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының іске асырылуы жалғасуда. Былтырдың өзінде орасан зор жұмыстар аталмыш бағдарлама аясында іске асса, биыл да лайықты жалғасын табуда. Мемлекет тарапынан егін шаруашылығы саласына субсидия төлеу, көктемгі дала жұмыстарын несиелендіру сынды көмегі көп «Қарапайым заттар экономикасына» шаруалар дән риза. Бұл қолдаудың шаруалар үшін маңызы зор, өйткені егін егу науқанына тұқым, жоғары сапалы тыңайтқыш, жанар-жағар май алу үшін қаражат қажет. Еліміздің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін агроөнеркәсіптік кешенді уақытылы қаржыландыру мәселесі стратегиялық болып табылатыны осының айғағы.

Биыл ауданда 134810  га жерді игеру жоспарланғаны белгілі. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 14098 гектарға артық. Сонымен қатар өнімді мол беретін дақылдарға аса көңіл бөлінуде.

Президент агроөндірістік кешенді нәтижелі дамыту бойынша қойған міндетті жүзеге асыру мақсатында қордайлық диқандар егін алқаптарының көлемін ұлғайтып, мол өнім алуды көздеп отыр. Мәселен, Қуанышбек Әбдіқалықов басқаратын «Ауқаттылық» шаруа қожалығы барлық көрсеткіштер бойынша үлгілі болып саналады. Шаруашылық 1100 гектар алқапқа дәнді-дақылдар өндірісінің заманауи технологияларын енгізуде.

Шаруа қожалығының басшысы көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдауға ризашылығын білдіріп, Мемлекет басшысының қолдауы мен қамқорлығының арқасында экономиканың бұл саласының дамуы қарқын алып, жобаларды іске асыруға мүмкіндік бар екенін айтады. Қ.Әбдіқалықов бұл агроөнеркәсіптік кешенде шаруа қожалықтарының тиімді дамуының маңызды шарты екеніне сенімді.

Биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарына жеңілдікпен несие алып, 100 тонна «Бәйшешек» сұрыпты арпаның сапалы тұқымын сатып алған, арпа 550 гектар жерге егіліпті. Мол өнім алуды көздеп отырған қожалықта жұмыстар жоғары агротехникалық деңгейде жүргізілген.

— Жеңілдікпен субсидиясыз біз жұмыс істей және өсе алмаймыз. Мәселен, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан лизингке комбайн алуға көмек көрсетіледі, — дейді Қуанышбек Әбдіқалықов.

Қазір шаруашылықта дәнді дақылдардың элиталық сұрыптарына аса мән берілуде. Жаздық арпа 800 гектарға, күздік бидай 25 гектарға, жүгері 25 гектарға, көкөніс 60 гектарға егілген, оған қоса азықтық дақылдар бар.

Шаруашылық техникасын жаңартып, екі «Essil» комбайнын сатып алған. Оған қоса лизингке алынған екі жаңа «Lovol» тракторлары мен үш жаңбырлатып суғару қондырғылары жұмысты айтарлықтай жеңілдетпек. Сонымен қатар жақын арада лизингке алынған екі жаңа трактор қожалықтың техникалық базасын байыта түскелі тұр. Шаруашылықта кадрлар тапшылығы жоқ, жаңа заманауи техникада жастар жұмыс істейді. Заманауи машиналардың арқасында фермер егіс алқаптарын ұлғайтуды көздеп отыр екен.

Шаруа қожалығында егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы қолға алынған. Ол бағыттағы жұмыстар жандана түскен.

«Ауқаттылық» ШҚ ұжымы егін шаруашылығында да, мал шаруашылығында да үнемі жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Бұл әрине ынтымақты ұжым жұмысының нәтижесі.

Пікір қалдыру