• Валюта бағамы: USD 84.39 | EUR 14.76 | RUB 350.6 | CNY 135.98 |

Б Сапарбаев жұмыс сапарымен Қордай ауданында барды

0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Қордай ауданында барды. Алдымен Сарыбұлақ ауылдық округінде орналасқан «Самғау» шаруа қожалығынның егіс алқабына ат басын бұрған аймақ басшысы қожалық иесі Евгений Трубниковтен биылғы егістің ахуалы жайлы сұрады.

2013 жылы құрылған шаруашылықтың 478,3 гектар жері бар. Биыл тамшылатып суару технологиясымен 100 гектарға пияз, 95 гектарға жүгері еккен диқан алқапқа су беруді 10-12 күн ішінде бастауды жоспарлап отырғанын айтады.

– Тамшылатып суаруға арналған станция орнатылған. Ендігі кезекте ленталарды тарту ғана қалып тұр, – деген Е.Трубников аталмыш су мәселесі аудан диқандарын алаңдатып отырғанын екенін жеткізді. Өз кезегінде облыс әкімі Қырғыз елінен келетін судың төңірегіндегі түйткілді шешу жайы назарға алынатынын айтты.

 Евгений Геннадьевич жүгері мен пияздан бөлек кішігірім алқапта көкөніс өсіретіндерін атап өтті. Алдыңғы жылдары қант қызылшасын егіп келген ол тәтті түбірді тасымалдау ақысы қымбаттағаны себепті шығынға ұшырамау үшін жүгеріге көшкен екен. Бұдан бөлек, соя өсіруге де ниеттенген шаруа бұршақ тұқымдас өсімдіктің жерсінбеуіне байланысты бұл бастамасын да тоқтатқан.

Алқап басында айтылған барлық мәселелердің міндетті түрде шешімі қарастырылатынын жеткізген Б. Сапарбаев ат басын Қақпатас ауылдық округінде орналасқан «Дидар» шаруа қожалығының егіс алқабына бұрды. Аталған қожалық та тиімді технологияны енгізуді қолға алған екен. Осылайша тамшылатып суару арқылы 34 гектарға пияз еккен диқандар бұдан бөлек 40 гектарға күздік бидай, 20 гектар алқапқа арпа сеуіпті. Егіс даласына «Қақпатас» су қоймасынан канал арқылы су келіп тұр. Бидай алқабын аралап көрген аймақ басшысы уақытында су берілмей, өнімсіз қалуды болдырмау үшін аталған жайтты нықтап назарға алуды тапсырды.

Келесі кезекте облыс әкімі жоғарыда аталған «Қақпатас» су қоймасындағы ахуалмен танысты. 1988 жылы салынған жасанды су айдыны 10,5 миллион текше метр су сыйғыза алады. Бүгінде 1200 гектарды суарып отырған қойма секундына 3,6 текше метр көлемде су босатуға қауқарлы. Алқаптарға су тарайтын арналарға ылғалды ысарап етпей жеткізетін ұзындығы 8 шақырым бетон канал да салынған. Су тоқтататын бөгет басында «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев өңір басшысы су қоймасының қазіргі жағдайымен таныстырды.

Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы суды ысырап етпеу мақсатында салынған бетон каналды салу өте ұтымды шешім болғанын айтып, өзге су қоймаларында да осындай жүйелерді салу жайын қарастыру керектігіне тоқталды.

Сонан соң аймақ басшысы Отар ауылдық мәдениет үйінің құрылыс алаңында болды. 180 орынға арналған өнер ошағын салу жұмысымен «А-Байсын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Облыс әкімі биылғы жылдың мамыр айының 25-інде толық аяқталуы тиіс болған жұмыстың әлі де бел ортасынан аспай тұрғанын қатаң сынға алды. Кемшілікті жоба басшысы Жеңіс Жұмалиев те мойындап отыр.

Құрылысшылардың санын көбейтіп, жұмысты ширату керегін айтқан өңір басшысы нысанның ішін аралау барысында жобалауда кеткен бірқатар кемшіліктерге тоқталды.

– Ауылдық мәдениет үйі үшін сахна тым тар жасалған. Бұл жерде қос қапталында тұрған қосымша бөлмелердің артық екені анық көрініп тұр. Ертең мерекелік шаралар кезінде мұнда ән де айтылады, би де биленеді. Сол уақытта адам айналып жүре алмайтын қуаықтай сахнаның дұрыс емес жасалғаны бірден байқалады. Сол себепті аталған кемшілік дереу түзетілсін, – деді аймақ басшысы.

Өңір басшысының ауданға сапары Гвардейск қалашығындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институты қызметкерлеріне арналған көпқабатты үйлердің құрылыс алаңында жалғасты. Мұнда 60 пәтерлі бір тұрғын үй пайдалануға беріліп үлгерген. Қосымша тағы 2 үйдің құрылысы жүруде. Олардың әрқайсысына келісім шарт бойынша 833,1 миллион теңгеден қарастырылған.

«Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысып жатқан нысандарда құрылыс қарқынды жүруде. Дегенмен, оны бәсеңдетуі мүмкін жағдайлар да жоқ емес. Мердігер компанияның директоры Марат Рахымбердиевтің айтуы бойынша, соңғы бірнеше тәуліктің ішінде құрылыс материалдары күрт қымбаттап кеткен.

Өз кезегінде аймақ басшысы ҒЗИ қызметкерлеріне арналып салынып жатқан үйлердің құрылыс барысын көру үшін арнайы келгенін айтып, жағдайды шұғыл бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ өзара байланыс орнатып, біржақты шешімін табу қажеттігін айтты.

Келесі кезекте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қалашықтағы иммундық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауытта болып, ғылыми кешенде штаб отырысын өткізді.

107Жарияланған күні


Пікір қалдыру