• Валюта бағамы: USD 84.39 | EUR 14.76 | RUB 350.6 | CNY 135.98 |

МЕМЛЕКЕТ ҚАМҚОРЛЫҒЫН СЕЗІНГЕН ШАРУАШЫЛЫҚ

0

Қордай ауданы көршілес Қырғызстанға суармалы су жағынан 80 процентке тәуелді екені белгілі.

Мамандардың айтуы бойынша су тапшылығы мәселесін шешу әлі де уақыт пен қомақты қаржыны талап етеді. Ендеше қазіргі таңда бұл проблеманы шешудің бір ғана жолы  қарастырылуда. Ол – ылғалды үнемдеу технологияларын қолдану.

Мемлекет бұл бастаманы қолға алып, тиісті бағдарламалар әзірлеп, диқандарды озат технологияларға көшіруге мықтап кіріскен. Мұны түсінген шаруалар мол өнім алу мақсатында ғылыми тәсілдерді қолдана бастады. Солардың бірі «Карбоз» ШҚ басшысы Қайрат Жолдасбаев. Степной ауылдық округіне қарасты шаруашылық мал шаруашылығымен қатар егін егумен айналысады. Шаруа қожалығының басшысымен біз жұмыс орнында кездестік. Биылғы көктемнің жауынды болуына қарамастан шаруашылық басшысы техникаларды тексеріп, қызметкерлеріне тапсырма беру үстінде екен. Қайрат Рахымбайұлы жаңбырлатып суғару қондырғысын сатып алған.

Бірнеше жыл қатарынан су тапшылығын шешу жолдарын іздестірген іскер басшы «Тараз» шағын қаржы ұйымы арқылы аталмыш қондырғыны алуға бел буған.

«Менің 180 га тәлімдік және 270 га суармалы жерім бар. Кейінгі жылдары пайда болған суармалы су мәселесі салдарынан бұл проблеманы шешу жолдарын іздеуге тура келді. Қордай ауданындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының филиалына жолықтық. Ондағы мамандардың көмегімен бағдарламаға қатысуға өтінім тапсырдық. Барлығын есептеп, лизинг шарттары тиімді екеніне көзіміз жеткен соң лизингке құны 5,1 млн.теңге  болатын қондырғыны 5 пайыз мөлшерлемемен сатып алдым. Оған қоса мемлекет қондырғы құнының 50 пайызын өзі жауып береді. Бұл аппараттың дизель қозғауышына жалғанатын мобильді қондырғысы өте ыңғайлы, шлангасының ұзындығы 300 метрге жетеді. Суғару оңай, ең бастысы суды үнемдеу қамтамасыз етілген», — дейді Қайрат Жолдасбаев.

Аталмыш шаруа қожалық мемлекет көмегіне осыған дейін де жүгінгендігін айта кеткен жөн болар.  «Қазагроқаржы» АҚ арқылы құны 38 миллион теңгелік «Essil» комбайнын сатып алған. ШҚ басшысы несиені уақытылы төлеп, жақын арада қарызды түгел жабатынын айтады. Жаңа техника өнімді шашау шығармай жинайтын ерекше қасиеттерге ие. Одан басқа мемлекеттің қолдауымен белоруссиялық «МТЗ-950» және қытайлық «LOVOL-604» атты екі трактор бүгінде шаруашылықтың жұмысына мықтап жұмылдырылған. Жаңа техника диқандардың көңілінен шыққанын алған өнімі мен биылғы жылға жасап отырған жоспарларынан да байқауға болады. Мәселен, биыл 450 гектардың 40 гектарына жоңышқа себу жоспарлануда, жаңбырлатып суару қондырғысы осы алқапқа орнатылмақ. Одан басқа 70 гектар жерге дәндік жүгері, 20 гектарға көкөніс пен бақша дақылдары егіліп, қалғаны мал азығына қажетті бидай мен арпаға бөлінген. Жоғарыда атап өткеніміздей шаруа қожалығы егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығымен де айналысады. Қайрат Рахымбайұлының айтуынша, бүгінгі күнге «Карбоз» шаруа қожалығында «Еділбай» қой тұқымының 500 бас саулығы және шамамен 100 бас қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малы бар екен. Еңбек өнімділігін арттыруды көздеген  шаруа бұл мал тұқымдарын әдейі таңдап алған. Ірі қараны Павлодар облысынан алып келген. Қазір 1,5 жасқа толған өгізшелердің есебінен тыңайтқыш пен жанар-жағармай шығынын жауып, мүмкіндіктерді кеңейту жоспарлануда. Фермерлердің көбі кадр тапшылығынан қиналып жүргенде Қайрат Жолдасбаев бұл мәселені шешу жолдарын тапқан. Шаруа жұмысшыларды жұмыспен қамту орталығы арқылы табады. Жақында орталық жолдаған тракторшы мен жүргізушіні жұмысқа қабылдапты. Жалпы шаруашылықта тұрақты жұмыспен 9 адам қамтылса, маусым кезінде қосымша жұмысшылар тартылады. Фермердің айтуынша жұмысшылардың жалақысы олардың атқарған жұмысына байланысты, дегенмен орташа жалақы шамамен 100 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда сақман және егін егу жұмыстары қарқын алған.

Пікір қалдыру