• Валюта бағамы: USD 84.39 | EUR 14.76 | RUB 350.6 | CNY 135.98 |

Балалардың бал күлкісі үшін

0

1 маусым халықаралық балалар күні дәстүрге сай аталып өтті. Биылғы жылдың бір ерекшелігі мейрам аудандық балаларлды оңалту және бейімдеу орталығынан бастау алды. Оларға ертегі әлемінің кейіпкерлері, мың бұралған бишілер, естен кетпес сыйлықтар ерекше көңіл күй сыйлады. Бүгінде бұл орталықта отыздан астам балалар тәрбиеленуде. Мерекеге орай олар алаңды безендіріп, қонақтарға да көтеріңкі көңіл күй сыйлауда. Балалар салған суреттер, өз қолдарымен жасаған бұйымдар мен әшекейлерден көрме жасалған. Бұл күнгі іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықов және аудандық мәслихат депутаттары мен балалардың ата-аналары да арнайы келіп қатысты.

Алғашқы құттықтау сөз алған Дамира Маратқызы алдымен бүлдіршіндерге аудан әкімінің құттықтауын жеткізді. -Бүгінгі күн балалар үшін ең қуанышты күн. Біз әрдайым олардың тәтті күлкісі үшін бүлдіршіндерге уақыт бөліп, тәрбиелеріне мән беруіміз керек. Осы бағытта ауқымды жұмыс атқарып келе жатқан осы орталық қызметкерлеріне үлкен алғыс айтамын және жұмыстарына сәттілік тілеймін, — деді аудан әкімінің орынбасары. Осыдан кейін сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықовта балаларды көптен күткен мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Одан кейін аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері ұсынған мерекелік бағдарлама көптің көңілінен шықты. Әсіресе өздеріндей кішкентай балалардан құралған «Ромашка» балалар вокал тобының әндері көрерменнің қошеметіне бөленді. Осы күні жыл сайын ауданның кәсіпкерлері, сауда орталықтары мен бірқатар мекемелер осы балалар мекеніне келіп, сыйлықтарын ұсынып тұрады. Бұл үрдіс осы күні де жалғасын тауып, қайырымдылыққа қол созып отыратын жандар балалар үшін сыйлықтары мен тәттілерін таратты. Ал, іс-шара соңында мерекеге қатысушылар балалар жәрмеңкесіне қатысты. Онда бүлдіршіндердің қол өнерлерін тамашалап, орталыққа деген қолдауларын білдірді.

Пікір қалдыру