• Валюта бағамы: USD 84.39 | EUR 14.76 | RUB 350.6 | CNY 135.98 |

Қордай ауданындағы барлық мектептерде соңғы қоңыраудың сылдыры естілді

0

25 мамыр күні Қордай ауданындағы барлық мектептерде осы оқу жылғы соңғы қоңыраудың сылдыры естілді. Он бірінші сыныпты бітірген жас түлектер жаңа өмірге жолдама алса, күні кеше «тарыдай болып» мектеп табалдырығын аттаған балақайлар бір сыныпқа көтеріліп, есейді.Қордай ауылдық М.Ломоносов атындағы №2 орта мектепте таңертенмен ерекше қарбалас. Қолдарына бір шоқ гүлін ұстап, жарасымды мектеп формасын киген балақайлардың езуінен мерекелік көңі-күйі алыстан байқалады. Барлығы у-шу болып, шырқырап, қуануда. Сонымен қатар, ата-аналар мен ұстаздардың, мектеп бітіруші оқушылардың жүздеріндегі алаулаған шаттықты, көздеріндегі шуақты нұрды, көңілдеріндегі алабұртқан сезімді көргенде, кімнің де болса жан дүниесі толқымай тұра алмайды.Биылғы соңғы қоңырау өзгеше өтті.

Әдеттегідей мектеп алдында сарбаздай сап түзейтін оқушылар осы жолы өз сыныптарында отырды. Бұл бүкіл әлемді әбігерге салған індеттің кері әсері. Десе де, одан оқушылардың мерекелік көңіл-күйі кемімеді. Тәуелсіз еліміздің Әнұранын айтқанда, оқушылар оң қолдарын жүрек тұсына қойып, Әнұранның сөзі мен әуенін әсем үндерімен әуелететкенде сынып ішін керемет бір толқын кернеп кеткені анық. Биыл №2 орта мектептен 3 сыныптың 63 оқушысы түлеп шығады. Оның үшеуі «алтын белгімен», төртеуі «үздік» бітірді. Мектеп директоры Индира Даутқұлова әр сыныпқа кіріп, оқушыларды құттықтап, ізгі тілектерін арнап шықты. — Сіздер өміріңіздің жаңа парағын ашқалы жатырсыздар. Алда ҰБТ және емтихандар тұр. Шын жүректен сәттілік тілеймін. Біз сіздерді әрқашан мақтан тұтатын болайық, — деді мектеп директоры. Айта кету керек, 2020-2021 оқу жылында аудан бойынша 11 сыныпты 1417 оқушы аяқтайды деп жоспарлануда. «Алтын белгі» төс белгісіне — 23, «Үздік» аттестатқа — 22 түлек үміткер саналады. Ендігәрі соңғы қоңыраудың жалғасы оқушылардың жазғы демалысына, түлектердің сынақ тапсыруына, жоғары оқу орнына түсу арманына ұласатын болады.

Пікір қалдыру