Бүгін Қордай ауданына жұмыс сапарымен Жамбыл облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков келіп, бірнеше нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Облыстық мәслихат хатшысымен бірге аудан әкімі Рүстем Дәулет және аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықов жүріп, Отар ауылына ат басын тіреді.Бірінші кезекте билік өкілдері Отар ауылдық Спорттық-сауықтыру кешеніне кіріп шықты. Жақында ғана қолданысқа берілген спорт кешенінің есігі бүгінде барлық тұрғындарға ашық.
Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дидар Молдағалиев қонақтарды спорт нысанымен толықтай таныстырып шығып, жұмыс істеп жатқан спорт секциялары жайында баяндап берді. Оның айтуынша, бұл кешенде 7 түрлі спорт түрі бойынша жаттығулар жүргізіледі. Спрот кешені барлық керек жарағымен толықтай қамтылған. Балалардың спортпен шұғылдануға деген ынталары жоғары. Себебі, бұл оладың көптен күткен арманы еді. Дидар Молдағалиев болашақта Отар ауылынан мықты спортшы шығатынына үлкен үміт артады. Сонымен қатар ол Махметғали Сарыбековке аудан спортшыларының жеткен жетістіктерін тізіп, жақында ғана бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатынан қола жүлдемен оралған жерлесіміз Дияс Молжігітовты ерекше атап өтті. Өз кезегінде балақайлардың жаттығуларын көрген Махметғали Нұрғалиұлы оларға үлкен белестерге жетуін тіледі.Осыдан кейін Махметғали Сарыбеков құрылысы қарқынды жүріп жатқан мәдениет үйіне соқты. 180 орындық өнер ошағын «А-Байсын» ЖШС жүргізуде. Жобалық құны 296 миллион теңгені құрайтын нысан құрылысы жақын арада аяқтылуы тиіс. Қазіргі уақытта ғимараттың шатырын жабу, ішкі және сыртқы әрлеу жұмысы жүруде. Жақында ғана облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың сын-тезіне іліккен мәдениет үйінде айтылған кемшіліктерді жою жұмысы да атқарылуда. Махметғали Нұрғалиұлы көптеген елді мекендерде мәдениет үйлерінің кішігірім ғана етіп салынып жатқанын айтып, 180 орындық ғимаратты салу дұрыс шешім екенін атап өтті.