• Валюта бағамы: USD 84.39 | EUR 14.76 | RUB 350.6 | CNY 135.98 |

Қордай өңірі дамудың даңғыл жолында

0

Бетқайнар ауылындағы Төле би және Юбилейная көшелерінде жарық диодты шамдар орнатылды. Заманауи энергия үнемдеуіш лампалар тиісті сапа стандарттарына сай келеді.

Жарықтандыру жұмыс-тарына өз үлесін қосқан мамандарға рахмет, — деп ризашылықтарын білдіруде ауыл тұрғындары. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары жалғасын табады, — дейді Бетқайнар ауылдық округінің әкімі Талғат Үрүстемов.
Қазіргі таңда Бетқайнар ауылында ауыл тұрғындарының қолайлы өмір сүруі үшін көптеген әлеуметтік маңызды мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда.

Сарыбұлақ ауылдық округінде көгалдандыру жұмыстары қолға алынып, жас көшеттерді отырғызу қарқын алған. Қарағай, шырша, туя, жеміс ағаштары отырғызылып, бүгінде тамыр тартып, көктей түскен. Оған қоса ауылдық саябақта 200 емен көшеттері отырғызылды.
Суару жұмыстарын жергілікті шаруа қожалықтары қолға алған.
Ауыл тұрғындары түгел абаттандыруға атсалысып, көшелерді ретке келтіріп, арықтарды қыстай жиналып қалған қоқыстан тазалады.
Ауылдық округте қоршаған айналаны қорғау бойынша акцияларды өткізу дәстүрге айналған. Ауыл тұрғындары отырғызылған ағаштарға күтім көрсетіп, келесі жылы еңбектерінің жемісін көрмек. Туған жерді және табиғатты құрметтеу – біздің азаматтық борышымыз, туып-өскен ауылымызды көгалдандыру өмір салтымыз бен күнделікті жұмысымыз болу керек, — дейді сарыбұлақтықтар.

«Жомарт түлек» жобасы аясында ауданнан шыққан азаматтар туған мектептеріне, ауылдарына көмек көрсетіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып келеді.


Осындай игі істің бірі Қарасай ауылында қолға алынған. Ауылдың тумасы Руслан Тойғұловтың бастамасымен ауылда «Street Workout» алаңшасының құрылысы басталған. Бұл ауыл тұрғындарын спортқа баулу және жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін қолға алынған шара.

Бұл алаңшалар балалардың спортпен айналысуы үшін жасалынуда, — дейді Қарасай ауылдық округінің әкімі Күлжахан Елемесова.
«Street Workout» спорттық қозғалысына қызуғышылар саны артып, зейнеткерлер де жаттығуларға қатысып, белсенділік танытуда. Қарасайда спортпен шұғылданатын жастар аз емес, сондықтан бұқаралық спортты дамыту қолға алынған. Бұл, әрине, жастар мен оқушылар үшін қуантарлық жағдай, нәтижесінде салауатты өмір салтын ұстанушылардың саны жыл сайын артып келеді.
Спорт алаңшасында турник, қоссырық және басқа жаттығу снарядтары орнатылады, бұл спорт әуесқойлары қолжетімді болады.
Оған қоса биыл Қарасай ауылында жаңа дене шынықтыру- сауықтыру кешеннің құрылысы жоспарланған, бұл бұқаралық спортты дамытуға үлкен септігін тигізетін болады.

Сұлутөр ауылдық округі газдандыру бағдарламасына енгізілген мекен. Бүгінгі күнге табиғи газға қосылуға ниет білдірген 125 ауыл тұрғынымен келісім шарт түзілген. Ауылға табиғи газ кірсе тұрғындар отын мен көмір дайындаудан құтылып, тұрмыстық жағдай жақсарып, бірқатар проблемалар шешілмек. Енді газ пештерін сатып алып, табиғи газ желісіне қосылу ғана қалды.
Әлеуметтік маңызы бар нысандар арасында «көгілдір отынға» ауылдық мектеп қосылады.
Естеріңізге сала кетсек, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Қордай ауданында газ құбырларының құрылысы қарқын алған. Ауданды газдандыру жұмыстары облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жеке бақылауында. Аталған жоба нәтижесінде табиғи газбен ауыл тұрғындары, жүздеген әлеуметтік сала және кәсіпкерлік нысандары қамтылады.

Пікір қалдыру