• Валюта бағамы: USD 90.82 | EUR 13.03 | RUB 343.69 | CNY 175.74 |

Облыс әкімі: «Қолға алынып жатқан жоба қоғамдағы әлеуметтік масылдық үрдісіне жол бермейді»

0

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Мартонмен және ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімовпен кездесті.

Кездесу барысында екі жақты  тарап түрлі салалардағы  ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Жан-Франсуа Мартон өңірлік деңгейде, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласында өзара тиімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі екендігін білдірді.

— Біздің облыс агроөнеркәсіптік аймақ болып саналады. Өңірдің әлеуеті зор, бұл көптеген бірегей жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Облыс халқының 60 пайызы ауылдық жерлерде тұрады.

Қазіргі таңда  жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту бойынша кешенді жұмыстар қолға алынып жатыр. 2019 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі ауыл тұрғындарының табысын арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді ұлғайту, жұмыссыздықты төмендетуге бағытталған жобаны қолдаған болатын. Бүгін ол бес бағыт бойынша жүзеге асуда. Нәтижесінде жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайына, жұмыссыздық мәселесіне де  оң әсерін тигізіп отыр. Бұл өз кезегінде қоғамдағы әлеуметтік масылдық үрдісіне жол бермейді.  Қолдау барлығына қолжетімді. Жалпы жобаның нәтижесі, әлеуметтік әсері айтарлықтай байқалуда, – деді облыс әкімі.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту мақсатындағы пилоттық жобаға айрықша көңіл бөлініп отырғандығын баса айтты. Осыған орай жобаның ауқымын кеңейтіп, еліміздің барлық өңірлеріне тарату  шаралары қабылдануда.

Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы жобалары мен бағдарламаларының үйлестірушісі Қанат Қайырберлі Қазақстанмен әріптестіктің 2020-2025 жылдарға арналған негіздемелік стратегиясының іске асу барысы туралы баяндады.

Сондай-ақ, кездесуде жол инфрақұрылымын, ирригациялық жүйелерді және әлеуметтік саланы дамыту жобалары талқыланды. Талқыланған әрбір мәселе жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне, облыс экономикасының  дамуына айтарлықтай үлесін қосады деп күтілуде.

 

Пікір қалдыру